» » Сыр журналистері Мәскеуде тәжірибе жинауда

Сыр журналистері Мәскеуде тәжірибе жинауда

Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты аудандық газет қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында Ресей федерациясының  астанасы Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың алғашқы күні Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназиясынан бастау алды. Бүгінде Юлия Литвинова басқаратын білім ошағында мыңнан аса оқушы білім алады. Білім ордасы 1971 жылы пайдалануға берілген. Гимназияға қазақтың батыр қызының есімін беру туралы ұсынысты майдандастары жасаған. Соғыста Әлия Молдағұловамен бірге болған мергендердің ұсынысымен ашылған мектептің бүгінде бес ғимараты бар.
Қызылордадан келген делегацияны аталған гимназияның орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі, білім ошағы жанынан ашылған  «Алия»телестудиясы мен «Школьный вестник» газетінің жетекшісі Елена Палицкая күтіп алды. Бұл білім ордасында  Әлия Молдағұлова атындағы музей де бар. Музей меңгерушісі  Наталья Степанова өзі жетекшілік ететін  1 «б» сыныбымен бірге тарихи жәдігерлерді таныстырды. Шара аясында гимназия ауласында орналасқан  Әлия Молдағұлованың  ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, білім ұясына естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Сыр өңірінен барған делегация гимназия жанынан  ашылған газет пен телестудияның жұмысымен шұғылданатын белсенді оқушылармен кездесті.
Түстен кейін қызылордалықтар шығыс жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев жерленген «Ваганьков» қорымына барды.
Айта кетейік, Сыр журналистері бүгін М.В.Ломоновсов атындағы Мәскеу мемлекеттік  университетінде  өтіп жатқан  халықаралық конфренцияға қатысуда. Сапар аясында Ресейде білім алатын Сыр жастарымен кездесу жоспарланған.

А.БАТЫРБЕКОВ.
25 қазан 2018 ж. 906 0