Қыста автокөлік жолда тұрып қалғанда қалай жан сақтау керек?

Күртік қар қалыптасатын мезгілде әдетте күн суық болады. Мұндай кезде жолда тұрып қалған адамның аяқ-қолы, беті тез тоңады. Санаулы минутта қатты үсік шалуы мүмкін.
Алыс жолда автокөлікпен қар құрсауында қалып қойғанда:
- Қозғалтқышты радиатор жағынан жауып, оны мүмкіндігінше жел жағына қарай қою керек.
- Көлік маңайындағы қарды оқтын-оқтын күреп тұру керек.
- Кабинада газдың таралуына жол бермеңіз. Газ шығатын құбырдың қармен бітеліп қалмауын қадағалаңыз.
- Боран немесе қатты аязда көлігіңіз жүрмей қалса, оның үстіне, елді мекеннен алыста болсаңыз, автокөлік ішінде отыра бергеніңіз дұрыс. Телефонмен көмек сұраңыз немесе басқа көлік өткенше күтіңіз.
Автокөлік жолда өшіп қалса:
- Үрейленбеңіз, ахуалды, бағдар мен тоқтаған жерді, елді мекенге дейінгі қашықты, уақытты бақылаңыз.
- Көмек күтіп отырғанда ұйықтамауға тырысыңыз.
- Көлік қосылса, тасжолға, асфальты бар жолға шығыңыз. Мұндай жолда күртік қар көп болмайды және жиегі арқылы бағдарлауға болады.
- Әр автокөлікте мынадай заттар міндетті түрде болуы қажет: дәнекерлегіш (паяльник), арқан, көлік доңғалағына арналған шынжыр.
- Қатты аязда, қар жауып тұрғанда бірнеше автокөлік топтасуы керек. Көлік жүрмей қалған жағдайда басқа жүргізушілер көмекке келе алады.
Бет пен аяқ-қол тоңса:
- Жалаң қолға қар тигенде саусақтарды қусырып, киімнің ішіне сұғу керек. Қол құрғап, жылығаннан кейін ғана қолғапты кию керек.
- Қол қолғап ішінде тоңса, алақан-білекті бұлғақтатып, жаттығу жасау керек. Жұдырықты түймеген дұрыс.
- Аяқ тоңса да, бұлғақтатып жылыту керек. Башпайларды сыздап ауырғанына қарамай, бұлғақтата беру керек.
- Бет тоңса, қатты иіліп, біраз жүрген дұрыс. 10-20 рет еңкеюге де болады. Бетті қатты желден тығыз бетперде арқылы қорғау қажет. Үсіген жерді жұмсақ шүберекпен ысқылауға болады.