"Керек десең, тізімде жоқпыз": Арыстықтар 100 мың теңгенің бір тиынын да көрмедік деп ашуланды
Жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындарына 100 мың теңге көлеміндегі өтемақы қашан берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі.
Күні кеше үкімет басшысы Асқар Маминнің Арысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қазіргі таңда өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Айтуынша, барлық құжат жиналып қойған. ІІМ базасымен тексеріліп расталған. Басым көпшілігінің бір реттік карточка рәсімдеуі үшін есепшоты ашылып, қазіргі таңда кәмелет жасына толмағандарға төлем карточкасын рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.«Төлем карточкалары 5 тамыздан бастап таратылатын болды», - деді Өмірзақ Шөкеев Арыста Асқар Маминнің қатысуымен өткен жиында.
Ал Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек төлем карточкаларын тарату 5 тамыздан басталып, бір апта жүргізіледі деп отыр. Қаржы барлық тұрғынға бір сәтте, яғни, 12 тамызда аударылады.
Алайда Арыс тұрғындары билік құрғақ уәдемен тойдырып отыр ма деп алаңдаулы.
«Бізге жарылыстан кейін бір ай өткен соң береді деді. Құжаттарымызды тапсырдық. 24 шілдені күттік, кейін айтты 29-ына беріледі деп. Оны да күттік. Жоқ, ешбіріміз әлі алмадық оны. Керек десеңіз, естіп жатырмыз, кейбір тұрғындар тізімнен өздерін таппай жатыр екен. Мекенжайы бойынша бірі Қостанай, енді бірі Арқалық тұрғыны болып шыққан. Бұлар ақша аудармау үшін осылай әдейі жасап отыр ма?» деп ашуға булықты тұрғындар.
Айта кетейік, шілде айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Түркістан облысының әкімі арыстықтарға өтемақы шілде айының соңына дейін таратылатынын айтқан болатын. Алайда тамыз айы келіп жетсе де, Арыстың ешбір тұрғыны әлі бір тиын да алмаған.