КИЕЛІ ӨҢІРДЕГІ КӨНЕ ҚАЛАЛАР
Киелі Жалағаш топырағында ежелгі қалашықтар мен мәдени-ескерткіштер ашық аспан астындағы музей іспеттес. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін суреттейтін бұл киелі жерлер көне дәуірден сыр шертеді.
МОНШАҚТЫ ҚАЛАШЫҒЫ
Моншақты қалашығы Жалағаш кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 8,5 шақырым жерде, Ақсу ауылдық округі аумағында орналасқан. Бұл жер жергілікті тұрғындарға «Жалағаш төбе» деген атаумен белгілі.
Тарихшылардың сөзінше, бұл қалашық Қаңлы дәуіріндегі қаланың орны. Бұл қаланы Сырдария өзенінің бір арнасы – Қуаңдария бойындағы Жетіасар қалаларының шығыстағы сілемі десе де болады. Өкінішке орай, қаланың нақты атауы мен тарихы әзірге белгісіз.
Қалашықтың қазіргі пішіні екі қабатты төбеден тұрады. Жоғарғы қабаттың өлшемі – 34 метр болса, биіктігі 9-10 метр. Ал төменгі қабатының өлшемі – 55х50, биіктігі 6-7 метрге жуықтайды.
Қалашықты 2006 жылы Ж.Құрманқұлов басқарған Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы зерттеп, географиялық координаттарын анықтаған екен. Алайда, қазба жұмыстары жүргізілмепті.
СОРЛЫАСАР ҚАЛАШЫҒЫ
Бұл қалашық – Бұқарбай батыр ауылының оңтүстік-шығысында шамамен 3 шақырым жерде орналасқан. Сорлыасар деген атауды сол маңайдың топырағының (сор, сортаң) түріне қарап, жергілікті тұрғындар қойған. Көнекөз қариялар баяғы жаугершілік заманда сол жердің топырағын мылтыққа дәрі жасау үшін пайдаланған деседі.
Қаланың топографиялық құрылымы дұрыс емес көпбұрышты болып келген. Айнала бұрыштарында күзет мұнаралары бар бекініс дуалымен қоршалған. Дуалдың өлшемі шамамен 800х500 метр болса, ені 3-4 метр. Қорған ішіндегі бекіністің құландысы екі қабаттан тұрады. Астыңғы қабаты домалақ пішінді, ал жоғарғы қабаттың жалпы пішіні созылыңқы-төртбұрышты болып келген.
Қазіргі уақытта қаланы айнала қоршаған қорғанның қабырғалары мүжіліп, бұзылған. Негізгі қақпалары қорғанның оңтүстік, солтүстік-батыс және шығыс жақтарында орналасқан.
Айта кетейік, қала орнына 1962 жылы Хорезм археология – этнографиялық экспедициясы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізгенімен қазба жұмыстары қолға алынбаған. Кейін 2006 жылы қалашық орнын Ж.Құрманқұлов басқарған ШРАЭ зерттеп, географиялық координаттарын анықтаған.
ЕЖЕЛГІ ЖЕНТ ҚАЛАСЫ
Республикалық маңызы бар ортағасырлық Жент қаласының орны қазіргі уақытта 40 гектардан астам аумақты алып жатыр. Қала қирандыларының мерзімделуін әр ғасырға жатқызуға болады. Қаланың солтүстігін су жүрген арық-канал кесіп өтсе, оның солтүстік-батысында ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Хиуа хандары қам кесектен салдырған ғимараттар, мұнаралар мен тұрғын үйлердің қабырғалары сақталған. Қаланың бас қақпасы дуалдың оңтүстік-батысында орналасқан.
Қаланың орталық бөлігіндегі цитадель мен оның маңындағы күзет мұнарасы, сыртынан терең етіп қазылған ормен айнала қоршаған қорған-дуалдар да кейінгі ғасырлармен (ХVІ–ХVІІ ғ.ғ.) мерзімделеді. Цитадельдің ғимараты қам кесектерден қаланып, ортасынан жүргізілген дәлізбен екі бөлікке бөлінген, оның әрқайсысы 8-10 бөлмеден тұрады. Күзет мұнарасының жалпы пішіні сегізқырлы болып келген, сабан мен малдың майда сүйектерін қосып илеген қам кесектерден (пахса) қаланған. Биіктігі шамамен 7 метрдей. Қабырға-дуалмен қоршалған қаланың жарты бөлігі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа дейін созылып жатыр. Кейінгі уақыттары мұнда Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы да тұрақтаған деген деректер кездеседі.
