Қазақстанда тауық еті аяқ астынан екі есеге қымбаттап кетті
Қазақстанда аяқ астынан тауық еті тапшы болып кетті. Саудагерлердің сөзіне сенсек, Ресейден тауық етін кіргізуге тыйым салғаннан кейін отандық өндірушілер де өндірісті азайтқан. Саудагерлер бір аптадан аса уақыт тауарсыз отырған. Ал бұдан кейін дүкен сөрелерінде пайда болған тауық етінің бағасы екі есеге өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Саудагер Ирина Шишкина құс етінің аяқ астынан тапшы болғанын айтады.“Соңғы апта мүлде тауарсыз қалдық. Тауық еті майдаланып кетті. Сыбыстарға сенсек, біресе “Адель”, біресе “Алатау құс” жұмыс істемей қалған. Ешкім ештеңе айтпайды, түсіндірмейді. Ет жоқ, болды”, – дейді саудагер.
Тауар пайда болған кезде, оның бағасы күрт өсіп кеткен. Бәрінен бұрын сүбенің бағасы аспандаған. Қазақстандық өнімнің бір келісі – 1700, ал шетелден әкелінгеннің бір келісі – 1900 теңге тұрады. Осы уақытқа дейін қолжетімді болып келген тауық еті енді көпшілік үшін арманға айналды.
“Адамдар бұрылып кете береді, себебі бұл кәдімгі еттен де қымбат”, – дейді саудагерлер.
Бар мәселе санитарлық дәрігерлер Ресейден әкелінген еттен қауіпті бактериялар тапқаннан кейін басталды. Қара тізімге 11 компания өнімі кірді. Ал жақында тағы екі ресейлік және бір белоруссиялық фабрикаға шектеу қойылды. Алайда мамандар ет бағасына бұл әсер еткен жоқ деп сендірді.
“Ет пен жұмыртқаның өзіндік құнының 70%-ы жемге кетеді. Қалған 30% – салық пен басқа шығынға кетеді. Жем 10-15 теңгеге қымбаттады, тағы логистика бар. Қазір бәрі қымбаттап барады. Шығар жол жалғыз ғана – мемлекет дүкен сөрелерінде арзан еттің пайда болуын субсидиялау қажет”, – дейді Қазақстан құсбегілер одағының президенті Руслан Шәріпов.
Өткен жылы отандық фабрикалар 180 мың тонна ет өндірген. Биыл бұл көрсеткішті 50 мыңға арттыруды көздеп отыр. Әйтсе де, мамандардың сөзіне сенсек, бұл қазақстандықтар үшін жеткіліксіз. Егер де ресейлік және белоруссиялық етке рұқсат етілмесе, құс еті тапшылығының алдын алу мүмкін емес.
Stan.kz