ЖАҚСЫНЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ
Кейбір адамдар болады, тіршілікте сенің қасыңда жүргенімен бары-жоғы білінбейді, тіпті көз алдыңнан бір сәт таса болса ұмытылып кетеді. Ал енді кейбір аяулы жандар болады, өзі өмірден өтсе де бойындағы ізгі қасиетімен, күншуақты мінезімен есіңде мәңгі қалып қояды. Ұмытқың келсе де ұмытылмайды, жарқын бейнесі санаңның бір түкпірінде үнемі күлімдеп тұрады. Ондай жандарды тірінің санатына қоспағаныңмен, көңілі құрғыр өлдіге де қимайды...
Сондай аяулылардың бірі, өзі өмірден өтсе де, халқының жүрегінде қалып қойған аймағымызға белгілі кәсіпкер Бибігүл Сейітова еді. Бұл есім аудан халқына жақсы таныс. Тек кәсіпкер ретінде ғана емес, аудан халқы оны адамгершілігі мол, ер азаматқа тән батыл һәм мәрт мінездің иесі болғандықтан да құрметтейтін, сыйлайтын, бағалайтын-ды.
Бибігүл Қаусылқызының туып-өсіп, түлеген төл бесігі – ауданымыздың солтүстік іргесіндегі Таң ауылы. Алғашқы еңбек жолын сексенінші жылдардың басында аталған ауылдағы №118 орта мектепте екі жыл мұғалім болып бастап, одан соң ұстаздық қызметін аудан орталығындағы №123 білім ошағында жалғастырған Бибігүл Сейітова тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кездері білім беру саласынан біржола кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрады. Бұл еліміз енді тәуелсіздік алған өліара шақ, қиын кезең еді. Халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді, кешегі мамыражай тұрмыстың тіні тарқатылып, тіршіліктің кетеуі кетіп қалды. Мыңдаған өндіріс орынының жабылуы салдарынан ел ішін жаппай жұмыссыздық жайлап, жоқшылық белең алды. Мұғалімдердің айлық жалақысы күрт төмендесе, өзге салалардың да мамандары қысқартуға ілігіп, екі қолын алдына қусырып қалды. Осындай сын сағатта әйел-аналар қара қазан, қара баланың қамы үшін ер азаматтардың мойынындағы түздің жұмысын өз жауапкершілігіне алған еді. Қыз-келіншектер арқаларына ала дорбасын асынып, саудаға шықты. Тіпті көрші мемлекеттерден тауар тасып, тиынды тиынға құрап, теңгеге айналдырып, бала-шағасының нәпақасын айырды. Сондай жанкешті еңбектің жолында жүріп жетілгендердің бірі осы Бибігүл Сейітова болатын. Мектептегі мұғалімдік қызметінен кеткеннен кейін сауда саласындағы ең алғашқы кәсібін есік алдында майда-шүйде заттар сатумен бастайды. Қазақы тілмен айтқанда, бақалшы саудагерлер қатарында кәсіп етеді. Алайда қиын кезеңде алыпсатар майда сауданың өзі кейде қалтаға күш түсіріп, шығынға ұшыраған кездері болады. Халықта ақша жоқ кезде тауардың өтімділігі де болмайды. Бірақ Бибігүл Сейітова әйел болса да бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын өр мінезімен қиындыққа қарсы жүзеді. Бүгінгі күні сәтсіз өтсе де, ертеңгі күнінен үміт күтетін және сол үміті көкжиектен арайланып шыққан күнмен бірге бір жарқ ете қалатынына шүбәсіз сенген кәсіпкер нарық қыспағынан қалайда шығудың жолын қарастырады. Иә, оның жалғыз жолы тек тынымсыз еңбек қана еді. Бибігүл апамыз соны жан-тәнімен ұғынды. Ал тынымсыз еткен адал еңбектің қашанда нәтижесі болады. Алла да еңбек еткен адамды несібесіз қалдырмайды. Не керек, сондай жанкешті еңбектің арқасында кәсіптері кеңейіп, бірер жылда есік алдындағы жайма саудасы базардың сөресіне ауысады. Жары Базарбай екеуі алыс-жақын шет елдерге де шығып көруге тәуекел етеді. Әуелі Бішкектен, содан соң көрші Ресейдің Мәскеу, Самара қалаларынан халық сұранысын өтейтін сапалы тауарлар әкеледі. Шет елден тауар тасымалы тек айтар ауызға ғана жеңіл. Ал іс жүзінде осы кісілердің сол кездегі тартқан жол азабын өз ауыздарынан естіп отырған адам бірге қиналар еді. Шекарадан әрі-бері өтудің қиындығы, жол торуылдаған кәнігі ұрылар, ақшаң мен заттарыңды ашықтан-ашық тартып алатын үлкенді-кішілі көше бұзақыларының тобы... Осылардың барлығынан ебін тауып аман шығудың өзіне үлкен күш, өзіңе деген сенім, темірдей төзім, нар тәуекел керек. Міне, осындай қиындықтардың барлығына төтеп берген ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Базарбай ағамыз бен Бибігүл апамыз уақыт өте келе кәсіпкерлік саласында үлкен жетістікке жетті.
