Ана жүрегінің қуаты
Иә, бұл да демін ішіне тартқан қатулы қазақ тарихының қанкешті бір парағы. Бордай дейтін әжеміздің басынан өткен қилы оқиғалар. Болған жайды болған күйінде баяндап беруді жөн көрдік.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары. Арқаның қысы арқырап тұрған уақыт. Елге оба дейтін дерт тарап, бір төбенің айналасын қыстап отырған ағайынды төрт шаңырақтың отағасы, үлкендері баудай қырылады. Бордай әжеміздің күйеуі, төрт ағайындының кенжесі Тасболат та қайтыс болып, жесір қалады. Онымен қоса Тасболаттың басқа ағаларынан қалған он жасқа толмаған балалардың өзі жиырмаға жуықтайды. Оған өзінің ұсақ балаларын, өзге ересек балаларды қосқанда қырыққа тақау жан қалады. Бас қалқалары – Бордай әжеміз және Тасболаттың тұңғышы 20 жасқа енді ілінген Байділда, біреуді біреу білмей мәңгірген, әркім жанын сақтап қалуға қам қылған заман. Сонда Бордай әжеміз мұнда еш туысы жоқ панасыз қалған балаларды бір жағы обадан алып қашып, бір жағы аталары өскен жұртқа апармақ болады. Түрлі жағдаймен Арқаға ауып келген төрт ағайындының ата мекені Сыр өңірі екен. Енді мынау Арқадан сонау Сырдың бойына бармақ.
Әттең, осы күннің көлігімен бір-ақ күнде жетер жер ғой дейсің. Шиқылдаған сарауыз балапандардың бірін-біріне мінгестіріп, бірін кебежеге салып, бірі жаяу дегендей шұбыртып көшкен көш 3-4 ай жортады. Ондағы азап пен қасіретті адам айтып тауысқысыз. Балалар шетінен шетінейді. Тіпті түйедегі кебежеге салып қойған Бордай әжеміздің Айсұлу, Күнсұлу дейтін екі қызы бір-біріне асып қараймыз деп бірін-бірі түйенің астына алып түсіп опат болады. Жол бойы адам көміп отырып арып-ашып, өліп-талып Сырға жеткенде әлгі адамдардан 7-8-і ғана қалыпты. Келген соң ауа жақпай тағы өліп, ең соңында Бордай әжеміз, Байділда, үш-төр жасар бір бала және омыраудағы сүт кенжесі Сәдуақас қана қалыпты. Біраз уақыт өтіп үйренісіп, «енді өлім осымен тоқтап қалар» деп үміттеніп отырғанда көшті бастап келген Байділда да қайтыс болады. «Жап-жас болып оншама жерден бұ жаққа балаларды бастап қалай келді екен?» деген елдің сөзі тиді ме, көзі тиді ме, Байділдам ауырмай-сырқамай қайтыс болды ғой, қарғам!» дейтін көрінеді әжеміз.
Қабырғасын қайыстырған қайғыны көтеріп, қалың жұрттың ішінде бұлар да тіршілігін жалғайды. Сол Сырдың бойында 1941 жылға дейінгі қазақ не көрсе соны көріп өмір сүріп жатады. Ішіңіз сезіп отырған шығар, аяқ астынан бұрқ ете қалған алапат соғыс әжеміздің жалғызы Сәдуақас пен қайынын солдаттар қатарына іліп әкетеді. Бордай әжеміз мәңгіріп қалыпты дейді сонда. Баласын құшақтаған қолдары тас болып қатып, үн-түнсіз отырып қалыпты...
