Ауданмен құрдас журналист
Зымырап өткен күндер-ай. Содан бері де 80 жыл болыпты-ау. Содан бері деп отырғаным ауданымыздың құрылған мерзімін айтып отырғаным ғой. Жұмбақтамай турасын айтқанда, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 17 қазандағы 1939 жылғы Жарлығы бойынша Жалағаш ауданы құрылды. Осы жылдың тап осы күні жаңадан құрылған аудан аймағында қазағымның отбасында талай сәбилер дүниеге келген шығар. Қанша сәби дүние есігін ашса да, солардың бел ортасында Мүсіркеп пен Назымның отбасында туған-туыстарын қуанышқа кенелткен нәрестеге ауыл-аймақтың үлкен-кішісі жиналып, ауыл ақсақалдары батасын беріп, Тұрсынбай деп ат қойған еді.
I
Ендігі айтарымыз соған арналмақ. Ендеше әңгімені кейіпкерімнің «Өзім туралы очерк» деген шығармасынан үзінді келтіріп, бастамақпын.
“Ата, сіз де бала болдыңыз ба?” Немерем Нұржан сұрағын төтесінен қойғаны.
Мәссаған, сұрақ болғаныңа. Бірінші сыныпқа барғалы сабағына қараймын. Жалыққан сәтінде ертегі айтамын, әртүрлі әңгімелерді құлағына сіңіремін. Содан екеуміз достасып кеткенбіз. Күн сайын ондаған сұрақ қояды, жауап беремін. Бірде «Сіздің де атаңыз, папаңыз болған ба?» деп сұраған. Содан жеті атасын жаттаттым.
Ғалым – Тұрсынбай – Мүсіркеп – Тәшен – Елеусін – Торғай – Найза – Рысқұл – Майлыбай – Жәментік – Табын – Кіші жүз – Қазақ» деп күн сайын айтқызамын. Жеті атасын біліп, жетелі боп өссін деген ой ғой, баяғы,
Әкем – Мүсіркеп Тәшен баласы 1906 жылы туған. Біздің ауыл «Елтай» колхозы деп аталатын. Сол ауылда әкем өндіріс бригадирі болып еңбек еткен. «Өз ой-пікірі бар ұстамды, мінезі қаттылау кісі» болған екен. Колхоз дәулеті жылдан-жылға арта түскен. Сексендей түтіні бар ауылдың азаматтары жаппай колхоз жұмысында. Егін салады, мал өсіреді.
Мен дүниеге келетін жылы 1939 жылдың егіні бітік шыққан. Күріштен мол өнім алған колхозшылардың көпшілігі Мәскеуге атақты ВДНХ-ға, халық шаруашылық көрмесіне барған. Менің әкем де сол көрмеге қатысып алған алтынмен жазылған Грамотасы бертінге дейін сақталған. Көші-қонымыз көп болған соң ба, әйтеуір көп құжаттың жоғалғанын анық білемін. Мәскеуден маған арнап патефон әкелген. Ән шырқайды. Дөңгелек табағы бар. Қолмен бұралады. Есім енгенше пайдаланғаным бар.
Шешем – Назым Баймаханқызы. Қатардағы қолхозшы, кейін өмірден өткенінше сауыншы болды.
Мен оныншыны бітірерде ауылға барып, шопан боламын дегенмін. Сол сөзім жүзеге асты. Бір топ комсомолдарды бастап, қой бағуға аттандық. Сол 1961 жылы Қызылорда пединститутына сырттай оқуға түскенмін. Қой бағып жүріп үш курсын бітірдім де, «Таң» бастауыш мектебіне мұғалімдік қызметке ауысып кеттім. Соған дейін 1961 жылы партияға кандидаттыққа өткенмін, 1962 жылы мүшесі болдым. Екі рет ауылдық кеңеске депутат болып сайландым.
