Даңқтан биік данышпандар
Альфред Нобельді әлемде білмейтін ел жоқ десек те болады. Оның басты себебі – өзі тағайындап кеткен “Нобель” сыйлығы. Бұл сыйлық жыл сайын физика, химия, медицина және физиология, әдебиет, экономика салаларындағы ірі жаңалықтар мен аса үздік жетістіктері, сондай-ақ бейбітшілік ісіне қосқан зор үлесі үшін беріледі.
Әңгімеге арқау болған Альфред Нобель 1833 жылдың 2 қазанында Стокгольм қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Иммануил Нобель Нобелеф аймағынан шыққан өнертапқыш, инженер. Ол әскери миналарды жасау арқылы атағы шыққан. Оның бұл өнертабысы Қырым соғысында қолданылған және бұл еңбегі үшін император сыйлығына ұсынылған екен. Отбасы бастапқы уақытта Швецияда қоныстанады. Бұдан кейін Финляндияға, одан соң Ресейдің Санкт-Петербург қаласына көшіп кетеді. Иммануил 1849 жылы орыс химигі Николай Зининнің ұсынысы бойынша Нобельді Еуропаға оқуға аттандырады. Келесі жылдың көктемінде Альфред Петербургтан аттанып, Дания, Германия, Италия, Франция, Америка секілді елдерге бет алады. Парижде ол нитроглицеринді синтездеген Асканио Собрероны кездестіреді. Альфред бірден нитроглицеринді коммерициялық бағытта қолданудың жолдарын іздестіреді. Себебі оның күші қарапайым оқ дәріге қарағанда күштірек еді.
Николай Зининнің басқаруымен ол тринитрат глицеринді зерттей бастайды. Ғылыми жұмыс оны жас ғалым ретінде атақты етеді.Бұдан кейін Нобель Америкаға аттанып, Джон Эриксонның зертханасында жұмыс істейді. Ол күн энергиясын зерттейді. Зертханада алғаш рет өз бетінше физикалық және химиялық тәжірибелер жасайды. Бірнеше сағаттық жұмыстың нәтижесінде Альфредке өзінің атағын шығаратын ой келеді.
1888 жылы журналистер Альфред Нобельдің қаза болғандығын жариялайды. Алайда бұл Альфред емес оның ағасы Людвиг болатын. Ғалым бұл оқиғадан соң газет беттерінен «Өлім сатушысы қаза тапты» деген мақаланы оқиды. Нобель адамзаттың жауы ретінде есте сақталғысы келмеді. Осы себеппен ол 1895 жылы 27 қарашада Париж қаласында өз өсиетнамасын жазады. Бұл хатында ол адамзатқа пайда әкелгендерге арналған сыйлықтың жобасын жазып қалдырады. Нобельдің иелігінде жарылғыш заттар шығаратын 100 зауыты болған екен. Оның жағдайы 31миллион крон, қазіргі ақшамен есептегенде 265 миллион долларға тең болған. Ол өз байлығының 5 пайызын Стокгольм университеті, Стокгольм ауруханасы мен Каролин медициналық университетіне табыстайды.
Қазір әйгілі ғылыми зерттеу, революциялық жаңалықтар немесе мәдениет не қоғам дамуына зор үлес қосатын жұмыстар үшін берілетін халықаралық сыйлықтардың ішіндегі ең танымалдарының бірі осы – “Нобель”. Қазіргі уақытта бұл сыйлықтың жобасы 1,5 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бір қызығы, “Нобель” сыйлығын алып, әлемге аты танылғандармен қатар, бұдан бас тартқандар да болған екен. Солардың бірі – орыс әдебиетінің классигі Л.Толстой. Франциялық жазушы, философ Жан-Поль Сартр саналы түрде, өз еркімен жүрек жарды сөзін айтып Нобель сыйлығынан бас тартқан. Өткен ғасырдың 1965-1973 жылдары Вьетнам жерінде елдің азаттығы мен тұтастығы үшін Америка агрессорларына қарсы жойқын соғыстың болғанын білеміз. Оған бүкіл әлемнің бейбітшіл күштері қарсылық білдірді. Соның әсерінен 1973 жылдың қаңтарында Парижде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Генри Киссенджер мен Вьетнам еңбекшілер партиясы саяси бюросының мүшесі Ле Дык Тхо арасында соғысты тоқтату, Вьетнамның тұтастығын мойындау жөнінде екіжақты келісімге қол қойылды. Бұл келісім бейбітшілік ісіне қосылған үлес болды деп бағаланып, екі жақтың өкіліне Нобель сыйлығын беру туралы шешім қабылданды. Алайда Вьетнам өкілі Ле Дык Тхо жасалған келісім «соғысты біржолата тоқтатқан жоқ» деп сыйлықты алудан бас тартты. 2004 жылдың қорытындысы бойынша әдебиеттен Нобель сыйлығының лауреаты атанған австриялық жазушы әйел Эльфрида Елинек те өзін «лайық емеспін» деп санап, сыйлықты алу салтанатына бармай қалды.
Әзірлеген Н.АЛМАС