» » Даңғазалық даңққа бастайтын жол емес

Даңғазалық даңққа бастайтын жол емес

Абай атамыз сынаған бойымыздағы кемшін қасиеттерден арылатын, ой-санамызды құлдықтан босатып, еркіндік беретін кез әлдеқашан жетті. Ысырапшылдық пен астамшылық, мақтанпаздық пен бекерге мал шашпақтық ұлтты өрістетпейтіні анық.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жоғарыдағы ойдың түйінін тарқата айтты. Сондай-ақ саяси құжатта «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» керектігі айтылып, ұлтты өсірудің орнына өшіретін, жүректі қарайтып адамды рухани әлсіздікке апаратын кері қасиеттерді атады. Бұлар қазіргі қоғамда орын алып жатқан, ешкімге таңсық емес дүниелер. Күнделікті көріп жүрген келеңсіздіктер – қол жеткен жетістікке масаттану, білім, ақыл, адамгершілік қасиеттермен емес, атақ, даңқ, ақшаға арқа сүйеп өзіңді өзгеден жоғары ұстау, аста-төк ысырапшылдық, тағысын тағылар. Бәрі жарқын болашаққа деген сенімнен гөрі көкірек көзінің қараңғылығынан бір күнді ойлаумен шектеледі.
Жалпы рухани жаңғыру – ұлттық сананың жаңғыруы. Кеңес одағының саясатынан арылып, еліміз егемендікке қол жеткізген кезеңнен бастап ұлттық ерекшеліктеріміз оралып, болмысымыз айқындала түсті. Елбасы мақаланы жариялаған тұста зиялы қауым өкілдері оң пікірлерін білдіріп, жан-жақты қолдау көрсетті. Жер-жерде рухани жаңғыруды негізге алған жиындар, шаралар өтті. Дегенмен көреген көшбасшы ұлттық сананың жаңғырып, кириллицадан ауыспайынша, қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеру, бәсекеге қабілетті ел болу қиынға соғатынын түсінді. Тәуелсіздік алғаннан бастап әр жылдары қазақ әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру мәселесі көтеріліп жүр. Жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін түгел латын графикасына көшу қолға алынды. Мұндағы мақсат – тіліміздегі шұбалаңқы, артық дыбыстардан арылып, өзімізге ыңғайлы әрі ықшам әліпбиді енгізу.
Біз жоғарыда адамды жарық дүниедегі жиюы керек адамдық қасиет, амалдан біржола алыс­тататын ысырап­шылдық турасында айттық. Бұл жайында әріп­тес­терім газет бетінде талай қалам сермеп, қоғамдағы елең еткізер мәселелерді көтерді. Бірнеше мәрте қазақ той әлеміндегі ша­ма-шарыққа бой­ламай шашылудың, ысырап­шылдыққа ден қоюдың басы өтірік мақтан­гер­ліктен, өзге­лер­ге еліктеуден, жалған намыстан туаты­нын тілге тиек етті. Мен де қолы­мызға әлемді сый­ғызған алақандай ғана құрылғыдан көрге­німді айтқым келіп тұр. Қазақ «Ас атасы – нан» деп, нанның өзі тұрмақ қиқы­мын да жерге тастамаған. Кішкене қиқымының өзі аяқ астын­да жатса, жоғары көте­ріп қойып немесе құс жем қылсын деп ағаш басына салып қоятын. Кез келген баладан сұрасаңыз да «нанмен ойнауға болмайды», «нанды шашуға, қиқымын төгуге болмайды», «аяқпен басуға болмайды» деп сайрай кетеді. Бұл дегеніңіз ата-ана әлі жан-жағын танып, білмеген баласының құлағына басқадан бұрын нанның қасиетін ұғындыратынының дәлелі. Бірақ соңғы кездерде болашақ ұрпақ үшін алаңдауға себеп туды. Өйткені болашақ ұрпақты дүниеге әкелетін, оларды тәрбиелейтін бүгінгі буын қазақтың қасиетінен аттап, батыстың мәдениеті былай тұрсын, ойын-сауық, қылжақтарына дейін талғамай жұтуда. Әлеуметтік желіде жағаңды ұстатып, еріксіз Алладан кешірім сұрататын видеолар тарап жатыр. «Челлендж» деп аталатын дәстүр шоу бизнес өкілдерінен бастап, қарапайым жастарға да жетті. Олар бірінен бірі қалыспай, ұнды шашып, денелеріне жағып, ең сорақысы ыдысқа салып, аяқпен илеп оны желіге жүктеуде. Нанның киесінен қорықпаған мұндайлардың бәрін масыққанның кейпін кигендер деуге болады. Батыстық менталитетті тұтынған жастар туған күндерінде де тортты беттеріне жағып, аяқасты етіп, ысырапшылдыққа жол беруде. Әлеуметтік желідегі парақша әркімнің өзіне тиесілі екені белгілі. Бірақ кез келген адам осы елдің азаматы болған соң ортақ заңға, сол ұлттың құндылығын құрметтеуге міндетті. Алайда біздің қоғамда неге осындай жүгенсіз жүргендерді жазалайтын заң жоқ? Нанның қасиетін білмеген, білсе де киесінен қорықпаған көкірегі қараңғы, ұяттың ауылынан алыс қалған осындайларға неге әліміз жетпей келеді? Осы «челлендж» қуғандардың кесірінен нанның киесі ұрмасына кім кепіл? Біреулер бір үзім нанға зар, біреулер оны аяққа басуда. Жаппай батыстану жолында Жаратқанның алдындағы шүкірлікті, ата-баба дәстүріне, дінімізге деген құрметті ысырып қоюдың арты жақсылыққа апармайтыны бесенеден белгілі. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» демекші, масыққанды тәубесіне келтіретін бір заңның жоқтығы-ай...

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ



23 шілде 2019 ж. 821 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930