» » » Алаштың ардақты азаматы Темірбек Жүргенов туралы не білеміз?

Алаштың ардақты азаматы Темірбек Жүргенов туралы не білеміз?



Осыдан тура 80 жыл бұрын, 1937 – 1938-жылдары Кеңес Одағында жаппай саяси қуғын-сүргін нау­қаны орын алып, одан миллиондаған адамдардың жазықсыз жапа шеккені белгілі. Қазақтың ел болып еңсе түзеуіне жан-тәнімен атсалысқан талай атпал азамат сол жылдарда жазықсыз «халық жауы» атанып, өмірі қиылды. Халқымыздың сондай ардақты ұлдарының бірі – Темірбек Жүргенов КСРО Жоғар­ғы Соты Әскери Коллегиясының 1938-жылғы 25-ақпандағы үкімімен ату жазасына кесілген болатын. Егер репрессиядан аман қал­ғанда асыл азаматтың елімізге берері көп еді.


Ал Темірбек Жүргеновпен жақын туыс болып келетін жандар бүгінде арамызда бар. Солардың бірі – кезінде жауапты қызметтер атқарған шымкенттік азамат, талай жанға жәрдемі тиген меценат Шахарбек Усмановтың демеушілігімен «Темір­бек Жүргенов» жинағы жарық көрген болатын. Сондай-ақ Қа­зақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиевтің«Темірбек Жүр­ге­нов» атты кітабы жарыққа шыққан. Біз осы кітаптардағы зерттеу материалдарын негізге ала отырып,  оқырман назарына Темірбек Жүргеновтің өмі­рі мен қызметі жөнінде мақала ұсынуды ұйғардық.
 
Текті ортадан түлеп ұшқан
 
Темірбек Қараұлы Жүргенов 1898-жылы қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданында өмірге келген. Ол – арғы бабалары аузына ел қараған би, аталары мыңғырған малы бар бай болған, ел басқарған текті әулеттің ұрпағы.
 
Т.Жүргеновтің әкесі Қара елге қадірлі, іскер азамат болыпты, болыс қызметін атқар­ған. Үш әйел алған, олардан оншақты перзент сүйген, үлкен әулеттің арқасүйері болған. 1917-жылғы төңкерістен кейін біраз малынан айырылған ол 1928-жылдары ірі бай ретінде тәркілеуге ұшырап, жер аударылған. Еліне қайта оралғасын «халық жауы» деп айыпталып, ату жазасына кесілген. (Бұл кезде, яғни 1937-жылдың күзінде Темірбектің өзі де «халық жауы» деген жаламен абақтыда отырған екен).
 
Қылышынан қан тамған әй­гілі НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) жендеттеріне берген жауабында Қара Жүрген­ұлы өзінің бұрын бай, болыс болғанын, мүлкі тәркіленгесін өкіметке өшіккенін, бірақ еш­қандай да контрреволюциялық топқа мүше болмағанын тайсалмай тұрып айтқан екен. Бірақ оның тағдыры алдын-ала ше­шіліп қойған еді. Қара Жүрген­ұлына қатысты үкім 1937-жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында жүзеге асырыл­ған.
 
Жүргеновтер әулетінен сол кездері  көптеген адамдар репрессияға ұшыраған. Оншақты адам жазықсыз атылған, тағы да біразы түрлі мерзімдерге сотталып, жазаланған екен. Біразы Ұлы Отан соғысында опат бол­ған.
 
Сегіз қырлы, бір сырлы азамат
 
Ал Темірбек Жүргеновтің өмір жолы қалай қалыптасты, ол елге қандай еңбектер сі­ңірді?
 
...Көзі ашық, көкірегі ояу Қара Жүргенұлы өзінің екінші әйелінен туған перзенті Темір­бекті алғашында ауыл мұға­лі­міне оқытқан, кейін Пе­ровскідегі (Қызылорда) орыс-қазақ учили­щесіне берген екен. Темірбек аталған училищені Ұлы Қазан төңкерісі болатын 1917-жылы бітіріп шығады. Осы аралықта ол ауыл мұғалімі Мұхамеджаннан, ағартушы ақын Тұрмағанбет Ізтілеу­ұлы­нан, тұңғыш орыс-қазақ сөздігін жазған Досмұхаммед Букиннен Шығыс пен Ресей және Еуропа әдебиеті мен ғылымы жөнінде дәріс алып, көп нәрсені игеріп шыққан. Ол орыс тілін еркін меңгерген, екі тілде де өте сауатты жазатын бол­ған.

