Отаны бір өзге ұлт өкілдері Өткен ғасырдың 30-50 жылдары аралығында Кеңес одағында тұтас бір халықтар халық жаулары мен сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, жер аударылды. Сол зұлмат жылдарда тағдырдың тәлкегімен корей халқы да Қазақстанға күштеп жер аударылғанын білеміз. Тарихи деректер бойынша Ресейдің Қиыр Шығысынан жаппай жер аударылған корей халқының саны Кеңестер Одағында 182339 адамды құраса, оның 96453-і Қазақстанға қоныстанған. Ал сол жылдары Жалағаш ауданына қанша корей халқы қоныстаныпты, олардың қандай кәсіппен айналысқанын көпшілік қауым біле бермеуі мүмкін. Сондықтан архив деректерін пайдалана отырып, баяндауды жөн көрдік.1937 жылдың 21 тамыз күні Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының Қиыр Шығыс өлкесінде шпиондық жымысқы әрекеттердің алдын алу мақсатында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен ВКП (б) Орталық Комитетінің өте құпия түрде «О выселении корейского населения из пограничных районов Дальневосточного Края» атты №1428-326 СС санды Қаулысы қабылданады. Бұл Қаулыда Қиыр Шығыс өлкесінің шекара аумағында тұрып жатқан бүкіл корей халқын Өзбек ССР-ы мен Оңтүстік Қазақстан өңіріне, Арал теңізі мен Балқаш көлінің аумағына жер аудару, олардың ірге теуіп, қоныстанатын аудандар мен елді мекендерді шұғыл белгілеп қоныстандыру, жұмыспен қамту және алғашқы көмек көрсету шараларын жүзеге асырып, 1938 жылдың 1-қаңтарына дейін аяқтау көзделді. Аталған Қаулыға сәйкес сол кездегі әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша 1938 жылдың 15 қаңтарына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Қызылорда ауданында қоныс аударушылар есебінен жаңадан 28 колхоз ұйымдастыру (Аралда–2, Қазалыда–1, Қармақшыда–12, Тереңөзекте–2, Сырдарияда–7, Шиеліде–3, Жаңақорғанда–1) межеленіп, келген эшелондарды қабылдап алатын теміржол бекеттері белгіленді. Қазақ КСР НКВД лагерьлер мен қамау орындары Басқармасының мәліметі бойынша, 1937 жылдың 13 қазанына дейін Қазақстанға бірінші кезекпен 23 эшелонға тиелген 6741 отбасы келген. 28 қазан күні 70 эшелон (12129 отбасы) 58427 адам келіп түскен. Әлі де жолда 7927 отбасы келе жатты. Адамдар тиелген алғашқы эшелондар Қазақстан жеріне қырқүйектің аяғына таман келе бастады. Оңтүстік Қазақстан өңіріне келген эшелондар Қызылорда, Жосалы, Қазалы, Шиелі, Арал секілді ірі теміржол станцияларына түсірілді. Қоныстанушылардың басым көпшілігі Қармақшы ауданының шаруашылықтарына жіберілді. Қалған бөлігі Жалағаш станциясындағы тұрғын үйлерге, теміржол ғимараттарына, сарайларға, жертөлелерге орналастырылды. Кеңес үкіметі кәрістерді күштеп көшіру науқанын 1938 жылдың қаңтар айына дейін толықтай аяқтай алған жоқ. Тіпті 1938 жылдың көктеміне дейін Сыр өңіріне кәріс жанұялары тиелген эшелондар келіп жатты. Аталған Қаулы бойынша 1938 жылдың 20 сәуіріне дейін Қармақшы ауданына қоныстанған 1480 отбасы мүшелерінен үкімет жоспарлаған 12 колхоздың орнына жаңадан 17 дербес колхоз құру және оларға көктем мезгілінде егін егу үшін барлығы 1500 гектар суармалы жер бөлу межеленді.Оның ішінде, кейіннен Қармақшы ауданынан бөлініп, өз алдына отау тіккен Жалағаш ауданының көлемінде жаңадан «Актив», «І-е Марта», «Приморский партизан», «Путь Октября», «Красный Октябрь», Калинин және Ворошилов атындағы 7 колхозды жаңадан құрып, оларға барлығы 644 отбасын орналастыру жоспарланды. Көктемгі егін егу және ирригациялық жұмыстарды уақытылы өткізу үшін корей колхоздарының жұмыс күшімен қатар жергілікті колхоздардың колхозшыларын да пайдалану көзделді.Жер жырту, егін егу жұмыстары кезінде корей колхоздарын қажетті техникамен қамтамасыз ету Қаракеткен мен жаңадан құрылған Ақжар МТС-на міндеттелді. Сол жылғы егіс науқанында аталған колхоздарға қызмет көрсету мақсатында машина-трактор станциялары тарапынан ЧТЗ маркалы 7 трактор мен жанар-жағар май тасымалдауға 2 жүк автомашинасы бөлінді. Жергілікті қазақтар өздерінің тұрмыс-тіршілігінің төмен екеніне қарамай, қыстың көзі қырауда босқындарды өз үйлеріне кіргізді. Кәрістерге үйлерін босатып беріп, өздері киіз үйде қыстап шыққан отбасылар да аз болмады.«Дислокация корейских переселенческих колхозов с указанием количества и направления хозяйств» (по состоянию 01.01.1939 г.) деген мұрағаттық деректе 1939 жылдың 1 қантарына дейін жоғарыда аталған 7 колхоздың 562 шаруашылығында барлығы 3078 адам есепке алынған. Яғни, 1939 жылдың 1-қаңтарына дейін осыншама корей ұлты ауданға жер аударылып, қоныстанған. 1939 жылғы санақ бойынша Жалағаш ауданында барлығы 18928 адам есепке алынған болса, кәрістер аудан халқының 16,2 пайызын құраған.Мейірман да қонақжай қазақ халқы оларды тілі, діні мен ділі бөлек деп жатсынып өңменінен итермей, бауырына тартып, қамқорлыққа бөледі. Жалағаш жеріне қоныстанған кәрістер көп ұзамай-ақ жергілікті климатқа бойларын үйретіп, білектерін сыбанып, қызу жұмысқа кіріседі. Сөйтіп, Жалағаш жері корейлердің ырысына, тұрғындары қамқоршыларына айналды.Корейлер өздерінің негізгі ата кәсіптері – күріш өсіруді іске асырып, жергілікті халықпен өз тәжірибелерімен бөліссе, мал бағу ісінде жергілікті халықтан тәжірибе жинақтады. Олардың арасынан көптеген еңбек озаттары шығып, Кеңес үкіметінің түрлі марапаттарына ие болды. Қазіргі таңда кәрістер қазақтарға қыз беріп, қыз алысып құда жекжат болып тату-тәтті өмір сүруде. Бастарына күн туғанда көмек беріп, қамқорлық жасаған аудан халқына олар әлі күнге дейін риясыз көңілмен алғыстарын айтады. С.КӘРІБАЕВ. Қоғам 03 наурыз 2018 ж. 2 323 0