» » ШЫҒЫСТАН ШАШЫЛҒАН ШҰҒЫЛА

ШЫҒЫСТАН ШАШЫЛҒАН ШҰҒЫЛА

Бүгінде біз таңдай қағып, таңырқап жүрген ғылым-білімі дамыған Еуропаға өркениет біздің даламыздан барғанына тарих куә. Оған алыстан айғақ іздеп, дәйекті дәлел келтірудің де қажеті жоқ шығар. Бір кездері Батыс елдері жалаңаш жүргенде, иен далаға иелік еткен Сақтар алтыннан киім киініп, алтын ыдыспен ас ішкенін ешкім жоққа шығара алмайды. Тұлпарлар тұяғы дүбірлеткен ұлы даланы мекендеген арғы бабаларымыз сол заманда-ақ алтынды өздерінің тұрмыстық қажетіне тұтына бастапты. Жер астынан кен өндіріп және топырақтан алтынды бөліп алып, оны қорытудың өзі – үлкен ғылым...

Қазақ даласында білім-ғылымның өркендеп, қанат жайған кезеңі ІХ-Х ғасырлардан бастау алады. Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Игүнеки, Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қадырғали Жалайыри, Әбу Әли ибн Сина секілді ғұламалар Шығыстан шашыраған шұғыла еді. Солардың ішінде Әбу Насыр әл-Фараби (Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки) бабамыздың орыны ерекше.
Әбу Насыр бабамыз әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, метафизик, астроном, ботаник, лингвист, логиканың негізін қалаушы, саяси философ, эпистемолог, музыка зерттеушісі болғаны тарихтан белгілі. Бір ғана ғылымның саласы емес, жасынан терең білім алып, жаратылыстың барлық тылсым сырларына терең бойлап, зерттеген ғалымның артында қаншама құнды еңбектері қалды және сол еңбектер Шығыс өркениетіне, тіпті адамзаттың рухани әлемін нұрландырып, ғылыми технологияның дамуына жол ашты. Сондықтан да әл-Фарабиді "Әлемнің екінші ұстазы" деп атады.
Әбу Насыр әл-Фараби шамамен 870 жылы Фараб қаласында дүниеге келіп, 950 жылдар шамасында Шам шаһарында өмірден өтеді. Қасиетті Түркістан қаласын мекен етеді. Ол Әбу Жүсіп, Әл-Кинди, Аристотель, Платон, Порфирий, Клавдий, Птолемей сынды әлемге танымал ғалымдарды өзіне ұстаз тұтты. Сонымен бірге өзі де Ибн Сина, Яһя ибн Ади, Әбу Сулауман Сижистани, Саһаб ал Дин Суһраурди, Ибн Бажжаһ, Мулла Садра, Ал Амири, Ибн Рушд, Маймонд Мұса, Абу Рауһан ал-Тауһиди, Лео Штраус секілді атақты шәкірттер тәрбиеледі.
Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы Фараб сол ғасырларда ғылым-білімнің дамыған қала болды. Ал сол маңдағы сауда жолдарының торабын тоғыстыратын аса ірі мәдениет орталығы Отырар қаласындағы Александриядағы "кітап патшалығынан" бір мысқал да кем тартпайтын аса бай кітапхана бала Әбудің ғылым жолына түсуіне жол ашты. Сол кітапханадағы әлемге әйгілі ұлы ойшылдардың, ғалымдардың еңбектеріне деген қызғушылығы бала Әбудің парсы, араб, грек, қытай, санскрит, латын тілдерін үйренуге деген ынтасын оятты. Әлемге ортақ тұлғалардың философиялық еңбектерін ойына тоқып, өзінше ой қорытқан шәкірттің дүниетанымы кеңейе түсті. Ол Отырардан алған білімін алдымен Бұқарада содан соң Бағдат, Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында жалғастырды. Ол өзінің бүкіл ғұмырында "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат", "Музыка туралы үлкен трактат", "Ғылымдар тізбегі", "Бесінші трактат", "Медицина каноны", "Адам ағзасындағы мүшелер", "Жануарлар ағзасындағы мүшелердің құрылысы мен қызметі", "Жануарлар ағзалары", "Темперамент туралы", "Риторика", "Поэзия өнері туралы", "Вакуум туралы", "Теориялық арифиметикаға қысқаша кіріспе", "Болжамдағы геометрияға кіріспе", "Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс", Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме", "Фусул ал-Мадани", "Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат", "Мәселелердің түп мазмұны", "Кемеңгерлік меруерті", "Ғалымдардың шығуы", "Бақытқа жету", "Азаматтық саясат", "Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері" "Логика", "Диалектика" сынды ғылымның барлық саласын талдап, сүбелі еңбектер жазды және әлем ойшылдарының тарактаттарына түсініктемелер берді.

Әл Фараби дүниеге әкелген ғылыми, әдеби, мәдени, педагогикалық туындылар тек Азияға ғана емес, күллі әлемге шұғыласын түсірді. Бірақ, осыншама білім-ғылымды меңгерген бабамыз "Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Өйткені, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі" деді. Бұл сөзден біз "адам болмысы тәрбиемен қалыптасатынын, одан ары сол түзу шыбықты қисайтып алмай, тамырына нәр беру үшін білім алу қажет" дегенді түсінеміз. Яғни тәрбие мен білім ұштасқанда ғана адамдық болмыс айшықталады екен.
Әл Фарабидің артында қалған мұралары әлі күнге дейін адамзат баласы үшін мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Ғылымның дамуына қосқан үлесінен бөлек, адамзаттың рухани кемелденуі жолында да қисапсыз еңбек сіңірді. Кейбір тарихи деректерде екі дүниенің ілімін меңгерген ғұлама бабамызды 70 тіл білгені айтылады.
Биыл Әбу Насыр әл Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр және бұл айтулы датаны республика көлемінде атап өткелі отырмыз. Осы шараның аясында “Әлемнің екінші ұстазының" тек есімін ғана ұлықтап қоймай, оның орасан зор еңбектерін жастар арасында кеңінен оқытып, жүрегіне жеткізе алсақ, кейінгі ұрпақтың келешегі ізгіліктің, адамгершіліктің сәулесімен нұрланары хақ. Әсіресе, бүгінгі қоғамда орын алып отырған діни ағымдардан туындаған мәселелерді реттеуде, дәлірек айтсақ, адамзат баласының жаратылыс жайындағы таным-түсінігін кеңейтіп, дінге деген сенімін, көзқарасын дұрыс бағытта қалыптастыруда ықпалы болары еді және тәрбиелік тұрғыдан да маңызды рөл атқарар еді.

Қуат АХЕТОВ
28 қаңтар 2020 ж. 829 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930