СЫР ЖУРНАЛИСТЕРІ МӘСКЕУДЕГІ ҒАНИ МҰРАТБАЕВ ЖАТҚАН ЖЕРГЕ АРНАЙЫ БАРЫП, ҚҰРАН БАҒЫШТАДЫ
Сыр өңірінің журналистері Ғани Мұратбаевтың жамбасы тиген Мәскеу қаласы «Ваганьков» қорымына барды, деп хабарлайды zhanaqorgan-tynysy.kz тілшісі.
Сыр өңірінің журналистері шығыс жұлдызы, қайраткер тұлға Ғани Мұратбаев жатқан жерге арнайы барып, рухына Құран оқыды. Әрі тарихи тұлғаның азаматтық, қайраткерлік істеріне тоқталды.
Ғани Мұратбаев Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушысы және көшбасшысы, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері.
Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін (1910 – 18), Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын (1919 – 20), Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін (1920 – 21) бітірген.
1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облысы және Ташкент, Самарқан, Верный қалалары комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды.
1920 жылы Түркістан комсомолының 3-съезінде ОК мүшелігіне сайланып, қазақ-қырғыз жастары бюросын басқарды. 1921 жылы алдымен Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы уақытта Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болды. Қазақстан комсомолының құрылуын жариялаған 1-өлкелік съезді (1921 жылы 7 – 13 шілде) өткізуге тікелей басшылық жасады.
1922-1924 жылдары РКЖО-ның 5-съезінде Ресей Коммунистік Жастар одағы ОК-нің мүшесі, Коммунистік Жастар одағы ОК Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы болып сайланды. 1924 – 25 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4-конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды.
Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді.
http://www.syrboyi.kz