ҚАЛДЫРҒАН ІЗІ МӘҢГІЛІК
Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ. Ол берген тәрбие болашаққа жол сілтер шамшырақ секілді. Бала жастан білім нәрімен қалай сусындасаң, келешекке сол жиғаныңмен қадам басасың. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің бойына бар асыл қасиеттерді ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен білімпаздықты жия білген білікті маман, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, ардақты ұстаз Қасым Өтегенұлының есімі ұмытылмақ емес.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардақты ұстаз Қ.Өтегенов 1947 жылы 15 қаңтарда Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы №124 орта мектептен тәмамдағаннан кейін 1967 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Г.Гоголь атындағы пединститутына түсіп, аталған оқу орнында физика-математика мамандығы бойынша білім алған. 1971 жылдан бастап Жалағаш ауданы Жаңадария совхозындағы №203 орта мектепте физика пәнінің мұғалімі, 1973 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1981-1988 жылдары аралығында мектеп директоры болып қызмет атқарған. Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі Қ.Өтегенұлы адалдығымен, еңбекқорлығымен және өз мамандығына деген жауапкершілігімен абырой биігінен көрінген атпал азамат. Осы салада жүріп, 1984 жылы ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған. 1999 жылы жоғары дәрежелі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атаққа ие болған. Аз ғана өмір жолында еселі еңбек етіп, көпке үлгі боларлықтай тұлға болып қалыптасып үлгерді. Мамандығына деген сүйіспеншілігінің арқасында ол өмірінің соңына дейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 1968 жылы отбасы құрып, жұбайы Қалдыгүл Ильясова екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарын оқытып, үлкен өмірге қанаттандырды. Ауданның білім саласының биік белестерден көрінуі үшін аянбай еңбек еткен ардақты ұстаз Қасым Өтегенов 2000 жылы 19 наурызда дүниеден озды.
Өткен жұмада Жаңадария ауылында Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, «Жаңадария ауылдық клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, ардақты ұстаз Қасым Өтегенұлының 70 жылдығына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты облыстық жас әншілер байқауы өтті. Байқауға облыс көлемінде 18-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Байқаудың талабы мен шартына орай жас әншілер алғашқы кезеңде патриоттық тақырыптағы әндерді шырқаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өнер көрсетті. Жас әншілер байқауында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева, әнші-сазгер Баубек Ахметов пен Талап Тотаев қазылық етті.
Шара барысында Жаңадария ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Жаңашев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Тұрмаханов сөз алып, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, аяулы ұстаз Қ.Өтегенұлының өнегелі өмір жолынан аз-кем сыр шертіп, байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.
Өнер додасында бақ сынаған жас өнерпаздар алғашқы кезеңде туған жеріне, еліне және Астана қаласының 20 жылдығына арнаған ән шашуларын тарту етсе, келесі кезеңде халық әндерін, ағылшын тіліндегі туындыларды шырқады. Шарада қатысушылардың барлығы жоғары дайындықпен өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Байқау қорытындысы бойынша, әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Қызылорда қаласынан келген Аякөз Аралбайқызы, жүлделі І орынды аралдық Дәулеткерей Қуантқанов алды. Сондай-ақ, ІІ орынды Жаңадария ауылының өнерпазы Нұрболат Шалабай, Далдабай ауылынан Орнықхан Пазыл, ІІІ орынды қызылордалық Салтанат Әбдіқали, жаңақорғандық Мадина Ералиева, Аққұм ауылынан Арайлым Қуаныш иеленді. Сондай-ақ, қалған екі қатысушы Бақберген Әбдікадыров пен Айнұр Қалдыбековаларға да сый-сияпат тапсырылды. Жеңімпаздарға Өтегеновтер әулетінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
– Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, отансүйгіштікке, туған жерді қадір тұтып, құрметтеуге үндейтін бұл байқаудың орны ерекше. Жерлесіміз, ардақты ұстаз Қасым Өтегенұлының ұстаздық жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Ол кісінің есімін, еңбегін қайта жаңғыртып, жас буынға насихаттауды мақсат тұттық. Осы ретте, ұстаздың 70 жылдығына орай Өтегеновтер әулетінің мұрындық болуымен ел ішіне танылмай жүрген жас таланттардың басын қосып, ән байқауын ұйымдастырдық. Қуантарлығы, Елбасы мақаласын негізге алған ардақты ұстазды еске алуға арналған облыстық жас әншілер байқауы Жаңадария ауылында бірінші рет ұйымдастырылып отыр, – деді Жаңадария ауылдық клубының директоры Рүстем Көшеров.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).