» » ТОҒЫС ЕСЕБІ

ТОҒЫС ЕСЕБІ

Әлемде болып жатқан құбылыстың барлығы – табиғаттың заңдылығы. Бір сөзбен айтқанда, табиғаттың тылсым сырлары деуге болады. Табиғаттың тылсым сырларына үңіле түскен сайын, оның құпияға толы, адамзатқа белгілісі бар, белгісізі бар, танысы бар, таңсық дүниелері де көп екеніне көз жеткізе түсеміз. Бұрынғының қазақтары шаруа жайын, ертеңгі күнгі тіршілігін үркер шоқжұлдызының қозғалысына негізделген тоғыс есебімен есептеген. Бірақ бүгінгідей дамыған заманда синоптиктердің болжамына жүгінеді. Дегенмен халықтың ескіше болжамы да ұмытыла қойған жоқ. Біз де ақпарат көздерін ақтарып, ескі ізбен шолу жасап көрдік.

Тоғыс есебі – тұрмыс-тіршілігі шаруа жайымен, мал шаруашылығымен тығыз байланысты байырғы қазақ халқының үркер қозғалысына негізделген күнтізбесі. Айдың үркерді басып өтуі – тоғыс деп аталады. Дәл тоғыс кезінде үркер айдың арғы жағында тасада қалады да адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, үркер көрінеді. Ай толған кезде ауа райы бұзылып, өзгеріс болады. Тоғыс үш күнге жалғасады. Бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзімді тоғыс айы деп атайды. Күнтізбесін үркердің қозғалысына негізделген көшпелі халық шаруашылығын, науқанды жұмыстарын да тоғыс есебіне сәйкестендірген. Үркерге қарап қыс пен жаздың басын анықтаған. Халық «Үркер шаңырақтан көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша үркер жамбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар» деп тәмсілдеген. Күз басында үркер іңірде күншығыстан, қыс басында іңірде төбеден, көктем басында іңірде күн батыстан көрінеді. Жазда үркер көрінбейді.
Көктем, жаз айларында да орындалатын амалдар көп. Мәселен, сәуір айының 4-і мен 5-і күндеріне боран өтеді. Қыстың ең соңғы ызғары да осы күндерге сәйкес. Сонан, қар күрт еріп, жер лайсаң болған кезең «Аласапыран» деп аталады. Сәуірдің алғашқы он күнінде боран «Тасбақа дауыл» болады. Қыстан оянған тасбақа әлсіз болады. Оның тас сауытының үстіндегі құмды түсіруге осы боран көмектеседі екен. Табиғаттың өзі осыдан-ақ жан-жануарлардың төлдеуіне, өруіне және басқа да қажеттілігіне ыңғай беретінін көрсетіп тұр. Сәуірдің ортасынан кейін найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Бұл сәтті халық «Қызыр қамшысы» атаған. Сәуірдің 25-28-інде қара суық қайталанып, ызғар сезіледі. Бұл алғашқы көк шыға бастаған күндер «Тобылғы жарған» аталған. Сондай-ақ мамыр айының алғашқы онкүндігінде ұя басқан құстардың балапанын шығара бастауымен тура келеді. Бұл екі күнде күн райы күрт суытады. Мамырдың ортасына қарай Үркер көрінбей кетеді. Халық бұл уақытты «Үркер батты, енді жер қызады» деп болжаған. Мамырдың аяғына таман «Құралайдың салқыны» өтеді. Бұл күндері ақбөкен лақтап, құралайларын аяқтандырып, өргізеді. Ауа райы да салқындап, табиғат дүниеге жаңа келген құралайларды қатал табиғат жағдайына бейімдейді. Аң өрлеп бұлтпен тасаланып төлдейді. Амал бірнеше күнге созылады. Киіктердің құралайы аяқтанады. Амал аты осыған байланысты қойылған. Бұлбұл торғай амалы жаз басында болады. Жаз торғайының келуіне байланысты болуы мүмкін. Маусымның қосалқы атауы, жердің отаю кезеңін меңзеген. Күннің ең биік, түннің ең қысқа деңгейде болатын кезі – жазғы тоқырау 22 маусымға сәйкес келеді. Ел бұл күнді күн ілінген күн деп те атайды. Маусымның алғашқы екі күні жауын-шашынды болса, айдың қалған бөлігі құрғақ, алғашқы аптасында күн құбылмалы болса, айдың екінші жартысы құрғақ боларын, күн батарда бұлт қара көкшілденіп қалыңдаса, түнде найзағай ойнарын болжауға болады.
Ата-бабамыз құралайдың салқынын күтіп, одан да сақтанған. Мамырдың алғашқы күні ашық, жылы болса, айдың соңы салқын немесе керісінше боларын, ай бойы жылылық болса, бүкіл жаз бойы күн бір қалыпты боларын, ай жаңбырлы болса, алдағы маусым ылғалсыз, қыркүйекте жаңбырдың сіркірерін білуге болады.

Дайындаған Нұр НАУАН


30 маусым 2020 ж. 598 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 710

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031