» » ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!

25 мамыр – әрбіріміз үшін маңызды күн. Бұл күні – 11 жыл бойы білім алған мектебінен түлектер түлеп ұшатын күн. Бұл күн – сонау сарыауыз балапан кезінен қанатының астына алып, қаншама жыл жүрегінің жылуын, мейірімін төккен ұстаздарының толқитын сәті. Еліміздің барлық білім беру ошақтарынан кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздар бүгін міне, ойы толып, алтын ұя мектебінен жаңа өмірге қанат қақты.
Кеше аудандағы іргелі мектептердің бірі – Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейде соңғы қоңырау салтанатты кеші өтті. Оған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Алтын ұя мектеп қабырғасындағы бақытты балалық, балдәурен шағымен қоштасқан түлектер үшін ең қымбат, ең қимас, ең ұмытылмас жүрек тебірентерлік сәт болғаны даусыз. Себебі, олардың жүздерін біресе қуаныш, біресе қимастық сезімі билеп, жанарларына жас алды. Күні бүгінге дейін шаштарына ақ бантик, мойындарына көк галстук тағып жүрген ерке мінез өрендер енді ержетті, бойжетіп, өмірдің бір белесінен аттады. Осындай ерекше тебіреніс пен толқынысқа толы күні салтанатты кештің иелері, бітіруші түлектерді аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
– Құрметті мектеп бітіруші жас түлектер, қадірлі ұстаздар қауымы, құрметті ата-аналар. Бүгін 11 жыл бойы мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, тәрбие алған балаларыңыз үлкен өмірге қанат қаққалы тұр.
Жалпы, ауданның білім саласына келетін болсақ, облыстағы үздік білім беру ошақтарының қатарында екенін мақтанышпен айта аламыз. 2015-2016 жылдары ауданның білім саласы облыс көлемінде үздіктер қатарынан көрінді. Өткен жылы 293 бала бітірсе, оның жетпіс бес пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, жоғары балл алды. Тоқсан алты пайызы жоғарғы оқу орындарына түсті. Ал, биылғы жылы 345 бала мектеп бітіргелі тұр. Оның жетпіс бес пайызы ертеңгі ҰБТ-ға қатысып, үлкен өмірге жолдама алуға дайын. Ендігі жерде осы түлектеріміз алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, ауданның мәртебесін арттырады деп сенеміз.
Ал, Т.Жүргенов атындағы осы мектепті 31 түлек бітіріп, олардың барлығы алдағы сынаққа қатысуға талап қылуда. Бұл – балалардың өздеріне сенімділігінің, мектептің жетістігінің көрінісі. Жас түлектердің барлығы ҰБТ-дан жоғары балл алып, облыстағы озат мектептердің қатарында болуына үлестерін қосады деп ойлаймыз. Бұған дейін бұл мектеп төрт рет республикадағы үздік мектептер қатарынан көрінді. Міне, сол тұғырдан түспеуге біз тағы да тілектеспіз, мектеп бітіруші түлектерге тек қана сәттілік тілейміз, – деді өңір басшысы Қайратбек Әубәкірұлы.
Мұнан соң, мектептің ардагер ұстазы, 2017 жылғы республикалық «Үздік әулет» номинациясының иегері, Елбасы Н.Назарбаевтың «Құрмет грамотасымен» марапатталған Мейрамкүл Тұңғышмұратова түлектерге арналған сәттілік лентасын қию рәсімін орындаса, мектеп-лицей директоры Ләйла Шөменова жаңа өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақ тілегін арнады.
Расында, бұл күн – бала шақтан болашаққа қанат қаққан жас түлектер үшін күміс қоңыраудың соңғы рет соғылатын күні. Алтын ұя мектептерін, аяулы ұстаздарын қимай, жүректері лүпілдеп, жанарларына жас алған шәкірттер алғаусыз көңілдерінен шыққан алғыстарын әсем әнмен жеткізіп, артынан ерген ізбасарлары, бірінші сынып оқушыларына аманаттарын тапсырды. Сондай-ақ, шәкірттері білім бәйгесінде оза шапқан бірқатар білікті ұстаздар, талай сайыстарда, аудан атын, облыс, қала берді республика атын сонау шетелдерде асқақтатқан білімпаз жеткіншектер «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды.
Біз өз кезегімізде, мектеп бітіруші түлектерге алдағы сынақтан тек жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, сын сағатында ұстаздар үмітін ақтауына тілектестігімізді білдіреміз. Ендеше, жолың болсын, жас түлек!

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
28 мамыр 2018 ж. 2 475 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930