Екі мыңыншы жылдардың басында жеке азық-түлік дүкенін ашты. Қазақта «Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң жұртыңа пайдаң тисін» деген сөз бар. Кәсіпкерлік – тек өзіңнің жоғыңды түгендеп, жыртығыңды жамау емес, өз мүмкіндігіңнің деңгейінде халыққа да сапалы қызмет көрсету. Яғни тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін көтеруге септігін тигізу. Бұл тұрғыдан біздің кейіпкеріміз өз міндетін адал орындады.
“Ер адам түздің жұмысында жүріп, әйел адам үй шаруасында отыруы керек” деген қазақы ұғым қазіргі қоғамда ескірген. Мемлекеттің гендерлік саясаты да мұны құптамайды. Сондықтан бүгінде саясатта да, ел басқару ісінде де, өнер мен мәдениетте, тіпті спортта да көптеген танымал қыз-келіншектер бар. Соның ішінде осы кәсіпкерлік саласында ер азаматтармен қатар жүріп, түздің жұмысын дөңгелетіп жүргендер бар. Бибігүл Сейітова да солардың бірі де, бірегейі болды. Көпбалалы отбасында туып, ата-анасының тәлімді тәрбиесімен жастайынан шаруаға, еңбекке әбден пісіп жетілген Бибігүл апамыз орта мектепті де жақсы бағамен тәмамдайды және жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шығады. Ұстаз болуды бала күнінен армандаса да, ол салада тұрақты табандап қалмай, заман талабына сай бизнеске ауысқан ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің жолы кейінгі буын талапты жастарға үлгі болып қалды. Ауыл баласының қара жұмысқа жалқауы жоқ. Қайда салсаң да бел буып, білек сыбана белсене кірісіп кете береді. Жоғары білімді Базарбай ағамыз да кәсіпкерлікпен айналыспай тұрып, аудандағы қыш зауытында жұмыс атқарды. Одан соң да бірнеше мекемеде әр түрлі жұмыстар істеді. Ауыр да болса сол атқарған жұмыстары бойын да, ойын да ширатып, кейін кәсібіне көп пайдасын тигізді.
Қазірде жеке шағын кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, үлкен отбасылық бизнеске айналдырған бұл кісілердің аудан орталығында үш азық-түлік өнімдерін және бір құрылыс заттарын сататын дүкені бар. Қазбек би көшесінің бойынан бой көтерген екі қабатты зәулім «Ақ ниет» сауда дүкені тек кент тұрғындарына ғана емес, бүкіл аудан халқына көтерме бағамен қызмет көрсетіп келеді. Бұл сауда үйінің төменгі қабатында азық-түлік өнімдері, ал екінші қабатында тұрмыстық жиһаздар бар. Сол секілді Абай көшесінің бойындағы «Ақ ниет – 2» және «Бибігүл Ана» сауда орталықтары қазірде тұтынушылары ең көп сауда орталықтарына айналды. Ал жаңадан ашылған екі қабатты «Бибігүл Ана» деп аталатын дүкеннен құрылысқа қажетті заттардың барлығын да табасыз. Қазірде бұл сауда нысандарында елуге жуық адам жұмыс істейді. Яғни кәсіпкерлер осыншама жанның нәпақасын тауып, отбасын асырауына сеп болып отыр. Осының барлығы – ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Базарбай Құлшыбаев пен Бибігүл Сейітованың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі, тамшылап төгілген тердің жемісі.
