ЖҮРГІНШІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАПЕРГЕ АЛЫНСА
Кент пен Дәуімбай елді мекенінің арасын тек темір жол ғана бөліп жатыр. Алайда, осы екі аралықтағы жаяу жүргіншілердің қатынасы қиын. Бұл мәселенің көтеріліп отырғаны бүгін ғана емес, бірнеше жылдан бері айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ, нәтиже жоқ, екі аралыққа қатынаған тұрғындар темір жол өткелінің қиыншылығын әлі тартып жүр. Халықтың барлығында бірдей жеке көлік жоқ, ал, кентішілік бағыттарға жүретін қоғамдық көліктер «Дәуімбайдың» ішін толық араламайды. Тек өзінің маршруттық сызбасы бойынша соңғы аялдамасына дейін бір жолдың бойымен барып, қайтады. Ал, кент орталығына қатынайтын Дәуімбай елді мекенінің солтүстігіндегі тұрғындарға күре жолдың бойына жаяулатып барып уақыт оздырғаннан, темір жолдың үстімен төтелеп арғы бетке асып түскен оңай секілді. Алайда, олар шойын жолдан өтерде біршама кедергілерге тап болады. Биік жарқабаққа баспалдақсыз алқынып әзер көтерілгенде олардың жолын қатар-қатар тоқтап тұрған жолаушылар пойызы мен жүк пойызының вагондары бөгейді. Амал жоқ, еңкейе алмайтын егделеу кісілер пойыз орнынан қозғалып кеткенше күтуге мәжбүр болады. Басы мен аяғы кенттің шығысы мен батысында тұратын отарба сені жұмысынан кешікті-ау деп уақытынан бұрын қозғалмайды. Кейде тіпті жүк вагондарының апталап, айлап тұратын кездері болады. Ондайда жастар мен балалар вагондардың астынан өтіп жатады. Тұла бойы қарамаймен құрсанған вагондардың астынан үстіңді былғамай өту және мүмкін емес. Ең бастысы, жаяу жүргіншілердің бұл әрекеті өз өмірлері үшін өте қауіпті. Темір жолдың рұқсат етілмеген тұстарынан өтемін деп қайғылы жағдайға душар болып жатқандар қаншама?! Бірақ, бұл күнделікті көз алдымызда өтіп жатқан көрініс болған соң мән бермейміз. Әйтпесе, жүргелі тұрған пойыз вагондарының астынан өтпек тұрмақ, темір жолдың өткелсіз тұсынан өту – тәртіп бұзушылыққа жатады. Тіпті оны қылмыс деуге де болады. Олай дейтініміз, тұрғындардың әлгіндей әрекеттері өз өмірлеріне қауіп төндіріп қана қоймайды, темір жол қозғалысында апатты жағдай туындатып, алысқа сапарлап бара жатқан қаншама жолаушыға да кесірін тигізеді. Алайда, сақтық ережелеріне бағынбайтын тұрғындарға да тыйым сала алмаймыз. Өйткені, арасын темір жол бөліп тұрғаны болмаса, Дәуімбай – кенттің бір бүйірі. Шойын жолдың екі қапталына халық қоныстанса ортада жаяу жүргіншілерге арналған қатынас өткелі болуы тиіс. Ал, ондай өткел мұнда жоқ. Сондықтан да тұрғындар шойын жолдың кез-келген тұсынан өтуге мәжбүр болады. Қазірде шойын жолдың шығысы мен батысында автокөлікке арналған өткелдер бар. Бірақ, қарбалас тіршіліктің қамымен қауырт жүрген жұртшылық өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін кенттің батысы мен шығысындағы айналма жолмен уақыт шығындамайтыны анық...
Қысқасы, тұрғындардың аралықтағы темір жолдың орта тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған өткел салынса деген тілегі бар. Бірақ, ол оңай шешіле қалатын мәселе емес, әрине. Аспалы көпір құрылысын аудан қазынасы көтермейді. Осы темір жол жүйесінің Өмірбай шешен көшесінің аяғы тірелетін тұсында өткел бар, сол өткел жаяу жүргіншілер үшін ашылады деген әңгімелер аракідік айтылып қалып жүр. Ол жайында біз кент әкімдігі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдары бөлімінің мамандарымен тілдескен едік. Олардың айтуынша, таяу арада осы мәселеге байланысты облыс орталығынан арнайы комиссия келіп, барлық заңдылықтарын жан-жақты зерттейтін көрінеді. Түсінуімізше, аталған комиссия темір жол астындағы өткелді ашу үшін оның техникалық қауіпсіздігі мен заңға сәйкес барлық талаптарын қарайды, содан кейін «Қазақстан темір жолы» АҚ-нан рұқсат алады, сондай-ақ, күнделікті сол өткел арқылы қатынайтын жаяу адамдардың санын нақтылайды.
Хош, үстінен күніге қаншама тонна жүк вагондары өтіп жатқан тас бетонмен тұрғызылған туннелдің ауыр салмақтан кез-келген жері сөгіліп, жарықшақ пайда болуы бек мүмкін. Осы тұрғыдан қауіпсіздігін тексеру керек те шығар, бірақ, әлгі комиссияға күнделікті өткелмен өтетін халықтың саны қаншалықты қажет? Бір адам өтсе де, жүз адам өтсе де, ең алдымен олардың жеке басының қауіпсіздігі сақталуы керек емес пе?! Жүргіншілерге темір жолдың асты емес, үсті қауіпті болып тұр ғой. Сондықтан бұл жерде өткелден өтетін жүргіншінің саны емес, адамның өмірі, уақыты ескерілуі тиіс секілді...
Қ.АХЕТОВ.