Тапсырыспен өлтірген: Шымкентте көше ортасында танымал кәсіпкерді атып кеткен күдікті тұтқындалды
Шымкентте жергілікті кәсіпкерді тапсырыспен өлтірді деп күдіктелген ер адам тұтқындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7 қыркүйекте полицейлер жедел тергеу шараларының барысында кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен Түркістан облысының тұрғынын тұтқындады. Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу барысында қылмыстың марқұмның серіктесінің тапсырысымен жасалғаны анықталды. Серіктесі ортақ фирманың бюджетіндегі қомақты қаражатты жұмсап жіберген.
25 шілдеде қылмысқа тапсырыс беруші ұсталды. Ол өз кінәсін толықтай мойындады. Қазіргі уақытта қамауда отыр.
Оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда.
Еске сала кетсек, 19 шілдеде Шымкентте танымал кәсіпкер тапа-тал түсте өлтірілген еді. Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпкер Lexus көлігіне мініп, үйінің ауласынан шығып бара жатқан. Дәл сол мезетте коммуналды қызметкерлердің сарғылт жилетін киген белгісіз біреулер оған оқ жаудыра бастаған.
Алынған жарақаттардың салдарынан 55 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды.