» » ОЙЫН АЛАҢДАРЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?

ОЙЫН АЛАҢДАРЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?

Кент орталығында балалар ойнайтын ойын алаңдары аз. «Жоқтан жақсы» деп те көңіл жұбата алмайсың. Өйткені сол барының өзі әбден ескірген. Ескіретін де уақыты болмаған, бірақ, сапасыз, қадағалаусыз жасалған аттракциондар уақыты жетпей тозып кеткен.

Кент орталығын айтпағанда, Дәуімбай елді-мекеніндегі 5-6 жыл бұрын ғана ашылған демалыс бағындағы балаларға арналған ойын алаңының бүгінгі жай-күйі тым жадау күйде тұр. Бүгінде дәуімбайлықтардың бала­ларын апарып, көңілдерін аулайтын жалғыз демалыс орны – осы. «Ойын алаңы» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, мұндағы сойдақталған темір-терсек балалардың денсаулығына, тіпті өмірлеріне қауіпті. Оны ойын баласына түсіндіріп айта алмайсың. Бір бөлмеге қамалып, тәулік бойы теледидар мен телефонға телміріп отырған жерінен әрең алып шыққан соң сүлдесін сүйретіп ойнайтын әдетіне басады ғой олар. Мәселен, мұндағы тұла бойы темірмен құрсанған әткеншек әу баста стандартқа сай жасалмаған. Бөлінген ақшаны үнемдеген түрі ме, әлде сол баяғы жауапсыздық па білмедік, аттракциондарды құрастырғандар тербелмелі шығыршықтың (подшипник) орнына жіңішке доғал темір дәнекерлеп қоя салған. Темірге темір қажалғанда әлгі доғал иін көп өтпей желініп, жұқарып, ақырында ажырап кетеді. Ал бұл жауапсыздық пен сапасыз жұмыстың салдарынан талай бала құлап, түрлі дәрежедегі дене жарақатын алып жүр. Бір қызығы, осы жағдай қанша қайталанса да, әткеншекке шығыршық салынбады. Сондай-ақ, осы алаңда темірден дәнекерлеп құрастырған «сырғанақ», «айналмақ», «таразы» секілді аттракциондардың да қазірде тек қаңқасы қалған. Бірақ басқа амалы жоқ ата-аналар телефонға тәуелді болып қалған балаларын әлгі қараусыз қалған ойын алаңына апарып, бір сағат болса да, миын тынықтырып, бойын сергітуге мәжбүр. Кеше ғана ортасындағы діңгегі сынып, қи­саң­дап тұрған «айналмақтың» ас­тында қалған бір бүлдіршін басын жарақаттады.
Қысқасы, ойын алаңдарындағы аттракциондарды жасағанда бала­лардың қауіпсіздігі қарас­тырылмаған. Бөлінген тиісті қаржыға сапалы дүние жасауға болар еді ғой. Бала біздің – болашағымыз дегенді былайғы күндері көп айтамыз. Ендеше, біз сол ел келешегінің алаңсыз, уайымсыз ойнауына неге қолымызда бар мүмкіндіктерді жасамаймыз? Балалар аулада отырып топырақ шашып, саз балшық илеп ойнайтын дәуір өтті емес пе?! Әлемнің жаңаруын, қоғамның дамуын тек ересектер ғана емес, ХХІ ғасырдың балалары да сезіне алуы керек қой. Қазір кент, қала тұрмақ, ауылдың балаларының өзі шаңның арасында ойнамайды, олар да өркениетке ілесіп келеді. Бірақ мамандар оның балаға пайдасынан зияны көп екенін анықтап отыр. Таңнан кешке дейін теледидардың алдында отырып, түрлі ойындар ойнайтын немесе әр қуысқа кіріп алып смартфон шұқылау балаларымыздың бүлдіршін жастан көзінің көру, құлағының есту қабілетінің төмендеуіне әсер етіп, енжарлыққа, жалқаулыққа, тіпті жүйкесінің тозуына алып келіп жатыр. Қимыл-қозғалыстың аздығы одан да басқа түрлі ауруларға шалдығу қаупін туындатып отыр. Ал бұл – әрбір ата-ананы ойландыруы тиіс өте маңызды мәселе. Бұның алдын алу үшін не істеу керек? Әрине, баланы ойын алаңына апару керек. Иә, күн сайын көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншек қашанғы үйде қамалып отыра береді. Ол да бойына ауадан, күннен нәр алуы тиіс. Ол үшін оның ынта-жігерін, санасын жаулап алған қолындағы кішкентай құрылғының орнын ауыстыратын қозға­лысқа құрылған қызықты ойын керек. Алайда осы мәселеге келгенде тағы да кішкентайлардың алдында жер шұқып қаламыз. Ойын алаңдарымыздың сиқы анау...

Қазіргі балалардың талғам, тілегімен санаспауға тағы болмайды. Бүгінгі баланың түсінігін кеңес заманында өмір сүрген балалармен салыстыруға мүлдем келмейді. Өйткені бүгінгі ұрпақ есі кіргеннен-ақ әлемдік өркениет жайлы ақпарат алып өсіп келеді және соған сай түсінік, талғамы да қалыптасып отыр. Демек бала тәрбиесінде тек ата-ана ғана емес, қоғам ескеруі тиіс көп түйткіл бар. Соның бірі – айтып отырғанымыздай, бала­лардың физикалық белсенділігін арттыруға заман талабына сай жағдай жасау. Өйткені келешекті жасайды деп ел болып үміт артып отырған өскелең ұрпақтың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі ата-ананың ғана емес, қоғамның міндеті. Сондықтан да тиісті орындар тым болмаса кент ішіндегі ойын алаңдарына көңіл бөлсе деген халықтың тілегі бар.

Қуат АХЕТОВ

11 ақпан 2020 ж. 569 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930