КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН КҮМБЕЗДІ КЕСЕНЕ
Киелі Жалағаш топырағы түрлі тарихи ескерткіштерге бай, қойнау-қатпары ашылмаған құпияларға толы киелі өңір десек, қателеспейміз. Қазіргі таңда аудан территориясында орналасқан 61 тарихи және мәдени ескерткіштердің бірі – Бұланды ІІ күмбезді кесенесі. Мұнда табылған археологиялық экспонаттар ортағасырлық тарихтан сыр шертеді.
Бұланды ІІ кесенесі Аққыр ауылының оңтүстік-батысында шамамен 60-65 шақырым жерде, Қармақшы ауданынымен шекаралас аймақта орналасқан. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жетекшісі, профессор С.П.Толстов 1960 жылы ескерткішті алғаш зерттеген. 1960 жылы кесенеге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кесененің ежелгі заманда-ақ әбден талан-таражға ұшырап, тоналғанын көрсетті. Табылған материалдардың негізінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының археологтары орталық үлкен бөлменің жан-жағындағы бөлмелердің ең кем дегенде жартысында қабірлердің болғанын анықтады. Археологтар орталық бөлменің ішінен қабірлердің орнын таба алмаған, сондықтан бұл жер сақ тайпасының абыздары түрлі діни жоралғылар мен әдеп-ғұрыптар атқаратын немесе ғибадат етуге арналған орын болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Ғалым С.П.Толстовтың пікірінше, б.д.д. ІҮ–ІІ ғасырларда аудан өңірін мекендеген апасиақ тайпасының сақтары тұрғызған бұл ғимарат сол замандағы әлемдік сәулет өнеріндегі бірден-бір күмбезді құрылыс және б.д.д. І ғасырда өмір сүрген рим архитекторы Марк Витрувийдің жобасымен Рим империясының аумағында тұрғызылған күмбезді кесенелерден кемінде 200-300 жыл бұрын салынған.
Аталған кесене құрылысының жалпы пішіні дөңгелек шеңбер нысанында. Оның жалпы диаметрі – 16 метр, сақталған қабырғаларының биіктігі 4,5 метрге жуық. Іргесі пахсадан, жоғарғы жағы шикі кірпіштен қаланған. Сыртқы қабырғалары үшбұрышты күрекше іспеттес. Ғимараттың ішінде диаметрі 5,5 метр цилиндрге ұқсас төбесі күмбездене етіп жабылған ортаңғы бөлме бар. Оның сыртында айнала көлемдері әркелкі болып келген 7 бөлме орналасқан. Бөлмелердің көлемі еңселі әрі кең, төбелері жабық. Олар радиальды қуыс-қабырғалармен бөлінген және бір-бірімен тек айналма дәліздер арқылы байланысады.
Орталық бөлменің кіреберіс есігіне қарама- қарсы қаланған бүтін бір қабырға ғимарат бөлмелерін екі бірдей бөлікке бөліп тұр. Ғимараттың сыртқы қабырғасы ішкі орталық бөлменің қабырғасынан 2,3 метрдей алшақ орналасқан. Кіреберіс есіктен кейінгі бір кең бөлме вестибюльдің рөлін атқарған. Оның төрт қабырғасында арка тәрізді етіп иіп жасалған есіктері бар. Кесененің кіре-беріс есігі портал тәрізді етіп қаланып, оңтүстік бетте орналасқан. Заманында кесененің кейбір бөлмелерінің ішкі қабырғалары алебастр ерітіндісімен сыланған болуы керек, себебі бір қабырғаның бұрышына жағылған алебастрдың іздері бүгінгі күнге дейін сақталған. Ал қалған бөлмелердің қабырғалары сабан араласқан саз балшықпен сыланған.
Қазба жұмыстары кезінде кесене маңынан сүйектен жасалған түрлі салт-тұрмыстық бұйымдар, сырты алтынмен әшекейленген былғарыдан тігілген киімнің жыртындылары, темірден жасалған пышақ, мақтаматадан тігілген қызыл және сары түсті жұқа маталардың фрагменттері табылған. Аталған маталарға қара, қою-қызыл және көк бояулармен түрлі ою-өрнектер түсірілген.
Қорыта айтқанда, Баланды ІІ кесенесі әлемдік сәулет өнеріндегі бірден-бір күмбезді құрылыс ретінде ерекшеленетін қола дәуірінің теңдесі жоқ ескерткіші болып табылады және ерте антикалық дәуірде аудан өңірін мекендеген сақ тайпаларында діни құрылыстар архитектурасы мен құрылыс техникасының барынша дамығандығын көрсетеді. Қазір Баланды ІІ кесенесіне республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіші деген мәртебе берілген.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