Қызылорданың қамысы Германияға экспорттала бастады
Бұл өнім биыл алғаш рет экспортқа шығарылған.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында жергілікті аймақта өсетін қамыс биыл Германияға экспортқа шығарыла бастады, деп жазады ҚазАқпарат.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, аталған мемлекетте қамыс үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланылады. Бұл өнім биыл алғаш рет экспортқа шығарылған. Бүгінгі күнге дейін 122,1 тонна Германияға жіберілген.
Астық тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік - қамыс жер шарында кеңінен таралған. Тек Арктика мен Антарктидада кездеспейді. Қазақстанда жерасты суы жер бетіне жақын жатқан шалғынды, құмды, сортаң жерлерде өсетін 2 түрі бар. Ең жиі кездесетіні - кәдімгі қамыс немесе құрақ. Қамыстан себет тоқылады, құрылыста қолданылады. Одан химиялық өңдеу жолымен шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады.
«Қызылорда облысынан жыл басынан бері 13,9 млн долларды құрайтын 38,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,7 пайызға артты. Шетелден балық, күріш, бидай қалдығы, қамыс өнімдеріне сұраныс жасалды. Облыста өндірілетін өнімдер Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Польша, Германия, Литва және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы. Бұдан бұрын Сыр өңіріндегі «Әр отбасы мүшесі үшін үш талдан егу» акциясы нәтижесін беріп жатқанын хабарлаған едік.