» » » ЖАЛҒЫЗЫН КҮТКЕН ЛӘПИЛА ӘЖЕЙ

ЖАЛҒЫЗЫН КҮТКЕН ЛӘПИЛА ӘЖЕЙ



О-о-о-о, Дүние-ай!
Сағындым, Жексенұлым, Қосшығұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбыным.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.
Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа,
Сендерге бәсіре деп өзі жоқта.
Ірімшік, құрт-майымды сақтап жүрмін,
Бір тойың болады-ау деп осы жақта...
Бұл – Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы «Қара кемпірдің зары». Мұндай тағдыр жалағаштық Ләпилә әжейдің де басынан өткен. Ананы баладан, баланы әкеден айырған сұрапыл соғысқа кетіп, қайта оралмаған жалғыз ұлын ғұмыр бойы күтіп өткен Ләпила анамызды жұрт әлі күнге аңыз етіп айтады. «Менің баламның өлуі мүмкін емес, келеді әлі, көресіңдер» деген ғазиз ана Жеңістен кейін ұлын 40 жыл күтіпті. Қоразбай молда еккен суреттегі жалғыз қара талдың түбінде отырып, жол қарап, баласын тосумен болды. Майдан даласынан қара қағаз келсе де, Ләпила әжей жалғыз ұлының өлгеніне сенген жоқ. Өйткені, соғыстан кейін «өлді» деген тізімге алынған солдаттардың көбісі елге қайтқан. Соны көрген анамыз өзінің дәм-тұзы таусылғанша ұлының келетініне сенді...
Кент орталығындағы үй ауласының бірінде өсіп тұрған ірі әрі бойшаң қара талдың тарихын білмек болып, белгілі тарихшы Марат Шөмекейге жолықтық. Ләпила әжейдің көршісі болған ол бізге ұлы үшін анасының қандай қасірет шеккенін айтып, қара талдың тарихынан сыр шертті.
Ләпила әжейдің замандасы, тыл ардагері, қазір жасы 95-ке келген Шолпан әжеміздің сөзінше колхоз жұмысында жүрген Байсопақ келіні Ләпиланың баласы Боранқұл әскерге 1942 жылы шақырылыпты. Боранқұл «Қатарларым майданға кетіп жатқанда, ауылда қалғаным жарамас, ел-жұртқа қай бетіммен қараймын. Бәрінен де шешеме қиын болатын болды-ау, пішен ору, отын шабу, үй тірлігі қаншама! Әттең, бір інім болғанда ғой, бар шаруа­­ны тапсырып майданда көңілім орнығып жүрер еді» деп ішкі өкінішімен майданға аттанған екен.
Жалғызын шығарып тұрған анасы: «Айналайын құлыным, өз-өзіңе сақ бол, аман-есен орал. Жолың ақ жол болсын!» дегеннен басқаға мұршасы келмей, қос жанардан жасы тамып қала берді. Пойыз болса батысқа қарай жүріп кетті.
Әрбір күнін сағынышпен өткізген ғазиз анаға 1943 жылы баласынан «қара қағаз» келді. Суық хатты қолына алған ана қатты науқастанып, есеңгіреп қалады да, колхоз жұмысына баруды да доғарады. Іш күйігінен өкіметтен безіне, ен далада жертөле қазып, жатақ құрады да қалған ғұмырын адамдардан жырақ, елсізде өткізуге бел буды.
Соғыстан оралған қайынаға, қайнылары жанашырлық білдіре колхозға қайта келуін өтінгендерімен Ләпила әжей айдалада жападан-жалғыз өмір сүре береді. Сонда ­Самырат есімді қайнысы: «Бүйтіп жүріп өліп қалсаң, ит-құсқа жем боларсың. Өзіммен бірге ала кетемін! Жолға дайындал!» деп, жеңгесін Жалағаштағы ағайындардың ортасына көшіріп алып келеді. Мешіт ұстап, бала оқытқан Қоразбай мен оның бел баласы Ысқақ молданың бұрынғы мешітінің қасына үй салып, сол маңға орналастырады.
