» » АЙМАҚТА ЕЛБАСЫ БАСТАМАЛАРЫНА ҮН ҚОСУДЫҢ ЕРЕКШЕ ҮЛГІСІ БАР

АЙМАҚТА ЕЛБАСЫ БАСТАМАЛАРЫНА ҮН ҚОСУДЫҢ ЕРЕКШЕ ҮЛГІСІ БАР


ҚР Парламенті депутаттары аудандарға сапарында осындай ой бөлісті.
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының облысқа сапары бейсенбі және жұма күндері бірқатар аудандарда жалғасты. Кеше ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров және Парламент Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы Шиелі ауданын аралап, бірқатар өндірістік және әлеуметтік орындардың жұмыстарымен танысты. Сол күні түс әлетінде Шиелі аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, жалпы елдегі жағдайлар мен қабылданып жатқан заңдардың орындалу барысы туралы, кеңінен әңгіме өрбітті. Мәртебелі меймандармен бірге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сапарлас болды.
Депутаттар әуелі Алғабас елді мекеніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Жалпы құны 50 млн теңгеге салынған кешенде бұл күндері ауыл балалары күрес, бокс және командалық ойын түрлері – волейбол, баскетбол, стол теннисінен өткізілетін жаттығуларға қатысады. Жастарымыздың салауатты өмір салтына ден қойып, күні ертең ел намысын қорғайтын айтулы спортшы болып шығуына жол ашатын осындай орындардың көптеп ашыла бастауы Шиелі ауданы үшін қалыпты жағдайға айналғандай. Бұл туралы аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қонақтарға тарата әңгімеледі.
Сенаторлар былтырдан бері өз өнімін шығара бастаған «Мөлдір и К» ЖШС құс өсіру фермасына да аялдап, мұндағы шаруалардың өрісті екендігіне көз жеткізді. Аймағымызға белгілі кәсіпкер Насыр Мырзабековтің бұл батыл қадамы аудан халқын өз өнімімен қамтамасыз етумен қатар, жаңа жұмыс орнын ашу және де талаптанған адамның қандай да жетістікке жетуге мүмкіндігі бар екендігін дәлелдегендей. Өйткені, алғашында 10 мың бас құс өсірген ферма жақында екінші секциясын да іске қосып, жұмыс ауқымын молайта түскен-ді. Парламент Сенатының депутаттары жергілікті жердегі орта және шағын кәсіпкерлікті қолға алудың жарқын үлгісін көріп, ризашылықтарын білдірді. Сол күнгі жұмыс сапары кезінде қонақтар жаңадан салынып жатқан тампонажды цемент өндіретін «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның құрылыс жұмыстарын да назарға алды. 2018 жылы белгіленген кесте бойынша зауыт іске қосылғанда жылына 1 млн тонна өнім өндіреді және зауыт толық іске қосылғанда 260 жұмысшы-қызметкер еңбек ететін болады.
Иіркөл ауылдық округіндегі Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің жұмысымен танысу барысында сенаторлар бұл өлкедегі өнегелі үрдіс пен жаңару-жаңғыру жұмыстарының негізі әріде екендігіне көз жеткізгендей болды. Өйткені, мұндағы 41 Еңбек Ерінің құжаттары мен еңбек жолдары, дараланып, ынтымақ пен бірлікті насихаттап, алдағы жарқын істерге құлшындырып тұратындығы айқын аңғарылады.
Шиелі ауданының тұрғындарымен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесуде Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Сыр өңіріне келуді көптен мақсат етіп жүргендігін және де оның жыл басына орайлас келгендігіне қуанышын білдірді.
«Осыдан 5 жыл бұрын Қызылордаға іссапармен келген болатынмын, енді осы уақыт аралығында алты Алаштың анасы атанған аймақтың орталығы – Қызылорда қаласының тіпті көркейіп, жаңарып кеткендігіне қайран қалдым. Бұл – еліміздегі Астана, Алматы секілді бас қалаларының өскендігін ғана емес, дамудың жаппай елімізде өріс алғандығының белгісі. Бұл орайда Қызылорда облысының салтанаты мен сәнінің жаңаша кейіп пен келбетке ие болғандығына ризамын. Сондай-ақ, тамаша географиялық аймаққа орын тепкен Шиелі ауданында атқарылып жатқан ауқымды істерге сүйсінемін. Бұл, әрине, Елбасы бағдарламаларының тиянақты орындалуына күш салған аймақ басшыларының жемісті еңбегі, халықтың ауызбіршілікте жүйелі жұмыс істей білуінің көрінісі деп білемін», – деді.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарды тағы да көпшілік назарына ұсынып, мұның бәрі ел Президентінің сарабдал саясаты мен бағдарламаларының өміршеңдігінің көрінісі екенін сан саладағы жетістіктермен баяндап берді.
Жиында қойылған сауалдарға да тиянақты жауаптар берілді. Мәселен, аудан ардагері Рақым Мәуияұлы «Тіл туралы» заңның қайта қаралатын кезі келгендігін еске салса, ардагер Сейілбек Аманжолов «Ардагерлер туралы» заңға 1995 жылдан бері мораторий жарияланып қозғаусыз қалғандығын еске салды. Бұл сауалдарға сенаторлар Бектас Бекназаров, Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы толыққанды жауаптарын берді.