Мұғалімдік еңбек жолым 1965 жылдың бірінші шілдесіне дейін созылды. Сол алпыс бестің бірінші шілдесінде аудандық партия комитетінің шешімімен мен мектептегі жұмысымнан босап, аудан орталығына аудандық «Жаңадария» газетіне әдеби қызметкер болып ауыстым.
Міне, менің соңғы 35 жылдық саналы өмірім өткен журналистік ұзақ жол осылай басталған еді.
...Өткен өміріме өкінішім жоқ. Шүкір, әкеден қалған екі қарындасым Күлән мен Күләшім екі ауылда, екі рулы елдің отын жағып, отауын үлкен шаңыраққа айналдырды. Жан-жарым Жақсыгүл баспаханада 30 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан».
Бұл – оның қысқаша өмірбаяны.
II
Дүниеге келген әрбір адамның өз өмір жолы болады. Ол жаңалық емес, табиғи заңдылық. Ал біздің кейіпкеріміздің о бастан таңдап, қалап алған жолы журналистика болды.
Газетке 1954 жылдан, яғни мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап хабар жазып, байланыс жасаған ол арада он жыл өткенде жазу қабілетінің барлығын көрсете білуінің арқасында уақыт оны 1964 жылы «Жаңадария» газетіне әдеби қызметкер қылып алып келді.
Аудандық газетті ауданның айнасы дейміз, оған ауданның тарихы деген сөзді қоссақ, артық бола қоймас. Өзі қызмет жасаған жылдар ішінде газеттің 3616 нөмірінің жарық көруіне тікелей үлес қосқан Тұрсекеңнің мақалалары кезінде үзбей жарияланып жататын. Арасында облыстық, республикалық газеттерде де шығып тұратын.
Жалпы Тұрсекең көп жазатын. Әрине көп жазу ерінбегендіктің белгісі емес. Көп жазу да толассыз шығармашылық еңбек, шығармашылық тер, шығармашылық шабыт десек те болады. Себеп үздіксіз жазбай қаламның ұшталмайтындығы, ойдың өспейтіндігі белгілі.
Уақытында жылт еткен жаңалықты елге жеткізіп, барды бардай, жоқты жоқтай көрсетіп, артта қалғанды алға жетелеп, кемшілікті күлтектемей жазып оқырмандардың жанашыры болған «Жаңадария» бүгінгі «Жалағаш жаршысы» газетінің тындырған ісі аз емес.
Ол көркем сөздермен сөз тіркестерін ұтымды қолданудың нағыз шебері еді. Өзінің әріптестерінен жазу жағынан оқ бойы озық болды.
“Мықты журналист тақырып іздемейді, тақырып мықты журналисті іздейді, Жаңалықтан қорықпау керек, жаңалыққа жармасу керек” дейтін.
III
Редактор болу – әр журналистің арман еткен қызметі. Тұрсынбай Тәшеновке дейін аудандық газетті 16 редактор басқарыпты. Ол – 17-ші редактор. Әр редактордың жұмысты ұйымдастыру мен басқару істерінде өзіндік стилі болатындығы белгілі. Редакция жұмысы басқа кәсіпорындарға ұқсамайтын орын. Мұндағы басты продукция – сөз. Олай дейтініміз, басылымның кескін-келбеті оқырманға сөз арқылы көрініп жетеді. Бұл тұрғыдан алғанда Тұрсекең газеттің үлкенді-кішілі материалдарының мазмұнды болуына айрықша мән беріп қарайтын және солай болуын талап ететін. Лездемелер өткізген кезде газеттің макетіне, оның әлпетіне, жарияланған материалдардың тақырыбына, жазылған жанрына, олардың орналасуына талдау жасай отырып, орайын келтіріп:
«Туындының тұздығы – тіл», «Оқырманға арнап жазбау керек, оқырманды арбап жазу керек», «Ойы бар журналист отырмас», «Журналист жортса табады, жазса шабады», «Талантты журналистің тақымы суымайды», «Газеттің меншікті тілшісі – ел ішіндегі елшісі», «Журналистке білгірлік, ойлылық, сезгіштік, болжампаздық, еңбекқорлық керек» дейтін қанатты сөздерді ұтымды қолданатын.
