» » Жақсы кітап – жан азығы

Жақсы кітап – жан азығы

Кітап туралы небір ұлағатты сөздер айтылған ғой. арыға бармай-ақ, белгілі жазушы Жақау Дәуренбековтің «Ой дауа» атты кітабындағы:
«Кітаптың бетін ашпасаң, өмір де саған есігін ашпайды», «Кітабын ұмытқан қоғам – ескегін ұмытқан қайықшыға ұқсайды», «Кітаптағы өмір мен нағыз өмірі Бір өзеннің екі жағалауын елестетеді», «Халық кітаптың көптігінен зардап шекпейді, кітаптың кемдігінен зардап шегеді», «Кітап мәдениеті дегеніміз – адам мәдениеті», «Кітап – ойдың қайнары, сөздің майданы» деген қанатты сөздерден көп нәрсені ұғынуға болады.
Бұлайша кітап туралы толғанысқа түсуімнің басты себебі – «Ақмешіт» баспа үйінен шыққан «Жеңіс сарбазы» атты туын­дының қолыма тиуі.
Қазіргі кезде әр деңгейдегі адамдар мен қайраткерлер жайында жазылған кітаптардың жиі шығып жатқаны белгілі. Кейбір кітаптардың сапасының қазіргі уақыт талабына сай еместігі жасырын емес. Алайда «Жеңіс сарбазы» кітабын оқығаннан бастап, бұл өмірбаяндық романның ізденіспен шебер жазылғандығы кеулімдегі күдікті сейілтіп, авторға іштей ризашылығыңды білдіре бастайды екенсің. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ахетов Тұрақ Адисұлы – бұған дейінгі «Аққырым – алтын бесігім», «Үбіс би», «Ғибратты ғұмыр», «Жалағаштан Ауғанстанға дейін» атты кітаптардың авторы.
«Жеңіс сарбазы» төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Сұрапыл жылдарда», екінші бөлім «Бейбіт күннің шуағы», үшінші бөлім «Майдангердің отбасындағы сұхбат», төртінші бөлім «Майдангер туралы естеліктер» деген атауға ие болыпты.
Кітапта XX ғасырдың қанды ғасыр атал­ғандығы, әсіресе қазақ халқына екінші дүниежүзілік соғыстың аса зор қасірет әкелгендігі, бұл соғыстың 1418 күнге созылып, оған 110 миллион адам әскер қатарына алынғандығы, соғыстың 60 миллионға жуық адамды жалмағандығы, Қазақстаннан бұл соғысқа 1 миллион екі жүз мыңнан астам адам қатысқандығы, оның ішінде Жалағаш ауданынан 2316 адам қатысып, одан 695 адамның ғана елге аман оралғандығы баяндалады.
Бірінші бөлімде тарихта мәңгі өшпес із қалдырған, екі жаққа да көп шығын алып келген Ұлы Отан соғысында да халқымыз ата-бабаларымыздың ерлігін қайталағандығы жайында деректер келтірілген. Шығармада туған жерін қорғау, атамекенді қастерлеу сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңіре білген Болтай Тасыбаевтың бораған оқ, жарылған снарядтың бел ортасында жүріп майдандағы ерлік істері шебер жазылғандығы соншалық алапат соғысты еріксіз еске түсіреді.
