Заңдағы өзгерістер: Сотқа қосымша өкілеттіктер берілді
Осы жылдың 10 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының “Азаматтық-процестік кодексіне” соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды.
Қазақстан Республикасының “Азаматтық-процестік кодексіне” соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Онда азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері істерді толық және уақытылы шешумен қамтамасыз ету жайлы ережемен толықтырылып, тараптардың жарыспалығы мен тең құқықтылығы жайлы 15-баптың үшінші және төртінші бөліктері жаңа нұсқада берілді. Оған сәйкес сотқа қосымша өкілеттіктер берілді. Енді сот тараптармен істің мән-жайларын талқылап, олардың құқықтық ұстанымдары мен уәждерін нақтылай алады. Сонымен қатар істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру бөлігінде де Кодекске өзгерістер енгізілді. Енді соттың анықтаған соттылығымен екі тарап та келіскен жағдайда олардың жазбаша өтінішхаты негізінде істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру ол туралы ұйғарым қабылданғаннан кейін дереу жүзеге асырылады. Сондай-ақ түрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші саты соттарының арасында соттылық туралы дауларды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тиісті облыстық және оған теңестірілген соттардың ұсынысы негізінде шешетіні белгіленді. Соның ішінде талап қою арызын қабылдау тәртібі бекітілген АПК-ның 150-бабының 1-бөлігі толықтырылып, татуластыру рәсімдерін жүргізген жағдайда талап қою арызын қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны көзделді. Дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді. Жалпы бұл Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар осы секілді көптеген жаңашылдықтарға негізделіп, істердің толық, уақытылы шешілуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Жоғарыдан айтып өткендей АПК-ның 15-бабының үшінші бөлігі «Сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан босатылған, алайда тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдем көрсетеді. Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерін іске асыру мақсатында сот өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын анықтау, тараптардың дәлелдерінің негізділігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша көзделген кез келген шараларды қолдануға құқылы» деп өзгертілді. Бұрын судья тараптар ұсынған дәлелдемелерге ғана баға беретін, енді жаңа өзгеріске сәйкес сот өз бастамасымен істің материалдарын жинау және зерттеу, тараптар дәлелдерінің негізділігін және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Сонымен бірге тараптардың келісімімен азаматтық істі соттылығы бойынша бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жататын болды. Бұрынғыдай ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалғаннан кейін он жұмыс күнін күтпей-ақ, тиісті сотқа істі жолдау тараптардың уақыттарын, істің қаралу мерзімін үнемдейді. АПК-ның 5-1 тарауы қосымша екі баппен, атап айтқанда, «Сот приставы» 56-3-бабы, «Аудармашы» 56-4-бабымен толықтырылды. Мұндағы мақсат – істі қарау барысында соттың қалыпты жұмысын, сот отырысы залында қатысып отырған азаматтардың қауіпсіздігін және сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында сот приставының құқықтық жағдайын қалыптастыру. Сонымен қатар аудармашының процессуалдық тұлға ретінде маңыздылығын және оның құқықтық жағдайын күшейту мақсатында аудармашының құқықтары мен міндеттерін заңмен реттеу. Бүгінгі күні республика соттарында жаңа технологияларды қолдану аясы кеңейіп, ақпараттық сервистерді және оларды пайдалану механизмдері күн өткен сайын жетілдірілуде.
Сотқа жүгінуші азаматтар өзіне ыңғайлы уақытта электронды интернет жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібімен, азаматтық істер бойынша жүргізілген аудио-бейне жазбалармен танысуға және сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркеуге мүмкіндіктері бар. Сот жүйесіндегі жаңашылдықтың бірі – электрондық хаттама, яғни азаматтық істер бойынша жүргізілетін аудио-бейне жазбаларды атауға болады. Бүгінгі таңда азаматтық істер бойынша жүргізілген аудио-бейне жазбалар қысқаша хаттамаға тіркелген, хаттама ретінде мәртебесі жоқ. Сондықтан электрондық хаттаманың толықтығын, сапалы және қарапайым қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында АПК-і 133-4-баппен толықтырылды.
Тағы бір айта кетерлігі АПК-ның 126, 235, 237, 239-баптарына маңызды және елеулі өзгерістер енгізіліп, артық сот рәсімдері мен шығындары қысқартылды. Атап айтқанда, процестік мерзімді ұзарту және қалпына келтіру, шешімдегі қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, шешімді түсіндіру және шешімді орындауды кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту туралы арыздарды тараптарды шақырмай-ақ қарап, шешу мүмкіндігі аталған заң аясында толықтырылды.Арнаулы бөлме ретіндегі кеңесу бөлмесі ұғымы алынып тасталды. Сонымен қатар сот төрелігі қағидаттарын іске асыру мақсатында шешім (ұйғарым) шығару үшін судьяның шығып кетуі және кеңесу құпиясын жария етпеу (алқамен қарау кезінде) туралы ережелер сақталады. Осылайша, судьяның кеңесу бөлмесінен демалуға арналған үзіліс тәртібімен ғана шығуы туралы норма бір мезгілде жойылды.Сонымен бірге сот бұйрығын, атқару парағын аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберу көзделген. Бұл олардың тікелей жеке сот орындаушысына жіберілуіне, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының мемлекеттік баж бойынша өндіруді қайтаруына жол бермейді.
Енді жаңа өзгеріске сәйкес егер тараптар татуласуға қол жеткізбесе, сот тараптардың істі сол судьяның қарауына келісімін анықтайды. Егер тараптар сол судьяның қарауына келіспеген жағдайда, талап қою арызы басқа судьяға қайта бөлінуге жатады. Татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту мақсатында дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге қатысушы тұлғалар шеңбері кеңейді. Сонымен бірге осыған дейін қолданыста болған Кодекс талабына сәйкес сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан толық босатылып, тек тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған қажетті материалдарды алуға жәрдем көрсететін. Қазіргі өзгерістерге сәйкес сотқа тараптың уәжді өтінішхаты немесе өз бастамасымен іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдап, өз бастамасымен сот тапсырмаларын беріп, дәлелдемелерді жинау өкілеттігі берілді.
Аталған заң аясында Қазақстан Республикасының “Азаматтық-процестік кодексінде” судьяның процестік рөлі нақтыланып, оған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау, судьяға іс жүргізуде қосымша тараптардың істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы азаматтарға сұрақтар қою, іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету және тағы да басқа өкілеттіліктер берілген. Заң бойынша бірқатар жағдайда судья өз қалауы бойынша сот отырысын өткізу қажеттігін айқындап, кейбір мәселелерді жеке сот актісін қабылдамай шешеді, ал оңайлатылған іс жүргізу ісін қарау тек электрондық форматта жүргізіледі. Сонымен бірге, жеке сот актісін қабылдамай шешілетін мәселелер, процеске қатысушылардың техникалық құралды пайдалану тәртібін реттейтін нормалар, татуластыру рәсімдері және тағы басқа заңнамаға елеулі жаңашылдықтар енгізілген.
Қорыта айтқанда заңдағы өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерінің соттар тарапынан дер кезінде қорғалуы заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға жасалған оң қадам екені анық.
Тұрар ТЕМІРБАЕВ,
Жалағаш аудандық сот төрағасы міндетін атқарушы