ІРГЕЛІ БІЛІМ ОШАҒЫ
Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейін 2017-2018 оқу жылында 31 оқушы бітіруде. Олардың барлығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Бұл оқушылардың 2-уі «Алтын белгіге, 1-уі «Үздік аттестатқа» үміткер. Осы бітірушілердің арасында 1 оқушы, атап айтқанда Қостай Дана Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетінің грантын жеңіп алды. Аудан орталығындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей аудандағы өзіндік орны бар іргелі оқу орындарының бірі болып есептеледі. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша 4 рет (2007, 2011, 2015, 2016 ж.ж) Республикадағы «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Аудан мектептері арасында жыл сайын «Үздік мектеп» номинациясын иеленіп, алдыңғы орында келеді. 2017-2018 оқу жылында мектеп мұғалімдері, оқушылар бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық деңгейде жетістіктерге жетіп, аудан абыройын асқақтатып келеді.