Т.Жүргенов кейін білім іздеп Башқұртстанның Уфа қаласына аттанады, сондағы Жер учи­лищесіне оқуға түседі. Бірақ Азамат соғысының кесірінен ол оқу орны көп ұзамай жабылып қалады.
 
Т.Жүргенов 1918-жылы Орын­­борда сол кездегі Торғай облыстық төтенше жағдайлар комитетінің комиссары Әліби Жанкелдинмен танысады. Іскер жасты әрекетінен таныған комиссар оны кеңестік қызметке тартады. Содан 20 жастағы жігіттің партия, кеңес органдарындағы жұмысы басталады. Бірқатарын тізбелер болсақ, ол мынадай еңбек жолдарынан өткен:
 
Ырғыз уезінде болыстық революциялық комитеттің төрағасы, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы, Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Алматыдағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің) ректоры, Тәжікстан үкіметінің Қаржы комиссары (1929 ж.), Өзбекстан үкіметінің Халық ағарту комиссары (1930 – 1933 ж.), Қазақстан үкіметінің Халық ағарту комиссары (1933 – 1937 ж.).
 
Ол Бүкілресейлік коммунистер (большевиктік) партиясының қатарына 1920-жылы, 22 жасында өткен, партия өзін қайда жіберсе де адал еңбек еткен. Жұмыс істей жүріп жұмысшылар факультетін, Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік уни­верситетін бітірген. Универси­тетте жүргенде-ақ өзінің ізде­німпаздығымен, басқаруға бе­йім­ді­лігімен көзге түскен.
 
Бейнелей айтсақ, Темірбек Жүргенов сегіз қырлы, бір сырлы азамат болыпты. Ол кісінің жазуға бейімділігі жоғары бол­ған. Алғаш рет, 1918-жылы «Қа­зақ мұңы» газетінің редакциялық алқасына кіргеннен бастап, өмірінің ақырына дейін қолынан қаламын тастамай кетіпті. Түрлі басылымдарда оқу-ағарту, мәдениет пен өнер салаларына қатысты көптеген маңызды мәселелерді көтеріп мақалалар, зерттеу еңбектерін жазған. Құр жазып қана қоймай, көп нәрсенің іс жүзіне асуына тікелей басшылық еткен.

Т.Жүргеновтің қаламынан өлеңдер мен мақалалар да туған. «КСРО мен Қазақстандағы әкімшілік-шаруашылық аудан­дас­тыру мәселесі» (1928 ж.), «Мемлекеттің түп кемшіліктерін кетіру үшін күрес» (1933 ж.), «Қазақстандағы мәдениет революциясы» (1935 ж.), «Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы» (1936 ж.) деп аталатын кітаптары жарық көрген. Ол кісі қазақ тілін дамытуға көп күш жұмсаған, терминология саласында да еңбек еткен. Осылардың әрқайсысы-ақ Т.Жүрге­новтің ел үшін аянбай тер төк­кен, жан-жақты білімді, білікті азамат болғанын көр­сетеді.
 
Оған жала жабылды
 
1933-жылы Компартияның Ор­талық Комитеті Темірбек Жүр­геновті Қазақстанға, Халық ағарту комиссары қызметіне жібереді. Сол кезде ол басшыларға өзінің байдың баласы екенін, әкесі тәркілеуге ұшырағанымен де Кеңес өкіметіне жауықпай, адал қызмет етіп жүр­генін айтып, сеніп тапсырыл­ған міндеттерді еркін іске асыру үшін өзіне ешқандай да кедергі келтірілмеуін сұранған екен.
 