Сәдуақас кеткенде үйде бір жылқы, бір сиыры бар екен. Бордай әжеміз сол екеуін күндіз-түні күзетеді дейді. Біреу-міреу алып кетеді десе керек, «Сәденнің аты, Сәденнің сиыры» деп оларды үйге кіргізіп алыпты. Қора емес, үйге. Суды алыс өзеннен иінағашпен әкеліп суарып, кейде тіпті құшағына балта қыстырып өзі босағада жатады екен. Біреуге қаралы қағаз келіп жылап, біреудің жаралы ұлы келіп жылап, ел күнді күнге, түнді түнге жалғап жылаудан көз ашпаған ауыр кезең. Көп уақыт өтпей-ақ қайнысы жайлы да қара қағаз келіпті. Қайғы онан сайын қалыңдап, үрей онан сайын үдеп Бордай әжеміз де құдайдың құтты күні жылаумен болады екен.
Бір күні кеште Бордай әжеміздің үйіне көршілері кіріп келеді. Орнынан атып түрегелген әжемізге қуанышты хабар айтады. «Сәдуақас, Сәденіңіз келді, апа!» – деп сүйіншілейді. Сол кезде күтпеген оқиға орын алады. Әжеміз талып қалыпты. Кейін өзі айтады екен: «Бір есімді жисам, қазан жақта адамдар жүр екен. Сәденіме сақтап жүрген сарымайым бар еді, соны ұрлап жатыр екен деп орнымнан тұрайын десем қозғала алмаймын. Одан қайта ұйықтап кетіппін. Түн болып кетіпті. Есімді енді толық жинап қалған секілдімін. Бағана келгендердің сөзі есіме түсті. «Сәденіңіз келді!» деп еді ғой. Сәденім менің төсегімнің алдында жататын. Келсе сол жерге жатады ғой деп қарасам, құдайым-ау, жатыр сол жерде! Қорылдап ұйықтап жатыр. Сенер емеспін. «Сәденіңмін» деп келіп Сәденнің атын алып кеткелі жүрген біреу болмасын, – деп ойлап қоям. Содан кейін төсектен түсіп ақырын аяғын сипаласам Сәденім секілді. Сәденнің оң жақ аяғында бала күнінен қалған болмашы ғана ай секілді тыртық бар еді, қолыма сол іліне кетпесі бар ма! «Сәден-ау, Сәденсің бе?» десем «Апа, мен келдім» дейді. Құдай-ау, шын екен. Құшақтай бергенім сол еді, мен бейшара қайта талып қалыппын ғой…».
Сөйтіп, әжеміз жалғыз ұлымен қауышады. Ары қарай өркенді өмір басталады. Сәдуақас Күләш деген тәрбиелі, көргенді қызбен үйленіп, екеуі аналарын өмірінің соңына дейін алақандарына салып әлпештейді. Cәдуақас та айнала жұртқа аяулы, кісілікті, ерен азамат екен. Құдай тілегін беріп ұрпақтары өсіп-өркендейді. Қазір қара шаңырағы тамыры терең, жапырағы жайқалған теректей мәуелі әулет. Қызылдорда облысы Сырдария ауданында тұрады.
Он құрсақтан бір жалғыз қалып, бір жалғызы соғысқа кетіп, Алла аман сақтап қалған Бордай әжеміздің Сәдуақасынан қайта қаулап өскен өрендер, Төлегеннен төртеу, Сансызбайдан бесеу, Рәбиғадан алты бала өмірге келіп, олардан немере-шөберелер тарап қазір де бір қауым елге айналған.
***
Сыр сүлейі, арынды айтыс ақыны Нұрмат Мансұрдың үйінде отырғанда анасының ағытылып айтқан осы әңгімесі көкірекке көп салмақ салды. Міне қызық, осы оқиғаны баяндаған Нұрматтың анасы Рәбиға сол Сәдуақастың жалғыз қызы екен. Көкейімнен кетпей қойған осы әңгімені көпке жеткізуді міндет санадым. Өткен-кеткенді әңгіме қылғанда Бордай әжеміз: «Мен қанша жыласам да Аллаға еш налыған емеспін, жалынып жақсылық сұрай бердім. Кейін ойласам Алла берген жақсылық деген сол күш-қуат екен ғой…» дейді екен. Үзіле жаздап жалғанған текті әулеттің ошақ оты маздай берсін! Құдіреті күшті Алла тағала аналар жүрегінің қуатын арттыра бергей!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