Гүлшара Әбдіқалықова эпидемиологиялық ахуалы қиын аудандарға барды
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова эпидемиологиялық ахуалы қиын Жаңақорған және Шиелі аудандарына барды.
Қазіргі таңда, облыс бойынша «COVID-19» инфекциясын жұқтырудың 149 дерегі тіркелді. Шиелі ауданында – 61, Жаңақорған ауданында – 30 жағдай.
Жаңақорған кентінде 4 санитарлық тосқауыл бекеті жұмыс істейді. Медицина, полиция және әкімдік қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте тұр. Тұрғындардың жүріп-тұруына қатаң тыйым салынған. Қызметкерлер ыстық тамақ және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.
Ауданда вирус жұқтырған адамдар жұқпалы аурулар ауруханасында, ал олармен қарым-қатынаста болғандар Жаңақорған шипажайына жатқызылған. Қазіргі таңда 80 адам дәрігерлердің бақылауында.
Кент орталығындағы 15 дүкен, «Қазақтелеком», «Казпошта» ғимараттары, науқастар тіркелген Әлімкөл, Аралбаев, Жеңіс, Әлшекей көшелерінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 527 667 м2 аумақ дезинфекцияланды.
Сапар соңында аймақ басшысы аудан аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ұдайы назарда ұстауды және карантин ережелерін мүлтіксіз орындауды тапсырды.
Облыс әкімінің сапары Шиелі кентінде жалғасты. Аудан орталығында 11 санитарлық бекет жұмыс істейді.
Короновирус індеті анықталып, карантинге жабылған Қодаманов, Бала би, Жиделіарық, Ортақшыл елді мекендерінің тұрғындары жергілікті кәсіпкерлер есебінен тегін азық-түлік және медициналық бұйымдармен қамтамсыз етілуде.
Г.Әбдіқалықова Шиелінің индустриялды аграрлық колледжінде орналасқан провизорлық стационар мамандарымен сөйлесті. Дәрігерлер қажетті препарат және қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
Аудандық аурухананың ғимаратында вирус жұқтырған 4 адамға тиісті ем жасалып жатыр. Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әміров науқастардың жағдайы қанағаттанарлық екенін баяндады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Гежуба Шиелі цемент» зауытының жатақханасында ашылған уақытша тұрақтау орнының жұмысымен де танысты. Аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраков дәрігерлердің тынығып, демалуына мұнда бар жағдай жасалғанын жеткізді.
Г.Әбдіқалықова ең көп вирус жұқтырушы адамдар анықталған Қодаманов ауылына да барды. Жалпы саны – 46 науқас. Елді мекен толыққанды оқшауланған. Науқастар облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Ауылды және тосқауыл бекетін тәртіп сақшылары мен Қарулы Күштердің сарбаздары қырағы күзетіп жүр. Ауданға келісімшарт бойынша жұмыс істейтін 25 әскери қызметкер жіберілген. Олардың қатарына бүгін аумақтық қорғаныс бридасын жасақтау мақсатында арнаулы жиынға шақыртылған тағы 25 әскери міндетті сарбаз қосылды.
«Біз үшін қазір ең бастысы – дендеген дертті тоқтату. Азық-түлік, дәрі-дәрмек арнайы көліктермен жеткізіледі. Ауылдан ешкімді шығармай, сырттан ешкімді кіргізбеу керек. Вирус жұқтырған адамдардың тезірек жазылып шығуына бар күш-жігерді жұмылдырамыз», – деді облыс әкімі.Ауданда осы күнге дейін 1 млн.262 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылып, 28 млн.теңгеге антисептик, хлор, қорғаныш киімдері және басқа да медициналық бұйымдар сатып алынған.
Сапар қорытындысында, Г.Әбдіқалықова ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың тиісті деңгейде емес екенін айтты. Талаптардың уақытылы орындалмауының салдарынан көпшілік шаралар өткізіліп, аурудың тез таралуына жол берілген. Осы ретте, облыс әкімі аудан басшылығына тез арада олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.