Жол апатынан кейін көпір салынатын болды
Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Алматы-Шамалған өткеліне жақын жерде көпір салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Роман Скляр көпірдің жобалануы мен құрылысын келесі жылы бастау жоспарланып отырғанын айтты.
«Алайда дәл осы жерде, дәл сол өткелде салынбайды. Одан сәл қашықтау жерде салынатын болады», - дейді министр.
Сонымен қатар индустрия министрі қайғылы жағдай орын алған жерде көпір салу мүмкін еместігін айтты. Себебі онда тұрғын үйлер көп, көпір салған жағдайда оларды сүру керек болады.
«Дәл осы жерде көпір салу үшін шамамен 70 жекеменшік үй мен екі жанармай бекетін сүру керек болады. Ол бюджетте үлкен шығынға алып келеді. Сондықтан өткел қосымша құралдармен жабдықталды. Тек күзет дабылдатпасы емес, сонымен қатар көліктердің өтуіне жол бермейтін қосымша бөгеулер орнатылды», - дейді Скляр.
Өз сөзінде Роман Скляр әзірге көпірдің нақты қай жерден салынатыны анықталмағанын айтты. Ал көпірдің жобалануына 3-4 ай қажет көрінеді.
Еске сала кетсек, күні кеше дәл осы Ақсеңгір-Шамалған өткелінде жантүршігерлік жол апаты орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам.
Оқиғадан кейін станция тұрғындары көпір салынуын талап етіп, шу шығарды. Олармен кездесуге Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келді.