– Топсалы білезіктері бар білектері болса білезік таққаннан гөрі ертегідегі батырлар сияқты найза ұстауға лайығырақ па дерсің. Басқа кемпірлердің де құрт-ірімшіктері тәтті, бірақ өзінің тіл үйірер дәмі таңдайыңнан кетпейтін мұндай құртты тек айқай әжеміз ғана жасайтын. Ара-арасында тәбетіміз құртына ауғанда, ашырқанып жеуді құмартқанымызбен сұрауға батылымыз жетпей, айқай әженің үйінің жанына жақындап, қашан шығады екен деп күтіп тұратынбыз. Ала жаздай жалаңаяқ жүретін дыбыссыз қадамдарымызды естиді десең, сексеннен асқан кісінің есту қабілеті қанша дегенмен бұрынғыдай сақ болмас. Әлде келіп тұрғанымызды төсекте шалқасынан жатқан денесімен естіп-сезеді ме, бірақ көп күттірмейтін. Есігінен шыға сала бізді көріп қайтадан үйіне тоңқаңдап кіргенде кеуіліміздегі қалаудың орындалатынын біле, бір-бірімізге ұрланып қарайлай, дауыстап күлуге дәтіміз бармағанымен езуіміз екі құлағымызға жеткенше ыржиып, қуанып қалатынбыз. Күміс теңгелерден соғылған шашбау­лары күміс түстес шашымен бірге өрілгесін бе пошымы ерекше үйлесімді келген қария әжеміз етегін толтыра құрт алып шығып, әрқайсысымызға тең бөліп беретін де, біз мәз болып, жүгіріп, көзден таса болып кеткенше жабыңқы көңілі жазылмас­тан артымыздан қарап тұратын. Әженің кескін-келбеті өте сұсты еді, өмірі бір күлгенін көрмеппіз, сүйектері ірі, әжім басқан бет-әлпеті бидай өңді келген, өткір жанарлары қой көзді, біз естіген дауысы ентікпеден болу керек қырылдап-сырылдап шығатын. Жас кезінде қоңыр дауыс­ты болғаны білініп тұр. Кигені баяғы салттан қалған киімдер болатын, ақ жаулық орамал, қапсырмалы камзол, ұзын әрі кең болып келген тік етекті көйлек. Іш-тондары ақ түсі басым боп келсе, сырт-тондары қара түсті болатын. Қыстың күндері түлкі терісінен құралып жасалып, қыжыммен тысталған ішігінің белін қызыл шүберекпен буынып, аяғына құрым теріден тігілген, ұзындау қонышты, жай табанды етік киіп, жаз күндері мәсі-кебісін тас­тамайтын. Бұл Ләпила әжейдің үйі мен біздің үй бір аулада орналасқан. Өмірінің соңына дейін ұлын күтумен өткен ана-әжеміздің үйтамынан қалған қам кесектерді де аяқасты етпейін деп, бөлек жинап қойдым. Ал қара талы әлі күнге дейін тұр. Қоразбай және Ысқақ молдалардың мешітінен шыққан тас­тарын да сақтап қойдым, – дейді әжейдің көзін көрген немере туысы әрі көршісі Марат Ақмырзаұлы.
Шолпан апамыздың айтуынша, аталған қараталды ХІХ ғасырдың аяғында немесе ХХ ғасырдың бас кезінде Қоразбай молда еккен сыңайлы. Қоразбай молданың осы қараталы мен мешіті сол кездегі темір жол бекетіндегі станция басынан қарағанда қалың қамыс басқан көлдің арғы бетінен мұнарлап тұрады екен мен мұндалап. Суреттегі қаратал мешіт­тің арқа тұсынан егілген. Қыстауға келген Дәуімбайдағы ел-жұрт балаларын «Иманқұл» мешіті салынғанға дейін осы Қоразбай мешітін­де оқытқан екен. Жаз жайлауда Қара­құмда да Қоразбай молда мешіт ұстаған кісі. Қарақұмдағы мешітінің де құландылары осы күнге дейін бар деседі.