Жиын соңындағы құқық қорғаушылармен өткен кездесу барысында Парламент Сенаты төрағасының орынбасары елімізде ізгілендіру саясатының дұрыс бағыт алғандығын ортаға салды. «Өйткені, аяғын шалыс басқан адамды тек қатал жазалау арқылы емес, түсіндіру, бір-бірімен келістіру арқылы да қоғамға пайдалы азамат етіп шығаруға болатындығы туралы пікір шындыққа жанасады», – деді Бектас Бекназаров.
Кеше жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Бақытқожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман, Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева және Геннадий Шиповских Сырдария ауданында болды. Онда халық қалаулылары ауысымына 250 адам қабылдайтын орталық емхана жұмысымен танысып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті.
Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасы 36687 тұрғынға қызмет көрсетеді. Медициналық мекемеде 81 дәрігер, 371 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Орталық құрамында бір аудандық емхана, тоғыз дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік бекет, бір медициналық бекет, 135 төсектік тәуліктік стационар, екі ауылдық аурухана және 105 төсектік күндізгі стационар бар.
Орталық аурухана бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиеваның айтуынша, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2015 жылы бұл көрсеткіш 42,2 пайыз болса, 2016 жылы 72,3 пайыз, өткен жылы 81,5 пайызды құрап, 93,3 пайызға ұлғайды. 2016 жылы барлығы 43 млн теңгеге 40 дана құрал-жабдық алынса, былтыр 180 млн теңгеге қажетті медициналық құралдар сатып алынған.
Аудандық емхана жұмысымен танысқан соң депутаттар денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиында аудан әкімі Ғанибек Қазантаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел дамуының нақты бағыттары көрсетілген тарихи құндылықтар болып отырғанын айтып өтті.
Кездесуде Қуаныш Сұлтанов Елбасының бас­тамасымен елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға күш салынғанын, нәтижесінде респуб­лика көлемінде ірі кардиохирургиялық, басқа да орталықтардың бүгінде жемісті жұмыс жасап жатқанын айтты. Осы орайда халық қалаулысы Сыр елінде де денсаулық сақтау саласына айрықша қамқорлықтың бар екенін жеткізді.
– Жалпы, облыста көптеген ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысының «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының қарқынды орындалып жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатты. Облыс әкімінің бағдарламаларында да Елбасы тапсырмаларына айрықша маңыз берілген екен. Ал, енді денсаулық сақтау саласына келсек, бұл салада да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын байқадық. Медициналық нысандардың көптеп салынуы қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық қызмет сапасын көтеру туралы, тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту жайлы айтып келеді. Осы бағытта Сыр өңірінде, ауданда да айтарлықтай игі жұмыстардың бар екенін аңғардық. Облыстағы берекелі істерді көріп, халықтың көтеріңкі көңіл күйін байқап біз де қуанып отырмыз,– деді Қуаныш Сұлтанов.
Жиында Бақытқожа Ізмұхамбетов те сөз алып, лебізін жеткізді.
– Елімізде Елбасының басшылығымен көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер. Бүгін, міне, Сырдария аудандық емханасының жұмысымен танысып отырмыз. Ауысымына 250 келушіге арналған емханада 81 дәрігер, 300-дің үстінде орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді екен. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл үлкен еңбектің, берекелі жұмыстың нәтижесі екені белгілі. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту бағытында, сапалы медициналық қызметті жолға қоюды тапсырған болатын. Осыған орай көптеген ірі орталықтар ашылды. Мәселен, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін орталықтар бүгінде барлық облыста бар. Оларда білікті дәрігерлер жұмыс жасайды. Қызылорда облысында да денсаулық сақтау саласында нәтижелі жұмыстардың жасалып жатқанын күнделікті баспасөз, теледидардан естіп, біліп отырамыз,– деді Бақытқожа Ізмұхамбетов.
Өз кезегінде дәрігерлер де халық қалаулыларына алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

