» » Көлікті жауыннан сақтайтын сұйықтық бар

Көлікті жауыннан сақтайтын сұйықтық бар


Жауын-шашынды күндері көлік оқиғасы жиі орын алып жатады. Оған себеп — көлік терезесінің суға малынып, жүргізушінің айналаны анық көруіне кедергі келтіруі. Қуанышқа орай, соңғы жылдары мұндай жағдайдың алдын алуға көмектесетін арнайы заттар шығарылуда. Ол — жауынға қарсы сұйықтықтар мен сулықтар.

Мұндай заттар көлік әйнегінің беткі қабатындағы ұсақ саңылауларға сіңіп, қорғаныс қабатын түзеді. Өз кезегінде қорғаныс қабаты әйнекке шашыраған су мен шалшықты бойына жуытпай, тез арада ағып кетуін қамтамасыз етеді. Жауынға қарсы сұйықтықпен өңделген әйнекке тамған су домалақ тамшыларға айналады да, қарсы соққан желдің әсерімен ұшып кетіп тұрады.
Жауынға қарсы сұйықтықпен өңделген әйнектің артықшылықтары:
  • шаң түйіршіктері тұрмайды;
  • көлік түтікшесінен шыққан газдың әсерінен майлы қабат түзілуіне жол бермейді;
  • шыны бетінен қар мен мұзды кетіру оңайлайды;
  • шыны тазалығы бұрынғысына қарағанда ұзағырақ сақталады;
  • әйнекке аққан су, шалшық ізі, яғни, айғыз тұрмайды;
  • шыны тазартқыштар бұрынғыдан жақсы тазалайды;
  • жауын кезінде, әсіресе, қараңғы уақытта бұлдырау бәсеңдейді;
Түрлері:
  • сұйықтық;
  • сеппелі баллон;
  • ылғал сулық;
  • дымқыл ысқыш.
Көлікті сұйықтықпен бір рет өңдесеңіз, әсері бірнеше айға созылады. Нақты қанша уақыт екені өнімнің сапасына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда сатылымда түрлі сапа мен соған сәйкес түрлі бағадағы сұйықтықтар бар. Арза түрлерінің бағасы 500 теңге көлемінде болса, ең қымбаттары 40 000 теңгеден асады.
Сапалы құрал жаңбыр суынан ғана емес, қар, балшық, сондай-ақ, әйнекті мұз қатуынан да сақтайды. Тиісінше, қорғаныш мерзімі де ұзақ болады.

Қалай қолдану керек?
  • Жауынға қарсы сұйықтықпен көлікті ауа райы ашық, температура 5-25 градус арасындағы жылылықты көрсететін күндері өңдеген дұрыс. Жұмысты күн сәулесі тіке түспейтін жерде жасаңыз.
  • Алдымен көлік әйнегін жақсылап жуып-тазалап, құрғатып алу керек.
  • Құрғақ шыныға жұмсақ мата не мақта тампонмен сұйықтықты жаға бастаймыз.
  • Сәл уақыттан соң қағаз майлықпен шыны беті мөлдір әрі теп-тегіс болғанға дейін ысқылап сүртіңіз.
Нұсқаулықта көрсеткеніндей дұрыстап жаға алсаңыз, ешқандай мәселе жоқ. Мерзімі біте бастағанда қорғаныс қабаты өздігінен ажырап, түсе бастайды. Оған дейін көлікті жуғанда арнайы әсері бар құралдар қолданбасаңыз, қарапайым жуу құралдары қорғаныс үлдіріне зиянын тигізе алмайды.
Ал, алғашқы өңдеуді дұрыстап жасай алмаған болсаңыз, оны алып тастауға тура келеді. Ол үшін аздап медициналық спирт тамызып жіберіп, қағаз майлық не кедір-бұдыры бар матамен ысқылау қажет.
Мұндай сұйықтықпен көліктің әйнектерін ғана емес, оның сыртын, шамдарын (фара), ішкі кілемшелерін де өңдеуге болады. Мұндай жағдайда көлік сырты мен шамдары ұзақ уақыт бойы таза болып тұрады. Ал, кілемшелердегі балшық пен қарды жуу өте оңайға түседі.

Жауынға қарсы сұйықтықты қолдан жасауға бола ма?
Болады және бұл өте оңай. Әрі арзанға түседі. Ол үшін сізге тек парафин мен еріткіш сұйықтық (уайт-спирит) керек. Алдымен парафинді майшамды алып, шамамен 10 грамдайын ұсақ көзді үккіштен өткіземіз. Содан соң 100 грамм еріткішті ыдысқа құйып, отқа қою керек. Еріткішті қайнауға жеткізбей оттан алып, оған парафинді салып ерітеміз. Сұйықтықты қақпағы бар ыдысқа құйып, жақсылап шайқап, араластырамыз. Жауынға қарсы әсері бар сұйықтық дайын, онымен көлігіңізді өңдей берсеңіз болады. Мұндай қоспамен өңделген көлікте қорғаныс қабаты 2 айға дейін сақталады. Жауын-шашын көп болған немесе көлік жиі жуылған жағдайда бұл мерзім қысқаруы мүмкін.
Жүргізушілер арасында сирек болса да, қолданылатын тағы бір әдіс — жуылған киімдерді шаюға арналған Ленор концентраты. Оны суға араластырып, шыны тазартқыш багына құяды. Осы сұйықтықпен бірнеше рет тазаланған шыны бетінде қорғаныс қабаты қалыптасады дейді қолданғандар.
Мұндай амалдарға артық шығын немесе еріккеннің ермегі деп қарамаңыз. Көлік күтімі өмір қауіпсіздігін арттыратынын естен шығармайық.

Дайындаған - А.Бектұрғанова
http://ernur.kz
27 ақпан 2018 ж. 710 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 664

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30