Аңыз бойынша, Жент қаласының әміршісі Құтлық Хорезмге қашып кетіп, басшысыз қалған қала халқы моңғолдарға табанды қарсылық көрсете алмай қалады. Моңғолдар халықты сыртқа қарай айдап шығып, қаланы тоғыз күн бойына тонайды. Қала түбінде бірде-бір моңғол сарбазының қаны төгілмегесін Жошы хан да қала халқын қырғынға ұшыратпай, оларға рахымшылық жасайды. Жент қаласын басып алғаннан кейін Жошы ханның әскері Жанкент қаласына қарай жорыққа аттанады.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қаласы қайта жанданып, Сыр өңіріндегі ірі мәдени-экономикалық орталыққа айналып, қаладағы ақша сарайда күмістен және мыстан соғылған теңгелер шығарылған.
Алдағы уақытта Жент қаласының сақталуы және қорғалуын қамтамасыз етіп, ауданда туризм кластерін дамыту мақсатында қаланы ашық аспан астындағы музейге туристер тарту мәселесі күн тәртібінде тұр.
ҮҢГІРЛІ АСАР
Үңгірлі асар қалашығы Қаңлы дәуірінің көрнекті ескерткіштерінің бірі болып табылады. Таң ауылының оңтүстік-шығысында, Домалақ асардың маңында орналасқан. Қала құландысының жалпы пішіні төртбұрышты болып келген. Көлемі шығыстан батысқа дейін 300 метрге, оңтүстіктен солтүстікке дейін 250 метрге созылған. Қала үш сатылы қабаттан тұрады. Қалашықтың ішкі беті шеңберлене келе екінші қабатқа қарай шығады. Екінші қабат жалпақ алаңша пішінінде цитадельдің батыс және шығыс жақ қанатына жапсарлана орналасқан. Алаңшаның жалпы көлемі 100х80 метр болса, биіктігі 3-6 метр. Қалашықтың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған. Қаланың цитаделі мен дуалдардың сыртқы беті және етегінде жауын-шашынның әсерінен үңгірлер мен арықтар пайда болған.
ЖОМАРТ МҰНАРАСЫ
Бұл мұнара – Жаңадария ауылының оңтүстік-батысында 45 шақырым жерде, Жаңадария өзенінің оң жақ жағасында орналасқан.
Жомарт мұнарасы құмтөбенің басына орналасқандықтан, басқа мұнаралармен салыстырғанда биіктігі әлдеқайда аласа. Мұнараның жалпы пішіні конус тәрізді, сүйірлеу етіп, көлемі 8х20х38 см болатын қам кірпіштерден қаланған. Құмның үстіне салынғандықтан бұл мұнараның астына қамыс төселмеген. Іргетасының орнына мұнараның табанына қалыңдығы 84-85 см болатын сабан қосып иленген. Сазды топырақтан қалың етіп фундамент құйылған. Мұнараның едені де осы биіктікке дейін көтерілген.
Мұнараның күмбезі ішкі бетке қарай қирап түсіп, жоғарғы жағын (шамамен 2,4 м) бітеп тастаған. Кіреберіс есігі оңтүстік-батыс жаққа қараған. Сыртқы бетінде мұнара биіктігінің жартысына дейінгі қабырғаға арматура ретінде сексеуілдің жұқа бұтақтары қоса қаланған.
БЫТЫҚ МҰНАРАСЫ
Бытық мұнарасы жергілікті тұрғындарға Бітім мұнарасы деген атпен белгілі. Аңыз бойынша, Кете руының Сойырқас аталығының бір байының қызына бір тайпаның игі жақсылары құда түсіп келеді. Сол тойдың көкпар жарысында күйеу жігіт қайтыс болады. Артынша қалындық та у ішіп өледі. Кейіннен екі ру бітімгершілік белгісі ретінде бірге көмілген қыз бен жігіттің бейітінің басына осы мұнараны тұрғызады.
Мұнараның жалпы формасы домалақ. Көлемі 8х21х35 және 12х21х35 см болатын қам кесектермен қаланған. Мұнараның астына фундамент есебінде қалыңдығы 10 см болатын бауланған қамыс төселген. Мұнараның ішкі бетінде жоғары жаққа қарай көтерілу үшін 4 баспалдақ бар. Сыртқы бетіне кесектермен бірге сексеуілдің жұқа бұтақтары да қоса қаланған. Жоғарғы жағы жабылмай, ашық қалдырылған. Солтүстік-шығыс жақ бетінде ішкі бетке жарық түсіп, ауа соғып тұру үшін үшбұрышты арнайы тесік бар. Кіреберіс есігі оңтүстік-батыс жаққа қаратылып, үшбұрышты арка секілді етіп жасалған.
