«Қазақтың Джим Керриі»: Тойда пародия жасаған баланың кім екені белгілі болды
Тойдағы әншіге пародия жасап, бір күнде желі жұлдызына айналған «Қазақтың Джим Керриінің» кім екені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kzпорталына сілтеме жасап.
Видеодағы бала Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының 10 жасар тумасы Абылай Алмахов болып шықты. Анықталғандай, ол пародияны ұнатады екен.
Желіде тараған видео 13 шілдеде Жезқазғанда өткен ағасының тойында түсірілген.
Оқушының анасы Гүлшат Байтоқанова ұлының тойда әнші ән шырқап жатқан кезде әзілдеп, ойнағанын айтады. Осылайша, Абылай пародия жасаған уақытта ата-анасы оны камераға түсіріп алыпты. Артынша олар видеоны туыстарына жіберген. Алайда желіде тарап кеткенін білмепті. Сондықтан ұлдарының бір-ақ күнде желі жұлдызына айналғаны ата-анасы үшін күтпеген жағдай болған.
«Ұлым үнемі үйдегілермен әзілдесіп, әлдекімге пародия жасап жүреді. Оның мұндай өнерін жиі видеоға түсіріп аламыз», - дейді анасы.
Қыркүйекте 5-сыныпқа баратын Абылай дзюдомен айналысып, чемпион болуды армандайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін желіде тойда ән шырқаған әншіге пародия жасаған баланың видеосы тарап, жұртты күлкіге қарық қылған еді.