Осы жолдарды жазып отырғанымда лездемелерден алған әсерлерін редакция қызметкерлерінің «журналистік мектептен сабақ алып шыққандай болдық қой» деп айтқандары ойға оралады. Мұны алыста қалған күндердің бірінде тауып айтылған «сөзді» еске алу десек те болады.
Журналистиканы жанындай жақсы көріп, бар саналы өмірін осы салаға арнаған Тұрсекең редакторлық қызметті атқарған кезінде жас журналистерді бұл мамандықтың қыры мен сырына қанықтырып, дұрыс жол сілтеп, қаламдарын ұштап, қанаттарының қатаюына тікелей ықпал еткен еді. Мұны бүгінгі күні еске алудың артықшылығы бола қоймас деген ойдамыз. Өйткені өткен күндердің тәрбиелік мәні бар өнегелі жақсы ләзім аларлық істерін жас ұрпақтың білгені керек-ақ.
IV
Замандастары Тұрсынбайда бекзаттықтың белгілері бар ғой деп әзіл айтатын. Осы күні алыста қалған күндерді еске түсірсем, әлгі айтқан әзілдің арғы жағында айна-қатесіз шындықтың жатқаны ойға келеді.
Алла тағала оған сабырлы да сырбаз мінез, табандылық пен тұрақтылық, ыза жерді баспайтын сақтық, адами адамгершілік пен үлкен мәдениеттілік сияқты асыл қасиеттерді өлшеусіз берген. Оның қарапайым жүріс-тұрысының өзі, сөйлеген сөзі, адамдармен қарым-қатынасы ерекше болатын. Бір қалыптан айнымайтын, аспайтын, саспайтын, жалтақтамайтын, ерекшеленбейтін, кеудемсоқтыққа салынбайтын, асырып айтпайтын, білгенін өмір тәжірибесін жас журналистерге үйретуден жалықпайтын, міндетсінбейтін. Турасын айтқанда, Тұрсекең мінезге бай, көңілі судай таза, жора-жолдасқа адал, туған-туыстарға қайырымды, кімге болса да жанашыр, адалдық пен табандылықтың үлгісін көрсете білген азамат.
V
Азаматтың жақсылар қатарына қосылуына оның өмір жолындағы ортасының ықпалы ерекше рөл атқаратындығы жайлы айтылатын әңгіме көп.
Әңгімеміздің арқауын мектептен бастасақ. Ол оқыған класс оқушыларын кезінде №31 орта мектептің ұстаздар қауымы «ең жақсы класс» деп мақтан тұтыпты. Онжылдықты бітірген сол кластың барлық оқушылары дерлік жоғары оқу орнына түсіп, кейін еңбекке араласқанда «жақсы» деген атақты одан әрі жалғастырыпты.
Атап айтатын болсақ, Жақай Бодықбаев – Қармақшы ауданының әкімі, Садық Әлиев – аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Сахи Ыбыраев – «Таң» совхозының директоры, Жәдігер Балмағанбетов – Элеватор директоры, Талғат Жүнісов –совхоз партия комитетінің секретары, Тобаш Ембергенов – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Мақсұт Қалыбаев – ПМК-14 құрылыс мекемесінің бастығы, Мырзамұрат Ілиясов – аудандық газеттің редакторы, Амангелді Шілдебаев – аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Қалдыбек Әбдіқияров – коммуналдық шаруашылық басшысы, Сағыналы Құланбаев – Коммунизм совхозының бас есепшісі, Сейтбек Досаев – Қазақстан Ленин комсомолы совхозының бас экономисі, Тұрсынбай Ташенов – «Жаңадария» газетінің редакторы болып қызмет жасады.
