Коронавирус: Қызылордада жаңадан анықталған 4 науқастың оны қалай жұқтырғаны белгілі болды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында коронавирус жұқтырғандар саны 9 адамға жетті. Бүгін анықталған 4 науқастың коронавирустық инфекцияны қайдан жұқтырғаны туралы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов жергілікті телеарналардан мәлімдеді.
«Бүгінгі күнге Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының 9 жағдайы тіркелді. Бүгін 4 жағдай зертханалық сынамамен нақтыланды. Вирус жұқтырған 4 азамат та өткендегі анықталған науқастармен қарым-қатынаста болуына байланысты карантинге алынып, оқшауланған азаматтар болатын. Осы оқшауланған азаматтардан алынған зерттеме оң нәтиже беріп, бүгін стационарға, толық емге жатқызылды. Емі бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда осы азаматтармен тағы да қарым-қатынаста болуы мүмкін азаматтардың тізімі нақтылану үстінде. Алдағы уақытта ол азаматтарға да оқшаулау шарасы қолданылатын болады. Бүгінгі таңда облыстың ауруханаларында коронавирус инфекциясымен 9 науқас емін алуда. Барлығының жағдайлары динамикада нашарлаусыз. Емдерін жалғастыруда», – деді Жақсылық Абдусаметов.Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында осы қауіпті індетті жұқтырған 8-ші науқас тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.