» » Жол апаты неге жиіледі?

Жол апаты неге жиіледі?

Президент Қасым Жомарт Тоқаев өзінің «Twitter» парақшасында жол ережесін бұзғандарға қолданылатын заң жүйесін күшейту керектігін жазды. Себебі жыл сайын жол-көлік оқиғасы жиілеп, адам шығыны артқан. Мәселен, биыл жыл басынан бері 11 мыңнан астам жол апаты орын алып, 1552 адам қаза тапты. Оның ішінде Жаңақорған ауданында да биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Он айдың ішінде жол апатынан 10 адам қаза тауып, 28 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды. Бұл былтырғы жылмен салыстырған 3 есеге артқанын көрсетеді. Мұның салдары неден, жүргізушілер неге тәртіпке бағынғысы келмейді? Осының себебін зерделеп көрген едік.
    Алдымен статистикаға жүгініп көрейік. Ernur.kz сайты былтыр Қазақстан жол апаты бойынша әлемде көш бастады деп жария салды. Мәліметтерге сенсек, биыл әлем бойынша үздік үштіктеміз. Әрине мақтанатын, масаттанатын жағдай емес.
     2019 жылдың күзінде Сыр өңірінде жол-көлік оқиғалары бір демде 54 процентке көбейген. Жыл басынан бері жиын саны 402 жағдай тіркеліп, 83 адам көз жұмған. Тағы 464-і жарақат алды. Қазір облыс автожолдарындағы қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Күре жол бойындағы полиция бекеттерін оңтайландыру аясында Қызылорда облысындағы 3 жол полиция бекетінің қызметі тоқтады.
    Енді ауданға оралайық. Осыдан бір ай бұрын кентте 360 градустағы бейнені бақылайтын 28 камера орнатылып, күн сайын рейдтік шаралар жүргізілді. ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Жаңақорған кентінде халық көп шоғырланатын орындар мен А.Иманов көшесінің бойында полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ережені бұзғандарға айыппұл салды. Облыс орталығынан тәртіп сақшылары жиі-жиі келіп, құжаты дұрыс емес көліктерді айыппұл тұрағына қамады. Біздің бір түсінбегеніміз, камералар арқылы айыппұл салынбай ма, әлде салуға рұқсат жоқ па?
   Жақында кенттегі бас көше «Хорасанда» жас жігіт елуді еңсерген азаматтың көлігін соғып, қазаға ұшыратты. Ал Төменарық ауылдық округінде екі бірдей жастың өмірі қыршынынан қиылып, бір азамат ауыр жарақат алды. Бір апта бұрын бір үйдің тірегі, асқар тау әкесі темір тұлпардың «тепкісінен» көз жұмды. Бас-аяғы бір айдың ішінде төрт шаңырақ жақынынан айрылып, қайғыға душар болды.
   Иә, адамның өмірінен артық қандай құндылық бар? Белгіленген жылдамдықты сақтамау, тосын маневр жасау, бағдаршамға қарамау, қарсы бағытқа шығу секілді өрескел әрекеттердің соңы адам өмірін қиып жатады. Жүргізушілер жол қозғалысы ережесінің талаптарымен қатар, көлік жүргізу мәдениетін меңгере алмағанын көріп те жүрміз. Халқы мол Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония тәрізді елдерінде біздегідей алды-артына қарамай құйындатып өте шығу, көлікті қалай болса, солай басып озу деген атымен жоқ. Бәрі бір жылдамдықпен жүреді. Соның арқасында біздегідей кептеліс те көп емес. Керек тәжірибе...
   – Біз барынша рейдтік шараларды күшейтіп жатырмыз. Айыппұл салып, қатаң ескертулер берудеміз. Әрине тұрғындар бізге ренжулі көзбен қарайды. Тәртіпке бәрімізге ортақ емес пе? Сондықтан, жолда жүру ережесін мүмкіндігінше мұқият сақтау керек. Заң енді күшейе түседі, – деді полиция бөлімі бастығының орынбасары Айбол Жолдасбаев.