Т.Жүргенов Қазақстанға кел­гесін халықты сауаттандыру, оқу-ағарту, мәдениет пен өнерді дамыту ісіне білек сыбана кірі­седі. Осы орайда ол кісінің ат­қарған жұмыстары ұшан-теңіз. Ол ел ішіндегі мектептердің сапасын арттыруға, жаңадан мектептер, оқу орындарын, мәдениет және өнер ошақтарын ашуға белсене кіріскен. Алматының өзінде оның бастамасымен 18 мектеп салынған. Ол кісінің қазақ әдебиеті, өнері мен мәдениеті саласында жүрген талай жанға шапағаты тиген.
 
Қысқасы, Т.Жүргеновтің басшылығымен бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде Қазақстанда қыруар тірліктер қолға алынып, іске асады. Соның бірі әрі бірегейі – 1936-жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі еді. Қа­зақстан делегациясын Темірбек Жүргенов бастап барған. Сол кезде Мәскеу жұртшылығы қа­зақ халқының мәдениеті мен өнері қалай гүлденіп жат­қанын көріп, таңдай қағысқан екен.
 
Елге сіңірген еңбегі үшін Т.Жүргенов 1936-жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Оның ел игілігі үшін атқаратын шаруалары әлі де алда еді.

Дегенмен 1937-жылы бастал­ған жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны қыруар игі істердің басы-қасында жүрген Т.Жүрге­новті де өзінің шеңгеліне іле кетті. Оған «халық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы терроршы-көте­рілісші, шпиондық-диверсанттық ұйымдарға басшылық еткен, жұмыстарына белсене араласқан» деген сияқты ақылға сыймайтын бірнеше айыптар тағыл­ған. Кейін сот оны ату жазасына кесті. Үкім 1938-жылы 25-ақпанда Алматының ігесін­дегі Қандысай деген жерде орындалған. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да еді.
 
Т.Жүргеновтің жары Дәмеш Ермекова – кезінде Ленинмен  кездесіп, Ресейге өтіп кеткен қазақ жерлерін қайтаруға еңбек сіңірген, ел басқарған қайраткер, өзі де «халық жауы» атанып, 20 жыл айдауда болған Алаш ардақтыларының бірі Әлім­хан Ермековтің туған қарындасы болатын. Күйеуі Т.Жүргенов «халық жауы» деп атылғасын ол да сотталып, «АЛЖИР»-де 8 жыл отырып шыққан, бас-аяғы 20 жылға жуық уа­қыт қуғын көріп, Алматыға 1957-жылы оралған. Ол кісі ке­йін күйеуін жаладан ақтап алу жолында көп ізденген. Кезінде Орта Азия Мемлекеттік институтын бітірген білікті дәрі­гер Д.Ермекова кейін Алматы медицина институтында дәріс берген, доцент болған.
 
Т.Жүргеновтің отбасында екі ұл өмірге келген екен. Үлкені 3 жасында шешектен шетінеп кеткен. Ал кіші ұлы Жұманазар атылған әкесі мен сотталған ана­сын жаладан ақтап аламын деген арманмен кейін жасын асыра жаздырып, Ұлы Отан соғысына аттанған екен, майданнан оралмапты.
 
Т.Жүргеновтің жары Дәмеш Ермекова бертінде қайтыс бол­ған. Ол кісі өмірден күйеуінің ақталғанын, ел-жұрттың оның атын ардақтап өткізген бірнеше мерейтойын көріп өткен.
 
Ал Т.Жүргенов 1957-жылы КСРО Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясының шешімімен ақ­талды, оның кінәсіз жазаланғаны мойындалды.
 
...Міне, өмірден жалындап өткен Темірбек Жүргеновтің қысқаша өмірбаяны осындай. Ал оның елге сіңірген еңбегі том-том кітапқа жүк болардай. Асыл азаматтың өмірі көпке үлгі, ке­йінгілерге өнеге.
 
Бүгінде Алматыдағы елі­міз­дің мәдениет және өнер саласына мамандар даярлайтын Қа­зақ Өнер академиясының Те­мірбек Жүргеновтің есімімен аталатыны белгілі. Алматыда, Қы­зылорда, Ақтөбе облыстарында бірқатар мектептер мен кө­шелерге оның аты берілген, ескерткіштері орна­тыл­ған.
 
Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС,
http://www.zamana.kz
20 ақпан 2018 ж. 1 702 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930