Марат ағай өткен жылдың күзінде бау-бақша жерін құнарландырып жүргенінде осы Қоразбай мешітінің іргетасына қаланған ірі-ірі тастарға тап болған екен.
Мұны көрген ол: «Бұл тас­тар мешіттің іргетасы деп топшыладым. Себебі, осы күндері көзі тірі Шолпан апам да, марқұм боп кеткен Ысқақ молданың бел балалары Құдайберген, Алдаберген әкелерім де ауламыздың төрінде Қоразбай мен баласы Ысқақ молдалардың салдырған мешіті болған» дегенді айтып отыратын. Құдайберген, Алдаберген әкелерім: «Ата-бабамның құтты мекенінде қонып кетуге келдік» деп талай мәрте үйімізге қонып кеткен кездері де болды. Құдайберген әкем өз баласы Алматқа да «Ақмырзаның баласы, құрдасыңның әрі туысыңның үйіне қонып тұр. Біз осы жерде дүниеге келіп, осы жерде ойнап, өстік. Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің туыстары әкемізге қайтыс болған солдаттардың рухына осында келіп құран оқытатын. Ақсуға соғыс аяқталған жылы ғана көшіп келдік. Құтты мекенді таза ұстайтын адам керек болған соң Ысқақ әкем үкіметтің қатаңдығына қарамастан мұсылмандық бес парызды қалт жібермейтін немере келіні Бекқұлықызы Қазинаға тапсырып кеткенін айтып оты­­ратын» деп әңгімесін әрі жалғады.
Мешіт іргесінің тастары қаз-қатар жатыр. Кейбір жерлері екі қатардан қаланған. Шамамен бөлменің «Г» әрпі тәрізді жерге төселген бір бұрышын аршып алған. Қалғандары бақшаның қоршау астында жатқан соң, одан әрі қазу жұмыстарын жүргізбепті. Жер астынан сыртқа шығарылған ауыр тастарының салмағы шамамен отыз-қырық келідей болып қалады.
Осы Қоразбай молда мешітінің жанында бұрын Ләпила ананың үйі болған. Әжеміз ағайын-туыс, қоңсы-қолаңмен қоштасар кезінде «Мына, молда қайнағамның мешіт іргесіне салынған тоқал тамым құлап, төбе боп қалғанша жатсын. Ертең Боранқұлым келіп қалса, «Шешемнің үйін неге бұздыңдар?» деп жүрер. Шет мемлекетте тұрғасын елге келе алмай жүрген ғой. Кейін уақыт өте балам мен немерелерім келіп қалар» деп жалғызын күткен әжей 1983 жылы 86 жасында дүниеден озыпты.
Оның ұлы Боранқұл Бөкеев 1921 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Құндызды ауылдық кеңесіне қарасты «1-ші Май» колхозында (қазіргі С.Сейфуллин ауылы) дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітіріп соғысқа аттанғанынша туған ауылында еңбек етеді. Әскер қатарына Тереңөзек аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, 1941 жылдың 14-ші желтоқсанында Ақтөбе қаласында жасақталып жатқан 101-ші ұлттық атқыштар бригадасына түседі. Соғыста барлау ротасында барлаушы болып қызмет атқарғаны жөнінде өзінен келген хаттардан белгілі болған. Кейін елге қара қағаз келіп, оның қаза тапқандығы жазылған.
Десе де, жалғыз ұлын өлімге қимаған Ләпила әжей өмірінің соңына дейін баласының жолын тосумен болды...

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
22 маусым 2019 ж. 717 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930