» » Үлкен өмірге жолдама

Үлкен өмірге жолдама

Мектеп қабырғасындағы бақытты балалық, балдәурен шағымен қоштасқан кезі түлектер үшін ең қымбат, ең қимас, ең ұмытылмас жүрек тебірентерлік сәт болғаны даусыз. Себебі, олардың жүздерін біресе қуаныш, біресе қимастық сезімі билеп, жанарларына жас алады. Күні бүгінге дейін шаштарына ақ бантик, мойындарына көк галстук тағып жүрген ерке мінез өрендер енді ержетті, бойжетіп, өмірдің бір белесінен аттады.
Апта соңында ауданға қарасты барлық мектептерде салтанатты түрде бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті.
Түлектер өмірінде ерекше орын алатын салтанатқа аудандық білім бөлімінің өкілдері, мектеп мұғалімдері, ата-аналар және ардагер ұстаздар қатысты. Шара бір мезетте барлық мектептерде өтіп, аудан бойынша 344 түлек жалпы орта білім туралы аттестат алса, оның 22-сі «Алтын белгі» аттестатын, 7-еуі «Үздік аттестат» иеленді. Оның ішінде «Алтын белгі» аттестатын №31 мектеп-лицейден 4 түлек, №33 орта мектептен 1, №38 орта мектептен 1, №114 орта мектептен 3, №116 орта мектептен 2, №117 орта мектептен 3, №119 орта мектептен 1, №123 мектеп-лицейден 2, №201 орта мектептен 2, №202 орта мектептен 3 бітіруші түлек алды.
Айта кету керек, өткен жылы 293 бала бітірсе, оның жетпіс бес па­йызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, жоғары балл алған болатын. Тоқсан алты пайызы жоғарғы оқу орындарына түсіп, мамандықтары бо­йынша білім алуда. Ал, биылғы жылғы 344 мектеп бітіруші түлектің жетпіс бес пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, үлкен өмірге жолдама алуға дайын.

Н.АЛМАС.
19 маусым 2018 ж. 2 547 0