Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйдің жөндеуіне қажетті қаржыны жинаудың жаңа жүйесі енгізілмек
Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәжілістің пленарлық отырысында көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу үшін жеңілдікпен қарыз алудың және қаржы жинаудың жаңа механизмі туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Роман Скляр мәжілістің пленарлық отырысында "Тұрғын үй-шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырып, түзетулердің аясында көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу үшін жеңілдікпен қарыз алудың және қаржы жинаудың жаңа механизмі әзірленгенін мәлдімдеді.
"Тұрғын үй-құрылыс жинақтаушы банкінің есебі бойынша, қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме 2% жылдық мөлшерлемені құрайтын болады. Аталған схемаға жергілікті атқарушы органдар да қатысады. Олар басқару органының өтініші бойынша толық жөндеуден өткізу туралы шешім қабылдап, жобалық-сметалық құжаттардың дайындалуын ұйымдастырып, техникалық тексеру және энергоаудит жүргізеді", - дейді министр.
Сонымен қатар Роман Скляр басқару органдарының қызметтерінің ашықтығы заң жобасымен қаралатынын атап өтті.
"Осы мақсатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін әзірлеу қарастырылып отыр. Ол барлық қатысушы үшін бизнес процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұрғындар ақпараттық жүйе арқылы үй бойынша шығындар мен кірістерді бақылап, аударым мен есептердің дұрыстығын тексеріп, өзінің басқару органының қызметіне мониторинг жасап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өтініш жасай алады", - дейді ведомство басшысы.
Stan.kz