***

ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Б.Бекназаров бастаған сенаторлар М.Бақтиярұлы және Б.Еламанов жұмыс сапарымен Қазалы және Сырдария ауданында болды.
Аудандарда кездесу барысында депутаттар Сыр елінің әлеуметтік-мәдени дамуының негізгі қорытындыларымен және осы жылғы жоспарымен танысты. Аудан басшылары өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының жай-күйін және келешектегі дамуы жайынан хабардар етті.
Қазалы ауданына сапар барысында халық қалаулылары жолай әлемге әйгілі «Қорқыт ата» ескерткіш-кешенінде болып, абыз бабаның рухына тәу етті. Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен жаңа келбетке енгелі мұнда келетін меймандар қатары көбейген.
Қонақтар онда ескі дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 700-ге жуық құндылықтарға қанықты. Қасиетті мекенге, сәулет өнерінің үздік туындысына баланатын кешен жұмысына оң бағасын берген сенаторлар қасиетті мекеннің танымал туризм нысанына айналуына тілеулестігін білдірді.
Мұнан соң меймандар Қазалы қаласында, «Шығыс шамшырағы» атанған Ғани Мұратбаевтың тарихи мемориалдық мұражайында болды.
Мәдени мұрамыздың белгісіне айналған музейде 1500-ге жуық жәдігер бар. Ғанидың жұмыс бөлмесі, қолданған заттары, құжаттары сол заманның көзіндей. Қазалы қаласының өсіп-өркендеуі де кезең-кезеңімен бейнеленеді.
Аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездескен сенаторлар Парламенттің өткен жылғы заң шығару жұмысының қорытындылары туралы хабардар етті. Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров депутаттар бекіткен 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі шығыстары әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті. Оның пікірінше, қаржыландырудың 45 пайызға жуығы адам капиталын дамытуға арналып отыр. Таяуда қабылданған жаңа «Салық» кодексінің ерекшеліктері туралы да жан-жақты айтылды.
– Былтыр Жоғары палатаға 94 заң жобасы түсіп, оның 14-і Мәжіліске қайта қарауға жіберілді. Заң қабылдауда Сенат депутаттары барлық басымдықтарға ие, еліміз үшін аса маңызды заңдарды қабылдады. Мәселен, «Салық» кодексін тұрғындарға, кәсіпкерлерге тиімді етуді көздедік. Бүгінде бізде салықтың 36 түрі бар. Бұл әлі де күрделі. Заңның өзін заман талабына сай оны халыққа оңтайлы ету халық қалауларының негізгі жұмысы, – деді Б.Бекназаров.

***

Сенат депутаттары осы күні Тереңөзек кентінде Сырдария ауданының активімен, мәслихат депутаттарымен және жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Сенат төрағасының орынбасары ел Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызды рөлін атап өтті. Депутаттардың заң шығарушылық қызметіндегі кейбір жайларға тоқтала келіп, бұл істе ел мүддесі қай кезде де бірінші орында тұратынын мәлімдеді.
– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы, Астанада ШЫҰ саммиті мен EXPO – 2017 халықаралық көрмесінің өтуі еліміздің жаңа тарихында ерекше орын алады. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру аясында Елбасы тапсырмаларының орындалуын аймақ тұрғындарының қолдау білдіруі – заман талабы. Еліміздің дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына жаңа серпін беретін Президенттің реформалары саяси көрегенділік. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың сана байлығын кеңейтетініне сенемін, – деді.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ел Парламентінің атқарып жатқан жұмыстары ауқымды екенін, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, тұрғындардың шағын және орта бизнесті жүргізуіне мемлекеттің қолдауы тиімділігін көрсетіп отырғанын жеткізді.

