Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару туралы айтты
Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бүгін өткен мәжілістің пленарлық отырысының кулуарында Қытайда қамауда отырған Ақжарқын Тұрлыбай туралы айтты. Оның сөзінше, егер Қытай тарапы қазақстандық қызды кінәлі деп таныса, оның жазасын отанында өтеуі сұралатын болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Өз сөзінде Марат Ахметжанов Қазақстан мен Қытай арасында сотталған тұлғаларды беру туралы екіжақты келісім бар екенін атап өтті.
«Ол жақта біздің азаматшамыз отырғанын, үкімге шағымдану сатысында екенін білесіздер. Бізде Қытаймен арада сотталған тұлғаларды беру туралы екіжақты келісім бар. Сондықтан Қытай сотының ақтық шешімін күтетін боламыз. Егер ақталып шықса, өте жақсы болар еді. Ал сотталса, ол бізге жүгінуге құқылы. Оның жазасын әрі қарай Қазақстан аумағында өтеуін сұрап, сауал жіберуге құқылымыз», - дейді бас прокурордың орынбасары.
Естеріңізге сала кетсек, Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталған еді. 2015 жылы маусымда 21 жастағы қыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.
2016 жылы қарашада апелляциялық сот тыңдауы өтіп, коллегия шешім қабылдау үшін жиналыс бөлмесіне шығып кеткен еді.
Биылғы жылдың 3 қыркүйегінде Гуанчжоуда Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты сот отырысы өтті.