Кітаптың екінші бөлімі майдангер аға­мыз­дың бейбіт өмірдегі еңбегіне арналыпты. Кітаптан үзінді оқып көрейік: «...Болтай қызмет атқаратын әскери бөлім Австрияның Баден қаласында көп тұрақтамады, он бес-жиырма күннен соң дивизия Германияның Дрезден қаласына келді. Осы қалада екі жарым айдай тұрды. Осы уақыттарда Болтайдың батареясы да басқа әскери бөлімдермен бірге қаладағы ішкі тәртіпті қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты. Патрульдік қызмет, қалаға қайтып келе жатқан тұрғындарды орналастыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету секілді жұмыстармен жүріп уақыттың қалай өткенін байқамай да қалды. Екі айдан кейін бүкіл Германия жерінде соғыс қимылдарының толық тоқтатылып, бейбітшілік орнауына байланысты дивизияны тарату, әскерді демобилизациялау туралы Бас Қолбасшының бұйрығы шықты. Болтай да «БМ-13» реактивті қондырғы батареясын әскери бөлімнің тиісті басшылығына тапсырды. Бес жыл бойы өзінің сенімді серігіне айналған, өзін талай ажалдан құтқарған тапаншасын да өткізді. 1945 жылы қазан айының басында Дрезден қаласынан пойызға отырып, елге бет алды. Бұл кезде жиырма алты жастағы жігітті елде соғыстан әбден титықтаған халық шаруашылығын қалпына келтіру, экономиканы нығайтуға байланысты қыруар істер, советтік бесжылдықтардың ұлы дүрмегі күтіп тұрды».
Бейбіт еңбекке араласқан ол үнемі іздену, үйрену, өсу, өркендеу жолында тынымсыз еңбек етеді. Сондықтан да ондай азаматтардың атқарған жұмыстары, халқына сіңірген еңбектері ұрпақтар жадында сақталып, тарих беттерінде өшпес іздері қалады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда тың туындыны берері көп шығарма деуге болады.
Қоғам қайраткері Болтай ағамыздың өмірі мен қайраткерлік қызметін шын мәнінде аша білуі автордың тапқырлығы мен шеберлігін көрсетеді. Сондай-ақ кітаптың оқылымды болуы да, оның табиғи түрде әңгімеленуі де шеберліктің белгісі.
Үшінші бөлімнің де арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл бөлімнен қысқа-қысқа үзінділер:
Келіні Әйгерім: «Атам қанша қатал бол­ға­нымен балаларға өте мейірімді болды. Қасына жинап алып ертегі айтып береді, жұмбақ жасырады. Папам керемет суретші болатын. Жай қаламмен-ақ аңдардың суретін айнытпай салатын. Балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектесетін. Төс қалтасына ұсақ ақшаларын салып жүреді. Содан немерелерін шақырып алып: «Дүкеннен кәмпит алып жей ғой, әжеңе көрсетпе», – деп үлестіріп отырады. Өйткені әжесі көрсе, «Балаларды ақшаға жаман үйретесің» деп ұрсады.
Ас уақытында дастарқан басына бәріміз бір уақытта жиналуға тиіспіз. Атам бата жасамай ешкім орнынан қозғалмайды. «Дастарқанға бірдей отыру – ол ауызбіршіліктің белгісі» деп мамам айтып отыратын.
Атамның әдеті күнде ерте тұрады. Ол да сол дағдыға айналған әскери тәртіп. Сосын балаларды оятады. Сағат сегізде шай дайын тұруы керек. Түскі ас сағат бірге дайын болуы керек. Егер уақытында дайын болмай қалса ашуланып, есігін тарс жауып бөлмесіне кіріп кетеді. Содан ашуы басылғанша қайта бөлмесінен шықпайды және уақыты өтіп кеткеннен кейін ол тамақты ішпейді. Әрине, келін мен атаның арасындағы кикілжіңнің тігісін жатқызып дәнекерлейтін енем”.
Қызы Сәулеш:
“...Алыстап қалған күндерге деген, әке мен анаға деген сағыныш, арман, ата-ананың ыстық құшағын аңсау.
Ия, олар өлмейді, адам ұрпағымен мың жасайды, ал батырлар мәңгі жасайды. Олардың ерлік жолы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жарқын бейнесі кейінгілердің жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын болады”.
