» » ШӘКІРТІ ШЫҢҒА ШЫҚПАСА ҰСТАЗҒА СЫН

ШӘКІРТІ ШЫҢҒА ШЫҚПАСА ҰСТАЗҒА СЫН

Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте биылғы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы туралы кеңейтілген мәжіліс өтті. Басқосуға аудандағы барлық мектеп директоры мен оқу ісі жөніндегі орынбасары және ҰБТ бойынша арнайы пән мұғалімдері қатысты.
Білім беру сапасын бағалау жүйесінің маңыздысы – ұлттық бірыңғай тестілеу. Бүгінде бұл сынаққа түлектердің дайындығы күшейді. Мәжілісте 2017 жылғы мектеп бітірушілердің қорытынды нәтижесі, үстіміздегі жылы өтетін аттестаттау және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары айтылды. Алдымен, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзат Құрманбаева хабарлама жасап, биылғы түлектердің көрсеткішінен хабардар етті.
Оның сөзінше, тестілеу ережесі былтырғы форматта өткізіледі. Бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындайтын пән мұғалімдерінің басым көпшілігі жоғарғы санатты, тәжірибелі ұстаздар. Бүгінге дейін шәкірттерден 24 рет сынамалы тест алыныпты. Қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындықты одан әрі күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Өңір басшысы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-да жоғары балл алуға күш салу керектігін қадап тапсырды. Аудан бюджетінің тең жартысы білім саласына жұмсалатынын ескерсек, оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәжілісте өткен жылмен салыстырғанда білім деңгейі төмен мектептің басшылары сынға алынып, қайта-қайта әкімнен ескерту алды. Олар биылғы ҰБТ-да жақсы көрсеткішке қол жеткізбесе мектеп басшылары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қызметінен кетуі мүмкін. Себебі, әр жылғы тестілеуде оқушының 11 жыл алған білімі сыналады, армандаған мамандықта білім алуларына жол ашылады. Қысқаша айтсақ, бұл кезең түлектердің тағдырын шешетін сәт. Сондықтан, жауапты мұғалімдерге бір сәт бәсеңсуге болмайды. Мұны айтқан аудан әкімі биылғы ҰБТ-да түлектер жоғарғы көрсеткішке қол жеткізу керектігін тапсырып, мұнан жақсы нәтиже күтетінін айтты.
Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

27 наурыз 2018 ж. 1 316 0