» » САУАП ІСТЕРДІҢ САЛМАҒЫ ЖОЙЫЛМАСЫН

САУАП ІСТЕРДІҢ САЛМАҒЫ ЖОЙЫЛМАСЫН

Жүрекпен жасалатын амалдардың ең әуелгісі – ықылас. Бұл – құлшылықтың негізі. Жасаған амалыңыздың қабыл болуы не кері қайтарылуы да осы ықыласқа байланысты. Бір сауапты істі бастарда ниеттің дұрыс болуы маңызды. Мұсылман адам бұл амалдарды атқару алдында Жаратушының разылығынан, сауабынан үміттенуі керек.

Ертеректе бір мұсылмандардан болған Ләйс ибн Сағд деген кісі бал сатумен айналысқан екен. Бір күні оның кемесі жағаға келіп тоқтайды. Кемеде үлкен бөшкелерге құйылған бал болатын. Осы мезгілде кішкентай ыдысын ұстаған күйде бір қарт әжей Ләйс ибн Сағдқа келіп, оған бал құйып беруін өтінді. Алайда, Ләйс ибн Сағд бал беруден бас тартады.
Әлгі әжей өз жөніне кетісімен Ләйс ибн Сағд өзінің көмекшісіне оның мекенжайын анықтап, бір бөшке балды үйіне апарып беруді тапсырады. Оның бұл ісіне таңырқаған көмекшісі:
– Ол кейуана сізден кішкентай ыдысына шамалы мөлшерде бал құйып беруін сұрағанда оның бетін қайтарып, енді қазір балды бөшкесімен үйіне апарып бер дейсіз! Бұныңыз қалай?
Көмекшісінің сауалына Ләйс ибн Сағд:
– Әлгі әжей шамасына қарай сұраған болатын, ал мен, оған өз шамама қарай бергелі жатырмын. Әрбір садақа жасаушы адам өзінің берген садақасы пақырдың қолына тимей тұрып, Алланың құзырына жететіндігіне сенімі кәміл болған жағдайда, садақаны алушыдан қарағанда оны беруші әлдеқайда ләззатын көбірек сезінетін еді», – деп жауап қатқан екен. Түсінгеніміздей бұл жерде бал сатушы әрбір игі істі жасарда Алланы еске алып, оның разылығын іздеп, ниеті мен ықыласы түзу болғанда ғана өзі жасаған жақсы амалының қайырын көре алатынын меңзейді.
Ретін тапса, сауапты істің түрі көп. Сол жақсылық адал жүрек, таза ниеттен жасалынса нұр үстіне нұр болар еді. Бізге қалам алдырған негізгі ой – сауап істі жариялаушылардың қатарының көбеюі еді. Көпке топырақ шашып немесе біреудің амалын теріске шығарудан Алла сақтасын. Бірақ адамның түпкі ниетіне істеген амалы дәлел болмайма? Қайырын Алладан көрем деп емес, пендешілігін алға тартып, өз абыройын асырмаққа ұмтылу жақсы қасиет еместігі анық. Сіз қайырымдылық жасаған адам өзінің сол күйі үшін бөтеннен ұялуы мүмкін. Ал оны суретке түсуіңіз керек деп өзі онсызда жүзін төмен салып тұрған адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыруыңыз ғажап емес. Сол суретті әлеуметтік желіге «Мен мына кісіге қайырымдылық жасап, ас-ауқатын апарып бердім» деп жарияға жар салатындар көп. Кейде суреттің астына «Аяқ-қолы бар неге өзі жұмыс істемейді екен» деген ауыр пікірлер жазылуы мүмкін. Сонда сіз ниеттеніп жасаған қайрымыңыздың қайыры қайда қалады? Міндетсінген мінез сауап істердің салмағын жоймасына кім кепіл? Жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да өзіңе қайтады. Бәрі өзіңнің ақыретің үшін. Тіпті құлшылықты да жасырын жасаңдар деген. Қайырым шын ниет, адал жүрек және жарияға жар салмай жасалынса, ол адамның жаны тыныш, ұйқысы қанық, тіршілігі берекелі болары кәміл.
Қасиетті  Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін жақсы болады. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Кез келген адам үшін бұл өмір сынақ. Осы дүниедегі жасаған жақсы амалдары, не болмаса қылған қиянаты таразыға тартылып, әділдік орнайды. Әр жанның ойында үйінен шығарда бүгін тым болмаса бір адамға жақсылық жасаймын, жанына жылу сыйлайтын мейірім төгемін деген мақсаты болса екен. 

Нұр НАУАН
07 мамыр 2020 ж. 304 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930