» » Психолог кеңесі: Пандемия бізді бір-бірімізді тыңдауға, құрметтеуге мүмкіндік берді

Психолог кеңесі: Пандемия бізді бір-бірімізді тыңдауға, құрметтеуге мүмкіндік берді

Бұрынғы жанталас тоқтады

Психолог маман коронавирустың таралуына байланысты көмекке жүгінетін адамдардың көбейгенін байқамапты. Дегенмен, өзінен кеңес сұрайтындар бұрынғыдай емес, әрбір тақырыпты терең қаузайтын болған.  
«Мен кешеден бері әлеуметтік желіге шығып, халықтың сұрағына жауап беруді қолға алып жатырмын. Сонда байқағаным, адамдар терең ойланатын сұрақтарды көп жолдайтын болған. Бұрын өз тыңдарманыммен бұндай терең деңгейде сирек әңгімелесетінмін. Ал сұрақтардың деңгейі көтерілсе, адамның ой-санасы да өседі. Бұрынғы сұрақтың деңгейі өте төмен еді», – дейді Сәлі.
Оның ойынша, қазіргі жағдайда адамдар терең ойлануға мүмкіндік алды. Себебі бұрынғы жанталас кілт тоқтады. 
«Бұрын біз өмір үшін жанталасқан адам едік. Ойлануға уақыт болмады. «Қалың қалай?» деген сөздің өзін жүректен шығарып айтуға уақытымыз жетпеді. Анаған үлгеруім керек, мынаны алып қоюым керек. Әйтеуір, бітпейтін жанталас. Қазір ол жанталас тоқтады. Тыныштық кезеңі басталды. Содан халықтың сұрақтары да өзгерді, салмақты бола бастады. Бұрын бәрі асығып тұратын», – дейді психолог.

 

Не үшін жанталастық?

Серікгүл Сәлінің айтуынша, үйден шықпайтын халық абдырап қалды. Өйткені тыныштықты қалай қабылдауды білмейді. Содан отбасына қатысты сұрақтар жиі қойылады. Ал ата-аналар карантин кезінде үйге қамалып отырған балалар үшін қатты алаңдайды.
«Балалар таңнан кешке дейін компьютерде немесе «соткада»  отырады, тағы не істеуге болатынын сұрайды. Сосын балалар шаршатты, күйеуі мен әйелі бір-бірін шаршатты. Осының бәріне үйде қалай төзіп отыруға болады? Қорқыныш-үрей төңірегіндегі сұрақтар аз емес. Қазіргі сәтті қалай пайдалану керек? Осындай сауалдар көп», – деп атап көрсетті Сәлі.
Психолог қазіргі  тыныштықты пайдаланып, адами қасиеттерді көтеруге, бір-бірімен қарым-қатынасты бекітуге, отбасын күшейтуге кеңес беріп отыр.
«Мысалы, Қытайда карантиннен кейін ажырасу көбейіп кетті. Неге? Себебі олар өз үйінен қашып, өмір сүрген. Бізде де ондай адамдар аз емес. Көп уақытын жұмыста өткізеді, одан кейін тағы шаруамен шапқылайды. Сөйтіп, өзі білмейтін отбасын құрып қойған, оны танымайды да. Ішіндегі адам нені қалайды? Жаны не нәрсеге жақын? Былайша айтқанда, байланыс үзіліп кеткен, адами қарым-қатынас жоқ. Міне, осыны ойланумыз керек. Соған уақыт беріліп отыр», – дейді Сәлі.
Оның ойынша, қазіргі мүмкіндікті пайдаланып, отбасының жаңа бір формасын құру қажет. Себебі отбасы құндылықтары әбден ұмытылған.
«Үйіңде бала-шағаңмен, жан-жарыңмен, ата-анаңмен отырып, сырлас, рухани әңгіме айт. Осылайша, бөтен ешкімді кіргізбей, жеке отбасы жүйесін құру қажет, бұрынғы қателіктерді түзету керек. Бұған дейін не үшін арпалыстық? Не үшін жанталастық? Осыны ойланайық. Бұрын бұны тыңдайтын құлақ жоқ еді, қазір пайда болды. Пандемия бізді бір-бірімізді тыңдауға, бір-бірімізді құрметтеуге, бір-бірімізбен қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ал ол далада емес, өз үйіңде басталуы керек», – деп түйіндеді психолог.
Sputniknews.kz

29 наурыз 2020 ж. 290 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930