Мұнараның жалпы биіктігі 6 метр болса, астыңғы жағының диаметрі – 3,6 метрді құрайды. Ал қабырғасының қалыңдығы – 85 см.
Қазіргі уақытта мұнараның астыңғы жағының сылағы мен кесектерден қаланған сыртқы қабаты ортаңғы тұсқа дейін табиғат құбылыстары мен жел коррозиясының әсерінен мүжіліп, түсіп қалған.
МЫСЫҚ КЕСЕНЕСІ
Мысық би ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Бидің өз есімі – Есенжол. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Мысық би 1804 жылы туып, 1884 жылы 80 жасында Жаңадария бойында қайтыс болған. Ол кісінің кіндік қаны тамған ата-мекені қазіргі Бұқарбай батыр ауылының аймағы. Мысық би елі мен жерін қолына қару алып, найзаның ұшымен, білектің күшімен, кеудесін оққа тосып, шешендік әділ сөзімен елдің бірлігі, тыныштығын қорғауға атсалысқан тарихи тұлғалардың бірі. Ол кісіні ел-жұрты хас батырлығы мен шешендігі үшін ғана емес, қара қылды қақ жарар турашылдығы мен әділдігі, ақыл-ойы мен парасат-пайымы үшін ерекше құрмет тұтқан.
Бір жылдары Мысық би Арқа жақта Кіші жүз бен Орта жүз арасында болған бір үлкен дауды әділдікпен шешіп, содан сөзден жеңілмейтін, әрқашан да екі жауырынымен түспей, төрт аяғымен жерге топ ете түсетін мысық секілді деген теңеу атқа ие болып, «Мысық би» атанады.
Қазіргі Таң ауылының батысында, Жаңаталап ауылының оңтүстігінде «Мысық би көлі», «Мысық арығы», «Мысықтың үйтамы» деген жер атаулары бар.
Мысық би бір замандарда осы кездегі Шәменов ауылының төңірегіндегі Қара иірім өзегінен саға алып, арық қаздырып аяғын Қаракеткен, Далдабай ауылына, Белқұм арқылы жеткізіп, екі бетіне егін ектіріп, халыққа күнкөріс қамын жасатқан. Ел аузында жүрген: «Ерегіссең ел болмайсың. Сөз сыйласаң кем болмайсың. Біріңді-бірің жамандап тілге салсаң, оңбайсың. Еліңді бүлдірсең, етегің ашылады, қолыңдағыңның бәрі шашылады, дұшпаның қасыңнан табылады, сөйтіп өзіңе жабысады» деген қанатты сөздерді де осы би бабамыз айтқан деседі.
Мысық кесенесі Аққыр ауылына қарасты Шәргелтай бөлімшесінің оңтүстігінде 17 шақырым жерде орналасқан. Кесене қам кесектермен қаланған бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс. Ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Төрт бұрышына домалақ пішінді төрт бағана тұрғызылған. Жебе тәрізді үшбұрышты етіп қаланған кесене есігі оңтүстік-батыс жаққа қаратып салынған. Ішінде жартылай қираған қабір жатыр.
РАБАТ ҚАТЫН ҚАЛАШЫҒЫ
Рабат қатын қалашығы Аққыр ауылының шығысында 5 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық бекіністің орны. Жергілікті тұрғындарға Қатын қала деген атпен белгілі. Әдебиетші-ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаевтың жазуы бойынша, Қатын қала бекінісі ХІІ-ХІІІ ғасырларда Хорезм мемлекетінің билеушілері хорезмшахтардың Қуаңдария бойындағы жазғы резиденциясы болған. Бекініске демалуға келген шах бекініс ортасындағы бассейнге барлық әйелдерін суға түсіріп, өзіне ұнаған біреуін қасына алдырып, көңіл көтеретін болған. Жасы 30-дан асқан келіншектерді бекіністің сыртына шығарып, егін ектірген.
ҚҰМҚАЛА І
Ортағасырлық Құмқала І қалашығы ХІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген қаланың орны. Аталған қала Жаңадария өзенінің сол жақ жағасында, Аққолқа ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 30-35 шақырымда орналасқан. Заманында қаланы биік әрі қалың етіп соғылған қорған-дуал қоршап тұрған. Қорғанның сілемдері мен мұнара құландылары қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталған. Құмқала топографиялық құрылымы жағынан дұрыс емес төртбұрышты болып келген. Қаланың жалпы көлемі 300х400 метр. Саз балшықтан соғылған қорған күзет мұнараларымен бекіністелген. Қаланың солтүстік-шығысында қам кірпіштен мазар тұрғызылған. Мұнара құландыларының диаметрі 10-12 метрден 15-18 метрге дейін. Олардың бір-бірінен ара қашықтығы 35-40 метрге жуықтайды.