     Шыны керек, қазір Жаңақорғанда әр шаңырақта кем дегенде бір немесе екі темір көліктің қарасын кездестіру қиын емес. Себебі, қазір техниканың дамыған заманы, осыған сай тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да түзеліп келеді. Алайда, осындай өкінішке толы оқиғалардың шегі болмай тұр. Бейбіт күнде қазақ үшін кеселдің ауыры осы жол апаты болғаны қынжылтады. Ащы да болса шындық жол ережелерін бұзатындардың арасында мемлекеттік қызметкерлердің көліктері жиі кездеседі екен.
    Жалпы алғанда жол-көлік ережесін жиі бұзатындарың басым бөлігі ішімдік ішіп, мас күйінде көлік құралын басқарғандар екен. Биыл да осы жағдай қайталанып отыр. Мәселен, жыл басынан бері аудандық сотта 181 әкімшілік іс қаралса, соның 138-і масаң күйде көлік басқарғандар. Одан кейін қарама-қарсы бетке шығып кету, оқиға орнынан із суыт дерегі тіркелген.
    – Жыл сайын жолда жүру ережесін бұзатындар саны артып келеді. Ағымдағы жылы қаралған 181 істің 26-на айыппұл салынса, 24 жүргізуші қаумауға алынды. 111 тұрғын көлік басқару құқығынанан айырылды. Бір өкініштісі ереже бұзатындардың басым көбі көлік басқару құқынан айырылған жүргізушілер. Сондықтан олар 20 тәулікке қамауға алынуда. Заңды күшейте бергеннен тәртіпке бағынбайтындар азаятын емес, барлығы жағдай адамның өзінің санасына байланысты, – деді аудандық соттың аға сот приставы Мейіржан Тұрғанбекұлы.
     Айта кетейік, жол-көлік оқиғасына тағы да себепкер болатын жағдай – қараусыз жүрген төрт түліктің жол бойында жүруі. Соның салдарынан көлік шығыны жиі орын алады. Бұл туралы аудан әкімдігінде қаншама жиын өтті. Яғни иесіз жүрген малдардың қожайындарына айыппұл салу мәселесі көтерілген болатын. Алайда тұрғындардың уәжі де бар, олар жайылымдық жерлердің болмауын алға тартады. Олардыкі де орынды.
   Аудандық мемлекеттік кірістер департаментінде 9947 автокөлік тіркеуде. Бұл ресми тіркелген көліктер саны, тіркелмегені қаншама. Ал, басқа облыста тіркеуде жүрген көліктердің саны тағы бар. Әлі сырттан келіп, тіркеуде жоқ қанша көлік ауданда бар екені белгісіз. Барлығын есептегенде 20 мыңнан асып жығылады дегенді білдіреді. Қалай десек те, жол ережесіне мұқият қарау құқық қорғау қызметкерлеріне емес, өзіңіз үшін маңызды екенін ұмытпайық, ағайын...
    Тағы бір айта кетерлігі, биыл айыппұлдың көлемі биыл өсті. Мәселен, жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға дейін арттырғандар
12 025 теңге төлеп келсе, енді
12 625 теңге төлейтін болады. Тротуарда, гүлзарда, көгалда, балалар ойнайтын алаң мен спорт алаңдарында көлігімен тұратындар 24 050 теңгенің орнына 25 250 (10 АЕК) теңге төлейді. 2019 жылдан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бап, 8-тарауы бойынша ең жоғары айыппұл 200 АЕК, яғни 501 000 теңгеге жетті. Өткен жылы ең жоғарғы айыппұл сомасы 481 000-ді құраған болатын. Ал ең төменгі айыппұлдар әдеттегідей 2 АЕК-тен басталады.
    ТҮЙІН. «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар емес пе? Сондықтан, техниканың тілін тереңінен түсініп, өзіңнің емес, өзгенің тағдырын ойран етер ессіздіктен аулақ болған жөн. Мұндай апатты жағдай біреу үшін орны толмас қайғы болса, біреулер үшін сабақ. Біздікі тек айту, сараптау ғана.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
03 қараша 2019 ж. 585 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930