Бала неге «БҰЗЫҚ» болады?
Баланың қиқарлығын, жалпақ тілмен айтқанда, «бұзықтығын» «өйтпесе бала бола ма?» дегенге сүйей саламыз, ә?! Яғни, бала тым еркелікке салынып, айтқанға көнбей, ешкімге құлақ аспай айтқанында тұрып, қиқарланып алады. Ата-анасына қолайсыз жерде қиқарлыққа салынатындығын қайтерсің?! Иә, баланың аты – бала. Ол еркелейді де, бұзықтықты да жасайды. Кейде тым артық кеткенде жұмсақ жерден шапаттап алғың да келеді. Әу бастан қалағанын орындап, айтқанын істегеніңе өкіндіретін сәттер де кездесіп жатады.
Бірақ, тап осы жерде ойланып қарасақ, өзіміздің бала кезіміз де еске түспей ме? Өзімізге де ата-анамыз қайтуші еді?! Дәл қазір өзіміз айтып отырған сөзді кезінде ата-анамыздан да естіп өстік қой!
Мәселен, бөлмені шашып тастағанда – «Жина, мына қораны!»
Жұмысқа асығып тұрғанда киіміңді ұзақ киінсең – «Былжырамай болшы, тез!»
Үстіңе ас төгіп алсаң – «Неге қолбырап отырсың?»
Жыласаң – «Ағызба, көзіңді!»
Кейде тіпті, «кімге тартып осындай болдың екен?!» деп кінәні алыс біреулерден де іздеп кететін еді ғой. Тап сол сөздерді бүгінде өзіңіз де қолданып жүрсіз бе?
Баланың «бұзық» болуының себебі неде?
Бұл турасында ата-аналарға арнайы сабақ өтілмейді. Баланың өсе келе қиқарлық танытатындығы, ерке болатыны, оған қарсы не істеуге болатындығы, неге олай болатыны туралы ата-аналарға ешкім де үйретпейді. Ол туралы арнайы «мектеп» жоқ. Бұл сабақ өмірлік тәжірибе мен терең түсіністіктен соң ғана қалыптасады.
Сондай тәжірбиелерден жинақтап, аз да болса «БҰЗЫҚ БАЛА» туралы аз-кем қарастырып көрелік...
Бала – «бұзық» емес, бұл оның әрекеті ғана...
Байқап қарасаңыз, баланың бәрі бірдей. Қабілет-қарымымен бір-бірінен аздап ерекшеленгенімен, бәрі де тәтті жақсы көреді, ойыншықтарды ұнатады. Бір-бірімен таласады-тартысады. Сырт көзге кейбірі ерекше белсенділігімен немесе көңіл-күйін жасырмай ашық білдіруімен көрінеді.
Баланың қиқарлығы – ата-анасына берілген белгі
Баланың қандай да болмасын, іс-әрекеті – оның өзінде болып жатқанын көрсетудің, білдіру мен байқатудың әдісі. Тіпті, оның бойында болып жатқан проблеманы да осы әрекеттерінен байқауға болады.
Мысалы, түрлі себептермен ата-анасының айтқанына құлақ аспауы мүмкін. Оның біріншісі – бала мен ата-ананың арасының жақын болмауы. Бала өзінің сондай бір оғаш әрекеттерімен ғана өзіне назар аударта алатынын кішкентайынан түсінген болуы ықтимал.
Балаға жеткілікті түрде назар аудармай жүргенімізді қалай білеміз? Ол үшін ата-анасы баланың сауалы мен қалауына күніне қанша рет «Иә» және қанша рет «Жоқ» деді екен, соны түртіп жазып алғаны дұрыс. Бір күнді ғана...
Енді осы «иә» мен «жоқты» таразылап көріңіз. Баланың сізден «иә» деген жауап алған сауалдары маңызды ма әлде «жоқ» дегендеріңіз бе? Қалай болғанда да ол бала үшін маңызды болып саналуы тиіс. Өкінішке орай, ата-аналар көбіне баланың сауал-қалауына өзі жағынан маңыздылығына көбірек мән береді де, бала үшін қажеттілігіне көп ден қоймайды.
Бала әр «бұзықтықты» да белгілі бір мақсатпен жасайды
Ата-анасы үшін «бұзықтық» болып саналатын әрбір әрекеттерінің өзін бала белгілі бір мақсатпен жасайды.
Мысалы, анасы жұмысбасты болса, ол жұмыстан келгенде де шаршап тұрып: «Балам, сәл тыныш ойнай тұршы мен тынығып алайын немесе ас дайындайын, кір жуайын», - дейді. Ондай сәтте анасы үшін баласының тыныш отырғаны мен мазаламағаны ғана маңызды, қалғанын ойлап жатуға да мұрша жоқ. Оған бала құлақ аса ма? Ол да кешке дейін ата-анасын сарыла күтті емес пе? Ол не істейді? Диванда секіреді, шашады, бояйды...
Ал қонақ келгенде ше? Бала тым еркінсіп кете ме? Себебі, бала өзіне ата-анасының дауыс көтере бермейтінін, қонақ алдында ұялмас үшін қалауын орындайтынын да біледі.
«Осы қонақ келгенде құтырып кететіндерің не екен?!»
Таныс сөз бе?
Жәй күні бала өзіне жетпеген ықыласты көпшілік бар жерде алғысы келеді.
Қызықты тәсілді қолданыңыз
Балаңыз тыңдамай ма? Ендеше, үйде болатын кезіңізде күні бойына қалтаңызға сіріңке салып жүріңіз. Балаңыз сіздің сөзіңізге құлақ аспаған кезде бір тал сіріңкені сындырып қойыңыз да, айтқаныңызды орындағанда (мейлі, бірнеше рет қайталатып айтқызса да) бүтін сіріңкені басқа қалтаңызға салып отырыңыз.Ертеңіне қорытынды жасайсыз. Сіріңкенің бүтіні көп пе әлде сынығы ма? Егер сынық талы көп болса, демек балаңызбен ара қатынасыңыз алыстау, оған сіздің назарыңыз жетіспейді деген сөз.
Дереккөз: ernur.kz