» » АЛДАНЫП ҚАЛМАУДЫҢ АМАЛЫ

АЛДАНЫП ҚАЛМАУДЫҢ АМАЛЫ

“Ханымдар мен мырзалар, құрметті инстадостар бүгін өзімнің су жаңа автокөлігімді ойнатқалы отырмын. Бар болғаны осынша суманы салсаңыз темір тұлпар тізгіндеуге мүмкіндігіңіз мол. Жайлы баспанаға ие болғыңыз келсе, менің ойнатып жатқан лотереяма бар болғаны 5 мың теңгеге билет алып, бағыңызды сынап көріңіз”.

Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз қазір мұндай жарнамалардан көз сүрінеді. Ұтыс ойынын ұйымдастырушылар қатарының күрт өсуіне не себеп, әрине мұның басты себебін бірінші кезекте тиісті орындар тарапынан бақылаудың жоқтығымен байланыстыратынымыз хақ. Жыл басында Парламент қабырғасында қаралған заң жобасына осы мәселе арқау болған еді. Бірінші оқылымда депуттар қолдаған бұл құжатта бірыңғай оператордың келісімінсіз лоторея ойнатқандарға 200 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Осылайша жауапты министрлік бірқатар салаға бөлінетін қаржы көлемін арттырып, келесі кезекте алаяқтықтың жолын кеспекші. Екі жеп, биге шығуды көздегендердің бұл мақсаты орындала қоя ма, оны алдағы күннің еншісіне қалдырайық.
Жаңа заңда көрсетілгендей бұдан былай лотореямен айналысатын бірыңғай оператордың келісімінсіз ұтыс ойындарын ұйымдастырған жеке тұлғалар 200, шағын кәсіп иелері 700, орта кәсіп иелері 1000 және ірі кәсіп иелері 2000 айлық есептік көрсеткішпен айыппұл арқалайды. Былтырдың өзінде елімізде 647 мекен-жай бойынша лоторея ойындарының заңсыз жүргізілгені анықталған. Бұларға қатысты 320 қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде 571 ұтыс ойындары өткізілген орын жұмысын тоқтатты.
Бақылау жоқ дейін десең, бір жылда атқарлыған жұмыстың ауқымдылығын дәйекті цифрлардан-ақ аңғаруға болады. Алайда әлеуметтік желіде ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар қатары сирейтін түрі жоқ. Осы ретте халық қалаулылары бақылауды күшейтуге құзырлы органдарды жұмылдыру қажеттігін айтып отыр. Депутаттардың бұлай деуінің жөні бар. Мәселен, ҚР Мәдениет және спорт министрі аталған министрлікте штаттық бірліктердің жетіспейтінін жоққа шығармады. Сондай-ақ жоғарыда анықталған қылмыстық істердің бірыңғай оператор ақпараты мен қоғамнан түскен өтініштер аясында жүзеге асқанын айтып отыр.
Әсіресе темір тұлпар және жайлы баспанамен халықты жарылқауда эстрада жұлдыздары мен өнер өкілдері көш бастап тұр. Кешегі ұсынылған заң жобасын қолдамайтынын білдіргендердің басым бөлігі де өнер өкілдері. Әзірге олардың ойнатқан көліктері мен баспаналары, басқа да мүліктерін ұтқан жандарды біз қоғамнан, яғни өз ортамыздан көре қойған жоқпыз. Жүлдегерлерді инстажұлдыздар тек өз парақшаларында жариялап жатады. Мұндай жағдайлар бір жағынан лоторея ойындарына қатысты бірыңғай оператор қызметіне деген халықтың сенімсіздігін туғызатыны да өтірік емес.
Қарапайым халықтың арасында ұтыс ойындарына қатысатындардың қатары қалың екен. Біз бұған бір-ақ күнде жүргізген сауалнама арқылы көз жеткіздік. Сауда орындарын аралап жүрген жергілікті халыққа «Мұндай ұтыс ойындарына сенесіз бе?» деген сауал жолдаған едік. 23 адамның екеуі әзірге тұрмыстық заттарға ие болыпты. Қалғандары бұған дейін қанша қаржы салса да ұтысқа қол жеткізбеген. Алайда үміті жоқ емес. Тіпті желідегі сауалымызға қатысты жекеге жауап жазғандар да болды. Олардың ішінде осыған дейін ондай ойындарға 300-400 тіпті 600 мың теңгеге дейін қаржы салып, әлі күнге дейін ұтысқа қол жеткізбесе де қатысуын тоқтатпайтынын айтқандар да бар. Осыдан-ақ инстажұлдыздардың жүлдеге тіккен мүлкінен бөлек қанша табысқа қол жеткізетінін есептей беріңіз. Ал осыған дейін мұндай ойындарға қатыспағанын және сенбейтінін білдірген 7 адамның бәрі алпысты алқымдағандар. Өкініштісі аға және орта буынның ішінен сенімсіздік танытқандар бірлі-жарым ғана.
Осы ретте оқырман тарапынан «Бірыңғай оператор тек өзіне түсетін салықты ойлап отыр, болмаса олардың рұқсатымен ұйымдастырғанда да айырмашылық болмайды деген» пікір туындауы мүмкін. Бірақ мүлде олай емес. Мәселен екеуара жасасқан шарт арқылы ұйымдастырылған ұтыс ойындарының әділ өтуін бірыңғай оператор бақылайды. Сондай-ақ ұйымдастырушыға түскен табыстың 50 пайызын жүлдеге тігуді талап етеді. Рас, мұнан бөлек 15 пайызы бірыңғай опера­торға салық есебінде беріледі. Алайда лоторея ойындарына қатысты аталған оператор мемлекетке жылына 1 млрд теңгеге дейін қаржы құятынын да ескерген жөн. Бақылаусыз жеке адамдардың ұйымдастырған ойындарына сенесіз бе, сенбейсіз бе ол өз еркіңізде. Алайда әлеуметтік желі жұлдыздарының ұйымдастырған ойыны әділ болса, тек салыққа бола бұл заң жобасын қолдамай отыр деу меніңше қисынсыз. Сондықтан жарнамасы жер жарған ұтыс ойындарына халық алданып қалмау үшін ел ағалары заңмен амал тапқан сыңайлы.


Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

23 ақпан 2020 ж. 240 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930