Осы тұста Тұрсекеңнің өзінің жазбаларынан үзінді келтірудің орайы келіп тұрғаны:
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады. Істес болған азаматтардың бәрі бірдей ығай мен сығай, шетінен шебер еді деуден аулақпын. Олардың арасында іскер ыждағаттысы да, шалағай шабандары да болды. Көбінесе көп тығыз тапсырмалар қаламы жүрдек қиялы ұшқыр қағылездерге жүктелетін де, оралымсыз олақтары кейінге ысырылып қала беретін. Осыдан келіп жігіттер қабілетіне қарай іріктеліп ерекшеленетін де тәуірлері тұрақтап қалатын. Мен ондай ойлы үздіктер тобына тереңөзектік зейнеткер Сұлтан Қожаниязов, шалқарлық зейнеткер Баймахан Уызбаев, Мырзамұрат Ілиясов, қазіргі республикалық «Ана тілі» газетінің жауапты хатшысы Ертай Айғалиев, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім редакторы болған Айжарық Сәдібеков, Мәлік Аяпов, Ізбасар Мұстафаев, орта мектеп директоры қызметін атқарған Қалқаман Нұрғалиевтерді жатқызар едім. Өйткені бұл журналистер берілген тапсырмаларды сол сәтте орындап тастайтын.
Отыз жылға жуық мерзімде редакцияға ілгерілі-кейінді келіп-кетіп жатқан жігіттердің өзгелерден озық қасиеті – уақыт ұттырмай міндетіне алған жұмысты тез әзірлеп тастауға дайын тұратын. Сондықтан да бұлар елге жиі шығып, еңбек коллективтерін көбірек аралайтын. Ал оралымсыз олақтар ойланып, толғанып жүргенде уақыттан ұтылатын да тапсырылған тақырыптардың актуалдығы азайып, күн тәртібінен түсіп қалатын. Тіпті ондайларға үнемі ескерту жасалып, әлгі тақырып жаңа мазмұнда жаңғыртылып, қайта жазылатын».
Бұл жазбаны оның журналистік ұзақ жолдағы жақсы ортаға түскенінің айғағындай, шуақты күндерінің белгісі ғой деуге болады. Қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухамановтың «уақыт – әмірші, уақыт – сыншы, уақыт – емші, уақыт – төреші» дегені осындайларды айтқаны шығар.
VI
Ұзақ жыл журналистика саласында абыройлы еңбек еткен Тұрсекең редакторлық дәрежеге көтерілді. Редакторлық қызметтің қыры мен сырын толық игерген ол жас журналистерге қамқорлық жасауды күн тәртібінен түсірген емес. Оларды қолдау, біліктіліктерін үнемі көтеріп отыру, шеберліктерін шыңдай түсу, аға газеттерге жарияланған материалдардан тәлім алу мәселелерін назардан тыс қалдырмады. Соның нәтижесінде редакцияға әр жылдары жұмысқа келген жас журналистерден ысылған, елге, халыққа танылған мықты-мықты қаламгерлер шықты. Мысалы «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болған Еркін Әбілов, республикалық «Заң» және «Заман-Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған Бейбітбек Бүркітбаев, “Шартарап” баспасының директоры Құлтас Достанов, филология ғылымының кандидаты, ақын-сазгер Елена Әбдіқалықова, облыстық радиокомитетінің тілшісі Бексейіт Шайланов, облыстық баспасөздерде жауапты жұмыс жасаған Ізбасар Мұстафаев, «Жалағаш жаршысы» газетінің редакторы қызметтерінде болған Мәлік Аяпов пен Серік Бертаев сол жоғарыда айтылған кезеңнің түлектері еді.
VII
Осы мақаланы жазып отырып, Тұрсекеңнің «Жалағаштың жаршысы» атты кітабын қолыма алып, мұқабасын ашқанымда бірінші бетіндегі мына сөз көзіме оттай басылды:
“Құрметті Шәке! Сүбелі сөздің қадірін біліп, шығармашылығыңыз шарықтай берсін деген тілекпен автор.
Т.Тәшенов
6 қазан 2008 жыл”.