Бибігүл Сейітова бір журналға берген сұхбатында: «Иә, адамда арман таусылған ба?! Ең алдымен балаларымыздың, жанұямыздың амандығы. Солардың үлкен жетістіктерге жеткенін қалаймын. Барлығы да білімді, оқыған. Осы отбасылық кәсіпті одан әрі дамытады деген сенімдемін. Алдағы уақытта аудан орталығынан құрылыс заттарын өзімізден өндіретін өндіріс орнын салу жоспарда бар. Жалағашта жыл сайын қаншама жаңа ғимараттар бой көтеруде. Солардың барлығына қажетті материалдарды өзіміз жасасақ деген ой бар. Шеттен тасығаннан, жергілікті тауарды алған тұтынушыларға да әлдеқайда тиімді болар еді. Ол үшін жер алып, тиісті жұмыстар жасап жатырмыз. Одан бөлек, Жалағашта қаншама күріш өсіретін диқандар бар. Тіпті кейбір шаруа қожалықтардың өз өнімдерін сата алмай жатқан жағдайлары да жетерлік. Сондықтан осы өңірден күріш ақтайтын зауыт салу жоспарымызда бар. Жалпы бұл өндіріс орындарын салсақ, талай жан нәпақасын табар еді. Ең бастысы – мақсатымыз айқын. Сол жобаларды жүзеге асыру жолында отбасымыздың барлық мүшелері еңбек етуде. Берекелі бірлік пен тынымсыз тіршіліктің арқасында бұл белесті бағындырамыз деп ойлаймын” депті.
Иә, бірақ кәсіпкер ол мақсаттарына жете алмады. Ақырғы сәті соққанда бұл жалғаннан хан да, қара да көшеді. Өмір – жалған. Уақыт – өтпелі. Адамның өмірі де өлшеулі. Алайда әрбір адам өзінің жас ұзақтығымен емес, тіршілікте істеген жарқын ісімен елінің есінде қалады. Өмірден өткен адамға артында қалған тірілер оның жасаған жасы арқылы емес, тіршіліктегі сауапты істері мен қисық тұстары арқылы баға береді. Тірлігінде бір адамға ыстықта көлеңкесін, суықта шуағын түсірмеген жан елінің де, ұрпағының да есінен лезде шығып кетеді.
Иә, кеше ғана арамызда жүрген Бибігүл Қаусылқызының да бақиға көшкеніне жыл айналыпты-ау. Өмірдің өзені тоқтамайды, күнді-күнге, айды-айға ұрып ағызып алып бара жатыр. Бірақ тірлігінде көп адамға жақсылық жасап, қайырым қылған, халыққа адал да, қалтқысыз қызмет еткен, оның арғы жағында ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білім берген Бибігүл апамыздың асыл бейнесін уақыт толқыны шайып кетпейді. Өйткені, ол халқының жүрегінде мәңгілік сақталып қалды. Халықты – Құдайдың бір аты деп құрметтеген адамның болмыс-бейнесін Алла Тағала да мәңгілікке айналдырып жібереді екен. Қай адам да қандай салада болмасын өз жұмысын адал әрі жауапкершілікпен атқарар болса, оның халықтың қошеметімен келетін атақ, абыройы да зор болмақ. Бибігүл Қаусылқызы тірлігінде аудан, облыс әкімінің және кәсіпкерлер палатасының «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарынан бері еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының қалыптасуына және аймағымыздағы кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосқаны үшін «Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалін иеленді.
Шүкір, бүгінде Бибігүл апамыздың артында ұрпағына үлгі болар жарқын ісі қалды, сол ісін жалғастырып, ізін басатын жолдасы мен балалары, немерелері қалды. Тұңғышы Серік – медицина саласының маманы, келіні Айдана – отбасылық кәсіптің жауапты мүшесі, Дина да ата-анасының жолын қуған кәсіпкер, жолдасы Мұрат – заңгер. Ал екінші ұлы Еркін – жоғары білімді қаржыгер, жары Шаттық – жоғары білімді теміржолшы. Кенже қызы Фарида – студент. Келешек дәрігер. Ұл-қыздарынан тараған Дінмұхаммед, Мадияр, Темірлан, Әмина, Рамина, Нұрбибі, Жібек есімді немерелері бар. Адам ұрпағымен және артында қалған қайырымды да, жарқын істерімен мың жасайды. Ендеше, Бибігүл Сейітова ұрпағының, халқының жүрегінде мәңгі жасай бермек.
Бибігүл Қаусылқызының жылдық асы осы жылдың 6 қазанында сағат 12:00-де «Айбибі» мейрамханасында берілетінін барша ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жарандарға хабарлайды.
Қ.ЖАНАЙ