» » АБЫРОЙ АЛЫСҚА АПАРАДЫ

АБЫРОЙ АЛЫСҚА АПАРАДЫ

Әр мамандықтың өзіне тән ауыртпалығы мен жауапкершілігі болады. Өз мамандығын сүйген адамдар ғана қызметін мінсіз атқарады және сол жұмысының нәтижесінен ләз­зат алады, абырой табады. Ау­дан­дық басылымның бүгінгі ме­ре­­келік нөмірінен орын алған ма­қа­ламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз Орынтай Әбдібекқызы Тоқмырзаева да осындай жандардың санатында.
Бұл есім аудан халқына жақсы таныс. Аққұм ауылында дүниеге келген Орынтай Тоқмырзаева 1977 жылы аталған ауылдағы №38 Шымбөгет орта мектебін бітірген соң сол кездегі талап бойынша бір жыл ауылда қалып, комсомол жастар бригадасында жұмыс істейді. Еңбек жолының алғашқы баспалдағына ауылда аяқ басқан ол 1978 жылы Шымкент кооператив техникумына түсіп, аталған оқу орынын 1980 жылы үздік дип­ломмен бітіріп, бухгалтер-экономист мамандығын алып шығады. Ал, 1980-1983 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы кооператив институтында жоғары білім алады. Табиғатынан талапты жас маманға өз мамандығы бойынша қай жерде де сұраныс жоғары. Елге келген соң облыстық тұтынушылар одағында есепші болып, өз саласы бойынша алғашқы еңбек жолын бастайды. Аз уақыт болса да тәжірибе жинақтаған ол одан кейінгі жұмысын Жалағаш тұтынушылар одағында жалғастырады. Аталған мекемеде әр жылдары аға есепші, бас есепшінің орынбасары, дайындау кеңсесінің бас есепшісі болып абыройлы қызмет атқарды. Одан соң аудандық салық комитетінде жетекші маман, бас маман, бөлім бастығы болды. Ал, 2007-2014 жылдар аралығында аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті редакциясында бас есепші болса, қазірде «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты «Жалағаш жаршысы» газеті редакциясының бас маманы.
Әрбір адамның өз мамандығына және жұмыс істеген ортасына сай мінез-құлқы қалыптасады. Мәселен, құқық қорғау немесе заң орындарында қызмет істейтін адамдардың түрлері суық, мінездері де қаттылау болып келеді. Ал, өнер өкілдерінің, жалпы шығармашылық адамдарының жүздері жылы, жүректері жұмсақ, тіпті, былайғы жұртқа олардың бала сияқты алаңғасар, әпенділеу мінездері де қызық көрінуі мүмкін. Сырттай қарағандар Орынтайды әуел баста шебер Құдіреттің қалыбынан мол пішінде құйылған болмысы мен сұстылау жүзі, тайсақтамай тура сөйлейтін сөздерінен оны қатал мінезді адам екен деген көзқараста болуы әбден мүмкін. Алайда, олай ойлағандар қателеседі. Әрине, бұл кісінің бойында ер адамға тән қызбалық бар. Бірақ, ол мінезін орынсыз жерде көрсетпейді. Көпшіл, кейбір көңілді отырыстардың көрігін қыздырып, ән салып, кейде асабалық қызметтің де тізігінін өз қолына алатыны бар. Бірақ, ол бойындағы бұл өнерді шығармашылық ортадан «жұқтырмаған», әу бастан өзінің қанында бар қасиет. Бізге ол кейде: «Сендердің қаламдарың қолдарыңда болса, менің қаламым – тілімде», – деп қалжыңдайды. Мұндайда мен де қарап қалмай: «Иә, Ореке, шынында сенің қа­руың да, қаламың да тіліңде және ол қаламың өте қауіпті, сиясында адамды сеспей қатыратын уы бар», – деймін оны қостаған кейіппен.
Орынтай екеуміздің туыстық жақындығымыз бар. Мен кейде жұмыстан тыс уақытта қайнылық құқымды пайдаланып, оның мінезіндегі, жүріс-тұрысындағы ер адамға тән ерекшеліктерін қалжыңмен қағытамын. Қайны мен жеңгенің ара­сындағы қазақы қалжыңға өкпе жүрген бе? Ондайда ол да тілін тістеп қалмайды, «Үйдегі ағасы да, жұмыстағы інісі де гүлден нәзік болған соң, Құдай сендерге бермеген мінезді маған берген ғой», – дейді жайбарақат отырып. Бұл жауабына енді уәж айта алмайсың! Расында, Жаратушы Орынтай жеңгеме келгенде сараңдық танытпай, оның бүтін болмысын кең етіп пішіп және мінезін де сол бітіміне үйлестіріп бере салған. Әрине, бұл сөздеріме сәл бояу қосыңқырап айтып отырмын. Ал, шындығында Орекең бойындағы мәрт мінез расымен бүгінде көп ер азаматтарда кездесе бермейді. Қоғамға деген өз пікірі бар, өз ұстанымы бар, қалыптасқан өз көзқарасы бар. Қандай да бір ортақ мәселеден дау туындағанда жеке басының қамы үшін бұра тартпай, таразы басының әділдік жағына ауғанын қалап тұратын турашыл мінез иесі. Бірақ, дау-дамайды қаламайтын, дұрысы, өзі іштей біліп тұрса да, дұрысты бұрыс деп айта алмайтын, айтуға батылы жетпейтін жандар Орекеңнің бұл мінезін сырттай «сыбап» жатады.
Өмір тәжірибесі бар және өз маман­дығы тұрғысынан барлық баспал­дақ­тан өткен Орынтай өзі-өзіне өте қатаң талап қояды. Жауапкершілігіндегі жұ­мысқа еш уақытта салғырт қарамайды. Ол жұмыс жасап отырғанда жеке шаруаңызбен оның кабинетіне бас сұға алмайсыз. Ал, кірген жағдайда сіздің ол шаруаңыз бәрібір шешілмейді. Өйткені, ол ондай сәтте ешкімнің әңгімесіне құлақ аспайды, мән де бермейді. Көзәйнегінің астынан қатулы қабағымен бір қарайды да, үнсіз жұмысын жалғастыра береді. Онысы: «Мен жұмыс істеп отырмын, кедергі келтірме!» дегені. Сосын амалыңыз жоқ, жұмысын аяқтап, қабағынан күн күлімдеген сәтті күтуге тура келеді. Орекеңнің бұл талапшылдығында ешқандай әбестік жоқ, керісінше, өзінен кейінгі жастарға үлгі.
Қазірде ұжымдағы үлкеніміз де осы кісі. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, ұзақ жылғы жұмыс тәжірибесімен бөліседі. Жасының үлкендігін бұлдамай-ақ, мекемеде өтетін қандай да бір шаралардың жақсы ұйымдастырылуына мұрындық болып, басы-қасында жүреді. Бұл да Орекеңнің жастарға айқайлап түсіндірмей-ақ, ісімен көрсетіп жүрген өнегесі деп білуіміз керек.
Білікті де, тәжірибелі маман Орынтай Әбдібекқызы бүгінде жары Дәуренбек екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 6 немере сүйіп отырған әзиз әже. Әні-міне деп зейнет демалысына дайындалып жүр. Біз де әріптесімізге өз еңбегімен салған осы абыройлы жолы тұйықталамай, алға қарай созыла берсін деп тілек етеміз.

Қуат АДИС.
07 наурыз 2019 ж. 509 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930