» » » ӨМІРТАЙ ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

ӨМІРТАЙ ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Бұрынғы Мақпалкөл, қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ауылда Өміртай Кемелұлы деген шежіреші, әңгімешіл қария бар. Тарихи әңгімелерді жиып-теріп жүргендердің талайы ол кісінің әңгімесін тыңдаған, қағазға түсірген. Бірі баспа бетін көрген, бірі кезегін күтіп жатыр. Өткен жылы “Айтуға оңай” бағдарламасына қатысып, тағылымға толы өнегелі сөздерді төгілткені бар. Анығы, Мырзабай ахунға баласы қайтыс болғанын Алданазар бидің қалай естіркенін айтқанда, көрермендер көздеріне жас алған еді. Өмекең өмірінше ауылында еңбек еткен. Жастайынан үлкендердің есті әңгімелерін тыңдауға құмар болыпты. Айтуынша, көп деректерді көбен ақсақалдан, сондай-ақ, белгілі жазушы Қомшабай Сүйенішовтің әкесі Есіркептен жаттаған екен. Жуырда Өміртай қартпен әңгімелесіп, тәлімді сөздерінің бір парасын тыңдаудың сәті түсіп еді. Алғашқы әңгімеміз осы өңірдегі белгілі тұлғалардың бірі – Сейітмұхаммед қожа жайында өрбіді.

- Біздің бабамыз Алдиярдан Атан, Жолан деген екі ұл тараған. Соның Атанынан Ыстанбек деген бабамыз туылған. Заманында сол Ыстанбек бір байдың қызын осы көлдің басына әкеліп түсірген екен. Қыздың аты - Мақпал. Содан Мақпалкөл атанған дейді үлкендер. Бұл көл ашаршылық кезінде халықтың күнкөрісіне тұтқа болып, қарақұрым елдің жан сақтауына көп септігін тигізіпті. Бір кездері суы тартылып қалып, табанына картоп, бидай, үпелмелік екті. Колхоздастыру кезінде басшылықты қолына алған Әлхан Бекпембетов деген ағамыз Оманарық деген арықты қолдап қаздырып, суды ауылдың ең шетіндегі Бесшатақ деген жерге апарып құлатқан. Сол жылы егін бітік шығып, елдің тойынуына мұрындық болған екен.
Бұл маңайда еліне еңбегі сіңген тұлғалардың есімімен аталатын жер көп. Мынау батысымызда, Жаңаталаптың солтүстік бетінде Қондыбайдың үйтамы бар, оның аржағында Жаңғабыл сарықасқа Шағаланың үйтамы бар. Жауар, Бесмола, Қарашұқыр, Ағаштыкөл атты көлдер бар. Барлығы – бір-бір тарих. Мен ендігі ауылдың шетінде бейіті бар Айқожа ишан мен оның бабасы Сейітмұхаммед ишан туралы айтайын.
Айқожа ишан өлерінде: “Мені мына ақтөмпекке қойыңдар. Болашақта бұл арадан күре жол өтеді, өткен-кеткен бетін сипайды, маған сол да жетеді”, - деп айтып кетіпті. Айтқанындай, күре жол түсті.
Айқожа ишанның үлкен бабасы - Қожжан қожа. Елімізге белгілі Әбдікерім Оңалбаевтың үлкен бабасы. Қожжанның 12 баласы болыпты. Қожа осы өңірдегі Қалам бимен достық қарым-қатынаста болған екен. Екеуі де екі мәрте қажылыққа барған. Қалам би Қожжанға “достығымыздың белгісіндей болсын, маған он екі балаңның біреуін пірлікке бер” дейді. Сонан қожа кіші баласы жеті жасар Сайтмұхаммедті (бертін келе Сейітпенбет аталып кеткен) деген баласын беріпті.
Сейітпенбет қозы бағады екен. Бір күні Қалам бидің кемпірі сыртқа шықса, далада жатқан баланың кіндігіне жарық түсіп тұр екен дейді. Болған жайды естіген би күн шықпай тұрып, жерге от жағып, үлкен легенге су жылытып, баланы шомылдырып, ақ кигізген. Содан бастап баланы қасынан тастамапты. Бірде түйе қарауылдауға төрт-бес жігіт аттанғалы жатқанда, “өзім күзетемін” деп, бой бермепті. Сөйтсе, ертеңіне малға шапқан жеті ұрыны түйесімен бірге алдына салып, айдап келген екен. Осылайша, бала Сейітпенбеттің атағы шыға бастаған. Бірде Қалам би бабамыз нәзір алам деп келген қожаларға “Мен кім көрінгенге нәзір бермеймін. Мына тоқсан түйе томарды үйіп өртеймін, соның ішінен жанбай шыққанды пір тұтам”, - деп шарт қояды. Сонда, өзгелердің жүрегі дауаламай, бала Сейітпенбет тоқсан түйе томардың шоғының арасынан өртенбей шыққан көрінеді.
Бірде Қалам бидің ауылын қалмақтар шауып, өзін де, әйелін де өлтіріп, малды қуып әкетеді. Ауылда Қалам бидің батыр баласы Ашай да жоқ, Сейітпенбет те жоқ, ел аралап кеткен. Жау осыны пайдаланған ғой. Сонда, жаудың тақымында кеткен Қалам бидің қызы Ханым Сейітпенбеттен жәрдем сұрайды. Алланың қалауымен киізде байлауда жатқан Ханым босап шығып, ұзатылған жұртына жалаң аяқ қашып жеткен екен дейді аңызда.
Сол Сейітпенбет ишанның ұрпағы Айғожа ишан күпісін босағасына іліп қоюды дағдыға айналдырған. “Мен мына күпімді күнде көріп отырмасам, Құдайымды ұмытып кетем”, - дейді екен. Айқожаның Жұбай деген баласы болған. Бірде әкесі оның құс төсекте, жібек шымылдықта жатқанын көріпті де: “Ой, Жұбай-ай, Құдайыңды ұмытып кетіпсің ғой, әттеген-ай!”, – деп қынжылыпты. Сол баласы өмірден ұрпақсыз кетіпті.
Біздің өңірде Ыдырыс Ақмырзаев деген имам өтті. Шаймағамбет ишанның баласы. Сол Шаймағамбет бабамызға бала тұрмаған, өмірге әкелген 13-14 баласының бәрі шетіней беріпті. Содан Бибі дейтін әжеміз екеуі Айқожа ишанның басына келіп, 3 күн түнепті. Үшінші күні түсінде: “Ай, Шаймағамбет, басыңды көтер, қолыңды жай, екі ұл, бір қыз бердім, бір ұлың әскерде шейіт болады, қызың бала үстінде кетеді, бір балаң халыққа аға болады. Атын Ыдырыс қой”, - деген аян беріледі. Ыдырыс атамыз 95 жасында өмірден озды, халыққа аға болды, - дейді Өміртай қарт.

Өміртай атаның бізге айтқан әңгімелерінің бір парасы осындай. Елін имандылыққа ұйытқан жақсылар мен жайсаңдар туралы әлі көптеген дүниелер бар. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

Н.ТАСТЕМІР.
20 қаңтар 2018 ж. 2 273 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031