Қаланың қақпалары қорғанның оңтүстік-шығысында, оңтүстік жақ беттің дәл ортасында және оңтүстік-батыс қапталында орналасқандығы аңғарылады. Қаланы үш жағынан қоршаған қорғандардың іздері сақталған, ал батыс жақ беттің қорғаны жел-құздың әсерінен жермен-жексен болып шөгіп кеткен. Қорғанның солтүстік жақ қанатында қаланың бас қақпасы орналасқан, ол қақпаны уақытында қорғанның сыртына шығыңқы етіп салынған күзет мұнарасы қорғап тұрған. Қаланы түгелімен, айнала қорғанның түбінен қорғаныс мақсатында қазылып, су толтырылған және тереңдігі 2,5 метр болатын ор қоршаған. Қала ішіне тұрғын үйлер жиі орын теуіп, көше аулаларға тарамдалған.
Құмқаланың орнын 1946 жылы бірінші болып тауып әрі зерттеген проф. С.П.Толстов жетекшілік еткен ХАЭЭ экспедициясы. Бірақ қазба жұмыстары жүргізілмеген. Археологтар қаланың үстіңгі мәдени қабаттарының деректері негізінде қаланың жасын шамамен ХІІ-ХІV ғасырларға мерзімдейді.
ҚҰМҚАЛА ІІ
Құмқала ІІ қалашығы жергілікті тұрғындарға «Бұзық қала» деген атаумен белгілі. Аталған қала Жаңадария өзенінің сол жақ жағасында, Аққолқа ауылының оңтүстігінде 30-32 шақырым жерде орналасқан.
Аталған қаланың басқа қалалардан айырмашылығы сол, бұл қалаға айнала ешқандай да фортификациялық құрылыстар (қорғандар, қамалдар) салынбаған. Қаланың жалпы көлемі 200х155 метр. Шамамен 60х50 метр болатын ірі ғимараттан және оған қосарлана орналасқан майда үйлерден тұрады. Қала орталығында орналасқан ғимараттың бөлмелері мен дәліздерінің ізі айқын аңғарылады. Солтүстік жақ бетінде үлкен алаңша орналасқан. Қала маңы заманында гүлденген бау-бақшалар мен егіні жайқалған алқаптармен қоршалған.
Бұл қаланың орнын 1960 жылы бірінші болып тауып, әрі зерттеген ХАЭЭ экспедициясы. Бірақ қазба жұмыстары жүргізілмеген. Археологтар қаланың үстіңгі мәдени қабаттарының деректері негізінде қаланың жасын шамамен ХІІ-ХІV ғасырларға мерзімдейді. Құмқала ІІ қалашығын екінші қайтара 1990 жылы Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының археологиялық экспедициясы тауып зерттепті. Бірақ онда да қазба жұмыстары жүргізілмеген.
МОРТЫҚ ҚАЛАСЫ
Ортағасырлық Мортық қаласы Аққолқа ауылының оңтүстігінде 30 шақырым жерде орналасқан. Мортық қалашығы бір-біріне тығыз орналасып, бір ірі ғимараттың маңына топтасқан үйлерден тұрады. Қаланың орталығында орналасқан аталған ғимарат ортасында квадратты, үлкен 9 бөлмесі бар. Жалпы көлемі 18х18 метр. Қабырғалары қам кесектен қаланған. Жанында көлемі 8х8 метр болатын үйдің құландылары жатыр. Ол жерден 850 метр қашықтықта көлемі 20х10 метр, жалпы формасы төртбұрышты болып келетін бір ғимараттың құландысы көзге көрінеді.
Бұл қаланың орнын алғашқы болып тауып, зерттеген ХАЭЭ экспедициясы болғанымен, оған да қазба жұмыстары жүргізілмеген.
Бұл қала орнын кейіннен екінші қайтара 1990 жылы Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының археологиялық экспедициясы тауып, зерттеген.
Қорыта айтқанда Сырдария өзенінің ежелгі арналарының аралығындағы қазақтың кең байтақ жазық даласы алуан түрлі археологиялық және тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді. Жалағаш топырағы түрлі тарихи ескерткіштерге бай, қойнау-қатпары ашылмаған құпияларға толы киелі өңір. Қазіргі таңда Жалағаш территориясында орналасқан 60-тан астам тарихи және мәдени ескерткіштің ішінде ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қоныстар ерекше маңызға ие.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