Автографтың жазылғанына да он бір жыл болыпты-ау. Содан соң кітаптан жазбама автордың сөзін міндетті түрде келтіруім керек деген тоқтамға келдім. Сондағы қалап алғаным «Ол бір ұмтылмас жылдар еді» деген ой толғамынан осы бір үзінді:
“Газеттің жыл сайын тиражын көбейтуге күш салатын едік. 3500, 4000, 4500 данаға дейін көбейген жылдары болды. Ол кезде тираж қуу ақша үшін емес. Партия өз газетін өзі таратады. Жетпеген қаржысын береді. Айлығың уақытылы. Сенің міндетің тек уақыт тынысына орай мақала жаз. Партияның саясатын халыққа жеткіз.
Осындайда: «Салтында жоқ кемшілікке төзетін,
Ол сезімтал жаңалықты сезетін.
Әрі ақылшың, әрі сенің кеңесшің,
Жаздырып ал «Жаңадария» газетін», – деп өлеңмен хабарландыру да жариялап қоятын. «Сынасын, мейлі жырласын, баспасөз досың, сырласың» деп жұбатып алып, партияның нұсқауымен өткір сындар да жарияланатын. Ол сын аяқсыз қалмайтын. Көбіне газетті қолдау жағы басым. Өзі журналист болған соң ба, әйтеуір, аупарткомның бөлім бастығы Шыңғыс Айбосынов ағамыздың алдынан көбіне еңсеміз көтеріліп, жеңіске жеткендей желпініп шығатын едік. Үгіт-насихатта Зияда Ижанов ағамыз отырды. Әдебиетшілігі басым. Әр сөзге саяси астар беретін. Көп нәрсе үйрендік. Бір газетте «Құсұясында» қарқын жоқ» деген тақырыппен сын мақала жарияланды. Күріш ору науқаны қарқынсыз жүріп жатқан бригада сыналған. Ал тақырыбын тура мағынасында алсаңыз, басқаша мағына береді екен. Біздер үшін бұл да сабақ.
Сол жылдары «Жетпіс қайда жарандар» деген сыни мақала шыққан. Ауыл клубының жұмысы сыналған. Бір күні бір жігіт келіп тұр. Төрдегі Сәкең, Сағындық Баймаханов «Жігітім, жәй жүрсің бе?» деп сұрады. «Іздеген екенсіздер», «Кім іздепті?», «Қайдан білейін, газетте «Жетпіс қайда, жарандар» деп жазыпсыздар ғой, Міне, мен келдім, атым Жетпіс» деп қарап тұр. Алдында онша мән бермеген жігіттер ал кеп күлсін. Сын мақаланың кейіпкерінің өзі алдыңда тұрса күлмегенде қайтесің. Мақала авторы Айжарық Сәдібеков жанына шақырып алып біраз сөйлесті. Ақыры екеуі достасып, қоштасқаны бар.
Сол Айжарық Сәдібеков – бүгінде республикаға белгілі қаламгер, Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі.
Еске алуға тұрарлықтай тамаша естелік емес пе?!
VIII
Өмірінің соңғы жылдары науқастың ауыр азабын көрді. Бірақ оған берілмеді, қолынан қаламын тастамады. «Біз елу жетінің түлектеріміз», «Майдангер ағаларым», «Жалағаштың жаршысы», «Сырда өскен Шынар» атты кітаптарды өмірге келтіріп, журналист, ауданның Құрметті азаматы Тұрсынбай Тәшенов 2011 жылдың 25-ші шілдесінде дүниеден озды.
«Өлді деуге сияма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»,
– деп Абай ақын айтқандай, оның артында алғаусыз сөзі қалды, өмірінің жалғасы Серікбай, Клара, Гүлнәр, Ғалым, Ғани, Ғазиз сынды ұл-қыздары қалды.
Балаларының барлығы да жоғары білім алды. Бәрі де мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етуде. Олардан сегіз немере сүйіп отырған ардагер ана Жақсыгүл бүгінде бәріне де шүкіршілік жасап, зейнеткерлік өмір кешуде.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер одағының және
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі,
ауданның құрметті азаматы