» » ІІМ: Тазабек полицейлерді патриотизмге үйретті

ІІМ: Тазабек полицейлерді патриотизмге үйретті

Ішкі істер министрлігі Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВТІҢ полицейлердің алдында оқыған даулы уағызына қатысты «Жас Алаштың» ресми сауалдарына жауап берді.  «Жас Алаштың» айналдырған нақты жеті сұрағына жалпылама жауап берген Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ басқаратын министрлік М.Тазабек полицейлерге діни тақырыпта емес, «патриотизм мен рухани адамгершілік тәрбиені арттыру тақырыбында дәріс өткізген» депті.

Әлеуметтік желіде айтыскер, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабектің полицейлерге дәріс оқып, уағыз айтқан даулы видеосы тараған бетте, 7 қазан күні «Жас Алаш» газеті ішкі істер министрлігіне нақты жеті сұрақ жолдаған болатын. Сонда «Жас Алаш» ішкі істер министрінен мынаны сұраған:
1. Әлеуметтік желіде айтыс ақыны, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековтің Қазақстандағы наразылық жиындары мен полицейлердің әрекеті туралы полиция қызметкерлерінің алдында сөйлеген видеосы  жарияланды. Әлеуметтік желіде жарияланған кездесу қай жерде және қашан өтті? Оған қанша полиция қызметкері қатысты?
2. М.Тазабеков полицейлермен кездесуге қандай мақсатпен, не үшін шақырылды?
3. М.Тазабеков полицейлермен кездесуге кім ретінде шақырылды: ақын ретінде ме, қоғам қайраткері ретінде ме, «Асыл арна» телеарнасының директоры ретінде ме, әлде уағыз айтушы тұлға ретінде ме? Ішкі істер министрлігі М.Тазабековтің қатысуымен бұған дейін қанша кездесу ұйымдастырды?
4. Ішкі істер министрлігі Мұхамеджан Тазабековтен басқа, полиция қызметкерлерінің алдында мұндай дәрістерді оқуға тағы қандай тұлғаларды шақырды?
5. Полицейлермен кездесу шарасы үшін ішкі істер министрлігі Мұхамеджан Тазабековқа қанша ақша төледі?
6. Полицейлермен кездесу жарияланған видеода наразылық жиындардағы полицейлердің әрекеті туралы М.Тазабеков былай дейді: «Сенің жаның ашып, «ойбай, өзімнің шешем сияқты шешем екен, өзімнің атам сияқты атам екен» десең, онда сен, шынында, мына жақтағы мыңдаған аталар мен апалардың тыныштығын бұзатын жағдайға есік ашып жатсың. Жан ашитын жер болады. Үйіңе бар да, шешеңнің аяғын жуып бер. Әкеңнің сақалын сипап отыр. Ал бірақ көшеде қоғамның тыныштығы үшін, мемлекеттің тұрақтылығы үшін, ел мен елдің қаны шықпауы үшін ана жерде приказ орындау керек».  Бұған қатысты пікіріңіз қандай?
7. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди «М.Тазабектің даулы уағызына қатысты тексеру жүргізіп жатырмыз» деді. Тергеу нені анықтады? Оның қорытындысы қандай?
Сұрақтарымызға ойланып-толғанып,  52 күннен кейін бір-ақ жауап берген ішкі істер министрлігі М.Тазабек полицейлерге тәлім-тәрбиелік, патриоттық тақырыпта дәріс өткізді, кездесуде дін тақырыбы қозғалмады депті. «Астана қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы қызметкерлерінің психологиялық ғылымдар докторы М.Тазабековпен кездесу өткізу фактісі бойынша қызметтік тексеру барысында «Патриотизм мен рухани-адамгершілік тәрбиені арттыру» тақырыбында дәріс өткізілгені анықталды. Дінді насихаттайтын тақырыптар кездесуде қозғалмаған.

«Ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде полиция сервистік модельге көшуде, бұл халыққа тікелей өзара іс-қимыл жасауды және қызмет көрсетуді көздейді. Күн сайын азаматтармен жеке байланысқа түсе отырып, полиция қызметкерлері олардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ коммуникабельді болуға және келіп түскен сауалдарға біліктілікпен жауап бере алуы тиіс. Өзекті тақырыптарды түсіндіруге және қызметкерлердің ой-өрісін кеңейтуге бағытталған осындай кездесулер мен дәрістерді өткізу – бұл полицейдің мәртебесі мен беделін арттыруға бағытталған идеологиялық жұмыстың бір бөлігі.
Ішкі істер органдарының бөлімшелерінде идеологиялық және тәрбие жұмыстары бойынша сабақтарды өткізуге қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары, ғалымдар, саясаттанушылар, Қазақстан халқы ассамблеясының, жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері тартылады», – делінген ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің бізге жолдаған жауабында.

Сонымен, ішкі істер министрлігінің жауабын мұқият оқып шықсаңыз, көп сұрақтың жауапсыз қалғанын байқау қиын емес. Мәселен, ішкі істер министрінің орынбасары М.Тазабектің даулы уағызына қатысты жүргізген тексерісі немен аяқталды?  М.Тазабектің көзі ашық дінтанушылар мен қоғам қайраткерлерінің наразылығын тудырған даулы сөзіне қатысты ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев не дейді? Тазабектің  алдында ата-анаңдай қарты адам тұрса да  «мемлекеттің бұйрығын орында» деген пікіріне қосыла ма? М.Тазабек полицейлерге дәрісті тегін өткізген бе, әлде министрлік оған кездесу үшін ақша төледі ме? М.Тазабек тәрізді нақты тағы басқа қандай тұлғалар полицейлерге дәріс өткізген?  «Жас Алаштың» сауалдарына сырғытпа жауап жолдаған министрлік бұл сұрақтардың бетін жылы жаба салыпты.  

Коллаж: zhasalash.kz
www.zhasalash.kz
06 желтоқсан 2019 ж. 587 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930