Ә.Нұрпейісов – ірі суреткер, әлем әдебиетіндегі елеуі құбылыс
“Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – “Қан мен тер” трилогиясы мен “Соңғы парыз” дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды”.
Герольд БЕЛЬГЕР
Қандай да болсын әдебиеттің күші халықпен, оның өмірімен тығыз байланысында. Ұлттық әдебиетіміздегі үлкен және шын мағынадағы халықтың өкілі есебінде көрінетін биік тұлғалардың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы халық өмірімен терең байланыста жатыр. Өз шығармалары арқылы өмір шындығына тереңдеп барып, оның күрделі жайларын суреттеу, сол арқылы қоғамдық дамудың сырын ойлану әдебиеттің көркемдік мүмкіндігін кеңейтті. Жазушы шығармаларында реализмге негізделген туындыларды жасай отырып, романтикалық сарындарды да пайдалана білген. Сондай-ақ кейіпкерлердің өсу кезеңдері де өзара қарым – қатынас пен іс әрекет үстінде көрсетіледі. Ауыл адамдарының психологиясы кәсіптің ұңғыл – шұңғылдары, табиғат көріністері өзара үйлесімді қалыпта суреттеледі. Табиғаттың о бастағы уыздай уылжыған күйі, қоршаған ортаға ықпалы, бәрі – бәрі де жазушы назарынан тыс қалмаған. Жазушы бүкіл шығармашылық әдістің басым бағыты реализмге табан тіреген. Реализм жазушы шығармасының басты өзегі болды. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» - өмірмен өзектес шығармалар. Шығарма тақырыбы бүгінгі күні өзек болған –экология мәселесі. Экологиялық зәрулік қазірде жеке адамның, жергілікті жердің ғана мәселесі емес, әлемдік деңгейдегі сөз болған мәселе. Романды жазушы он бес жыл жазды. «Қан мен тер» - символдық атау. Қан - өмір үшін күресті бейнелесе , тер - сол күрес жолындағы қиындықтар символы. Трилогияда халқымыздың Қазан төңкерісіне дейінгі, кейінгі тыныс- тіршілігі, Азамат соғысының зардаптары, Кеңес үкіметінің орнауы, тарихи бетбұрыстар кезіндегі адамдар арасындағы қарым-қатынастар кеңінен суреттелген. Шығарманың үш негізгі кейіпкері – Еламан, Ақбала, Тәңірберген. Еламан – кедейліктен көз ашпаған, қарапайым балықшы. Тәңірберген – атақты бай, мырза. Ақбала -өзі сүйген жанды сүйе алмайтын жан. Романдағы жиынтық мінез кейіпкерлері арқылы қазақ халқының тағдыры суреттеледі.
Кейіпкердің образын даралау жолында жазушы психологиялық тәсілдерді молынан қолданған. Әр сөзі сұрыпталған. Тілі таза, көркем. Автордың ой тамыры айқын. Шығармада образдылықпен қатар, ауыл өміріне тән типтік болмыс жақсы елестейді. Кешкі қоңыржай табиғат, үйді-үйге тараған балықшылардың жаяу-жалпы жүрісі, теңіздің баяу тоқыны адам мен табиғат арасындағы үйлесімді көрсетеді. Кейіпкердің жай-күйін теңіз толқынымен байланыстыра отырып, әдебиет әлемінің шеберлігін оқырманға таныта түседі.
Шығармада кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарынан, көзқарас қайшылығынан, табиғат тартыстарынан туатын болмыстар шебер өрілген. Образ жасауда автор кейіпкердің екі жақты- физиологиялық және психологиялық құбылыстарын жете қамтып, адам бейнесін толымды жасаған. Жазушы өз еңбегінде адам мен өмірдің диалектикасын жүзіктің көзінен өткендей бере білген.Ұнамды кейіпкеріміздің диалогтері оның ішкі мінез, қайсар қылық, заңды әрекет болмысын аша түседі.
Қазақ ауылы тұрмысы, жоқшылық зардабынан басталған шығарма балықшылар тағдырын баяндаумен жалғасып, сол тағдырдың тартыс жолында саналы күреске шығып, ескі өмірінің күйреуі, жар сүйіп, бақыт тауып, жаңа өмірге қадам басуы –тағдыр талайына мойымаған ,өмір күресімен бірге келетін жарық сәуленің тек күреспен келетінін сезген бейне арқылы көрсетеді. Қазақтың бүтіндей жаңа сипатта дамып келе жатқанын , адам тағдырының болмысын реалистік әдіспен оқырманға жеткізе білген «Қан мен тер», «Соңғы парыз»- шындықты бар сырымен ашқан туынды.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, өзгеше дүниетанымымен қалам тартқан Ә.Нұрпейісовтің шығармалары бүгінде қазақ әдебиетінің бай мұралары болып саналады. Теңізбен бірге жасасқан қаламгердің теңіз тағдыры мен қарапайым балықшы өмірін астастыра байланыстырған шығармалары әлемдік деңгейде өз орнын көрсетті. «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өлмес шығармаларының біз әлі де тұңғиығына бойлап болған жоқпыз. Пушкин, Абай жайлы зерттеулердің тоқталмайтыны сияқты Әбең туралы әдеби әңгіме де ешқашан тоқтамайды,»- деп жазушы Смағұл Елубай айтқандай, Ә.Нұрпейісов шығармашылығы қай тақырыпта сөз етсең де бүгінгі және келешек ұрпаққа таусылмас мұра. Жазушыға қандай сый, қандай атақ берсең де аздық етері хақ. Ә.Нұрпейісов- әлем әдебиетіндегі елеуі құбылыс.
Арал қалалық Т.Г.Шевченко атындағы
№13 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Диханова Ақзираш Нағашыбайқызы