Қазақстанның жаңа бас мүфтиі сайланды
Қазақстанда бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлы ие болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚМДБ-ның сайтында жарияланды.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ құрылтайында Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды.
Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын бас мүфтилікке сайлады.
«Наурызбай қажы Тағанұлы менің бірінші орынбасарым ретінде көптеген игі жобаларды жүзеге асырды. Діни салада тәжірибесі мол. Наурызбай қажы Тағанұлының діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін», – деп атап өтті.
Құрылтайға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, діни саладағы ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыруға ниеттестік білдірді.
Айта кетсек, Наурызбай қажы Тағанұлы осыған дейін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды.
Наурызбай қажы Тағанұлы 1997-2006 жылдары республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастау алған.
2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы.
2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының бас сарапшысы.
2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы.
2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы.
2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы.
Еске салайық, Қазақстанның осы уақытқа дейін бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы болған еді.
stan.kz