***

Бейсенбі күні, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары киелі Қармақшы топырағына табан тіреді. Әуелі түркі әлемінің қазығына айналған Қорқыт бабаның кешенінде болған Мәжіліс депутаттары Қармақшы аудандық әкімдігінде аудан активімен кездесті.
Ел ағалары қосынын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Ерман, Абай Тасболатов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Геннадий Шиповских бастап, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев, «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досмамбетов қоштап келді. Шара тізгінін алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әділ Қошалақов аудан тыныс-тіршілігіндегі ілкімді істерді баяндай келе, Елбасының байыпты саясаты негізінде атқарылған маңызды жобаларға тоқталды. Әсіресе, аудандағы мемлекеттік бағдарламалар мен индустриялық-инновациялық жобалар туралы сөз етті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов тәуелсіздік алғанға дейінгі және егемендік жылдарындағы келелі істерге тоқталды. Тіршілік тоқыраған алмағайып уақыттарда Елбасының ел тұтастығы жолындағы елеулі істерін сөз етті.
– Қазақ елінің бізге дейінгі тарихында шекара болмаған. Ат тұяғы жеткен жерді меншіктеп алғанымен, құжат жүзінде, екі елдің басшысының қолы қойылып, ресми реттелген шекара болмады. Міне, тәуелсіз еліміздің шекарасы мығым, тұтастығымыз айқын. Елбасының салиқалы саясаты негізінде біршама асуды алдық. Кешегі әлемді мойындатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме – соның бір дәлелі.
Бұл – бірде-бір бала білімсіз болмасын деген Елбасының саясатын қуаттап отырған өңір. Диірментөбе ауылына ат басын бұрғанда соған көз жеткіздік. 10-15 түтіні бар шағын ауылда үш-төрт балаға барынша білім берілуде, – деді Қуаныш Сұлтанов.
Парламент Мәжілісі депутаттарының елге келудегі негізгі мақсаты – қайта қаралып жатқан заң-қарарларға ұсыныс жинау. Бұл жайында Сыр өңірінің тумасы Геннадий Шиповских мәлім етті.
– Қазір заң шығарушы органның алдында келелі жұмыс тұр. Біршамасын еңсердік. Еліміздің киноиндустрия туралы заңнамасы өзгертуге сұранып-ақ тұр. Заң 6 баптан тұрады. Елбасының мақаласы мен дәстүрлі Жолдауы Қазақстанды әлемге қара алтын және саяси жағдайлармен ғана емес, басқа салалармен де таныту керек екенімізді меңзейді. Қазақ даласы талай тарихи оқиғаның куәсі, қанша өткенді еске салатын орын бар. Одан бөлек, табиғаттың тылсым күшін бойына жиған мекендер бар. Соларды киноға арқау ету арқылы елдегі туризмді дамытуға болады, – деді Геннадий Шиповских.
«Нұр Отан» партиясы жұмысын жүйелеу, формальді жиындарды азайту, халықпен тығыз байланыс орнату, жылы кабинеттен шығып, ел тіршілігіне етене араласу турасында Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман сөз етсе, Бақтықожа Ізмұхамбетов қауіпсіздік мәселесін тілге тиек етті.
– Елбасы айтқандай, Қазақстанның даму қарқынын Сыр өңіріне қарап аңғаруға болады. Қызылорда қаласындағы сол жағалаудың игерілуі, тұрғын үйлердің көптеп салынуы, туу көрсеткішінің артуы – бәрі-бәрі елдегі саяси тұрақтылықтың арқасында жүзеге асып жатқан дүние. Сүлейлердің мекені, Алаштың анасы деп танылған бұл өңірдің өсіп-өркендеуінің куәсі болып жүрміз. Рас, елімізде демократияландыру процесі әлі жүріп жатыр. Бағыты жаман емес. Бірақ қауіпсіздік мәселесін назардан шығармауымыз керек. Бір ғана мысал, адам ескі үйде тұра алады, ескі киіммен жүре алады, бастысы, үш мезгіл ауқаттануы керек. Демек, азық-түлік қауіпсіздігі аса қажет, – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Мәжіліс депутаттары назарына бірнеше сауал жолданды. Білім және әлеуметтік жәрдемақылар төңірегінде мәселелер біршама қаузалды. Халық қалаулылары атаулы мәселелерді мінберден көтеруге сөз етті. Себебі, олардың міндеті – ел сөзін билікке жеткізу.

«Сыр бойы» тілшілер тобы.

07 қаңтар 2018 ж. 1 016 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 781

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031