Немересі Еркін:
“Біздің атамды тағы бір мақтаныш көретініміз, атамыз 1945 жылы Москвада өткен жеңіс шеруіне қатысқан бірден-бір жауынгер. Ауданда бұл шеруге қатысқан тек менің атам ғана. Жеңіс шеруіне екінің бірі қатыса алмайтыны белгілі. Ол үшін әскери бөлімдегі беделі, марапаттары болуы керек екен. Тіпті бойы, салмағы да өлшеніп, сарапқа түседі екен. Жалпы менің атам Москвадағы Қызыл алаңда үш рет шеруге қатысқан. Оның бірінші, екіншісі техникумда оқып жүрген кезде бүкілодақтық физкультурашылардың шеруі болса, үшіншісі 1945 жылғы жеңіс шеруі. «Дәм-тұз айдап Мәскеудің қызыл алаңын алшаң басып, үш рет жүріп өттім» деп күліп отырушы еді атам.
Бұл келтірілген отбасылық қысқа әңгі­мелерден шығарма авторының майдангер ағамыздың отбасылық тәрбиені басты на­зарда ұстағанын оқырман қауымға қаз-қал­пында жеткізе алғанын көреміз.
Төртінші бөлім майдангер туралы есте­ліктерге арналған.
Айта берсе әңгіме көп. Алайда алдыңғы буын ағалар жайлы сыр шерту ертеңге ес­керткіш. Осындай жазбалар көп болса, өткен өмірдің белестерінен бүгінгі жастар, қалаберді келешек ұрпақ көп нәрседен хабардар болары анық. Себеп мұндай жазбаларда өз кезеңінің, өз дәуірінің лебі, азаматтарының тұлғасы, ұлттың иісі аңқып тұрады.
Соғысты көзімен көрген, от-жалынмен атылған оқтың бел ортасында жүрген, елі мен жері үшін жаумен шайқасқан, алапат майданнан туған жеріне жеңіспен оралып, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласқан, халқының бақыты үшін бар күш-қуатын жұмсаған, елдің көркеюіне лайықты үлесін қосқан, ерен еңбегімен артында өшпес із қалдырған ағамыз жайлы жазылған бұл кітаптың авторы Тұрақ Адисұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себеп, оның жүріп өткен өмір жолы жастарға, бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігінде ешқандай дау жоқ, ақиқаттың нағыз өзі.
Жалпы кітаптың өн бойынан туған жер, адам өмірінің мән-мағынасы адалдық, ерлік, парасаттылық, сұлулық пен әсемдік секілді терең ой иірімдерін айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ уақыттың, заманның ағымы жайлы, бүгінгі күннің аянышты көріністері, келешегімізді кемелдендіру жайлы айтылар әңгімелер де жетерлік.
Автор шығармасына Ұлы Отан соғысына арналған жыр жолдарын да орынды пай­далана білген.
Мысалы, шығармадағы қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің:
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар, – деген өлең жолдарын тебіренбей оқи алмайсыз.
Турасын айтқанда, қаламгердің қолынан шыққан бұл еңбекті оқыған кезде этикалық қуаттың, таным кеңдігінің, ар-ұят мәдениетінің сырын ұққандай боласыз.
Өмір қалғуды, қамсыз күй кешуді қала­майды. Осы орайда Қазақстан Журналистер Одағы­ның мүшесі Тұрақ Адисұлына «Жеңіс сарбазы» атты өмірбаяндық туындыны өмір­ге келтіріп, қазақ елінің кітап қазынасына та­тымды дүние қосқанына оқырман ретінде өз ризашылығымды білдіргім келеді.
Кітап рухани жаңғыруымыздың ең басты құралының бірі екенін білгеніміз жөн. Кітапты қазына дейміз. Өйткені қазақтың қара сөзі де, дана сөзі де – кітапта. Кітапты тілдік тұғыр дейміз. Себеп ұлтты ұлағаттайтын да, насихаттайтын да кітап.
Мәңгілік ештеңе де жоқ. Ендеше бәріне де төрелікті ұлы уақыт айтар.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

08 қазан 2019 ж. 2 532 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930