» » АЛАҢДАУҒА СЕБЕП ЖОҚ

АЛАҢДАУҒА СЕБЕП ЖОҚ

Расы керек, денсаулық сақтау саласындағы кейбір өзгерістерге әлі көз үйренбей келеді. Мәселен, темір жолдың арғы бетіндегі емханада туберкулезбен ауыратын науқастар емделеді. Бұл жағдайға кейбір тұрғындар үрке қарайды, себебі түсінікті де. Біз мұның жөн-жосығын анықтап көрген едік.
Сонымен, көпке ортақ емханада жұқпалы аурумен ауыратындардың ем алуы қаншалықты заңды? Сауалымызға аудандағы амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық аурухана бас дәрігері Ә.Бекбергенова жауап берді.
– Қабылданған қаулы-бұйрықтарға сәйкес 2016 жылдың 16 қаңтарында аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлік бөлімдер жаппай қысқартылды. Оның орнына аудандық ауруханалардың базасында туберкулезге қарсы диспансерлік бөлімдер құрылды. Яғни, біздің ауданда да фтизиатрия бөлімшесі жұмыс істеп келеді, – дейді бас дәрігер.
Сонда бұл бөлімше қандай жұмыстармен айналысады? Бөлімшеде 3 ересектер дәрігері, балалар дәрігері, күндізгі стационар дәрігері және 11 медбике жұмыс істейді. Мұнда туберкулезбен ауыратын науқастарға психоәлеуметтік көмек, психологиялық көмек, құқықтық көмек көрсетіледі. Айта кетейік, психоәлеуметтік көмекке есепте тұратын науқастарға емханаға келіп ем алып қайту үшін жол ақысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Мәселен, 2017 жылы емделетін 63 науқастың әрқайсысына жергілікті бюджеттен 22690 теңге барлығы 7303 мың теңге қаржы беріліп, әлеуметтік көмек көрсетілген.
– Біздің бөлімшенің міндеті – аудандық емханадан рентген, УЗИ аппараттары арқылы туберкулез аурулары байқалған науқастарды қайта тексеріп анықтап, бақылап емдеу шараларын жүргізу. Егер де туберкулездің жұқпалы түрлері анықталған жағдайда портал арқылы Қызылорда қаласындағы өкпе аурулары ауруханасына жіберіледі. Сонда қысқа және ұзақ мерзімді емдеу шараларының нәтижесінде қақырығында туберкулез таяқшасы жойылғанда ғана науқастар ауданға жіберіледі. Біздегі амбулаториялық ем күндізгі бақылау арқылы жүргізіледі. Яғни, маман дәрігер науқастарға дәрі-дәрмектерді көз алдында беріп бақылайды. Ал, күндізгі стационарда туберкулез таяқшасынан тазарған науқастар емделеді, – дейді бөлімше дәрігері Р.Ахетова.
Түсінгеніміз, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастар Қызылордадағы өкпе аурулары ауруханасына жіберіліп, ем қабылдайды. Ал аудандағы фтизиатрия бөлімшесінде амбулаториялық және күндізгі стационар арқылы емделіп жатқандар - туберкулез таяқшаларынан тазарған науқастар. Яғни, бұл мәселеде алаңдауға еш негіз жоқ екенін, тұрғындар өзгерістерге түсіністікпен қарау қажеттігін айтқымыз келеді.
С.БЕРТАЕВ.

20 қаңтар 2018 ж. 1 154 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930