КЕЛІНІ ЖАҚСЫ ҮЙДІҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН
Алғыс айту күні – мейірімділіктің, қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. Расында, бұл күннің мерейлі даталар қатарынан орын алуы оң шешім деп есептеймін. Елде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Достық мекеніне айналған Жалағаш жерінде де өзге ұлт өкілдері қазақтармен етене араласып, тату-тәтті күн кешуде. Мереке қарсаңында қазақ отбасына келін болып отырған, бір шаңырақтың айрандай ұюына, береке-бірлігінің артуына себепкер Ольга Федореевамен жолығып, әңгімелестік.
Ол 80 жылдық тарихы бар киелі Жалағаш жерінде дүниеге келген. Өсіп-өнген, үлкен шаңырақтың қызы. Әкесі Юрий Федореев аудандағы РТС мекемесінде 40 жылдай уақыт моторист болып жұмыс істеген. Ал анасы Мира Петровна өмірін білім саласына арнаған ардақты жан. Ольганың өзі мектеп қабырғасынан-ақ білімге деген құштарлығымен, жауапкершілігімен, жан-жақтылығымен озат оқушылардың қатарында болды. Осы қабілеті, алған білімі үлкен өмірде өз орнын табуына көмек беріп, ақыры ұстаздық жолды таңдады. Жоғары оқу орнын орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша аяқтаған ол 1986 жылдан бастап аудан орталығындағы №31 мектеп-гимназиясында мамандығы бойынша жұмыс істеуде. Міне, білікті ұстаз, ибалы келіннің мамандыққа деген сүйіспеншілігі, жауапкершілігі 34 жылдан бері талай шәкірттің қанатының қатаюына, білім нәрімен сусындауына септігін тигізіп келеді. Ольга Федореева әр баланың мінезінің, психологиясының әртүрлі екенін біліп, түсіне отырып, шеберлікпен, тапқырлықпен бәрінің ынта-ықыласын бір арнаға бұру оңай жұмыс еместігін айтады. Бірақ қызметіне деген адалдық, шаңырағындағы берекелі өмір кез келген қиындықты еңсеруге күш береді дейді.
– Менің ұлтым – кәріс. Біздің отбасымыз әр ұлт өкілінен екендігі байқалмайды да. Ой-өрісіміз, пікірлеріміз өзара үндестігін тауып, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Осынау дархан даласы бар Сырдың бойында кішіпейіл халық өмір сүретін қазақ жерінде дүниеге келгеніме қуаныштымын. Осында туып-өскен соң маған қазақтың салт-дәстүрлері, құндылықтары мен ерекшеліктері таңсық емес. Отанымыз бір болғандықтан, барлығымызды бір үйдің баласындай санаймын. Салт-дәстүрді құрметтеймін. Қазір қазақтың ұлттық тағамдарын үйден әзірлеймін. Күбі шайқап, айран пісемін, қатық ұйытамын, құрт жасаймын. Қолымнан бәрі келеді. Енемнің көп көмегі тиді. Ол кісі әрдайым ақыл-кеңесін айтып, білгенін үйретті. Біздің үйде қазақтың құндылығы ең басты орында. Осындай қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасына келін болғаныма өте қуаныштымын.
Мектеп жасындағы алға қойған мақсатым, арманым мені осы күнге жеткізді. Білім саласында қызмет етіп, кемел келешекті жасайтын білімді тұлғаларды қалыптастыруға тамшыдай болса үлес қосып жүрмін. Шәкірттерімді ұлтқа бөлмей тең көріп, сапалы білім, саналы тәрбие беруді өзімнің басты міндетім деп санаймын, – дейді Ольга Юрьевна.
Кейіпкеріміз өмірлік серігі Қанат Нұрмағанбетов екеуі екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі, өсірді. Ұрпақ тәрбиелеумен қатар қазақтың қара шаңырағының бар шаруасын дөңгелетіп, үйдің берекесін сақтап отырған Ольгамен етене танысып, әңгімелескен адамның риза болмауы мүмкін емес. Біз барғанда үй жанынан ашылған жеке дүкенін де көрдік. Дүкеннің сөрелерінде ұлттық тағамдарымыз орналасыпты. Бәрін өзі дайындаған екен. Енесі Зауыткүл апамыз «Ольга – қолымда отырған келінім. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы біледі. Қазақша анық сөйлейді. Отбасымызға сіңіп кеткені сонша, оның басқа ұлт екені байқалмайды да. Мінезі адал, келіндік міндетін орындап отыр» – деп риза екенін жеткізді.
Келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, оны әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп танимыз. «Абысын тату болса, ас көп» деген. Бұл сөз – келінге берілген баға және парасатты тәрбие бастауы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де шаңырақтың ғана емес, әулеттің абыройын жоғары қойған, ибалы келін, ардақты ұстаз, аяулы ана, асыл жар.
Қазақтың бір қара шаңырағына сәлем бере барғанда «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөзді ата-бабамыз қалай дәл айтқан деп қайран қалдық. Осы сөздің төркінінде терең мән жатқанын ұқтық. Өйткені шаңырақтың беріктігі, отбасындағы ынтымақ, бардың бағасын білу, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу, бәрі ардақты аналардың, ибалы келіндердің бойындағы асыл қасиеттермен астасып жатыр.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