"Қазақстанда жыл соңына дейін 700 мың адам жұмыссыз қалады" - Еңбек министрлігі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша жұмыссыздықтың жылдық деңгейі 6,1% немесе 700 мың адамды құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр Серік Шапкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның ақпараты бойынша, 2020 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, осы жылдың екінші тоқсанында - 5%-ды құрады."Болжам бар, жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейі 6,1% деңгейінде болады деп болжап отырмыз. Болжамға әсер етуші бірнеше фактор бар. Олардың ішінде пандемия да бар. Біз қазір пандемияның екінші толқынын болжап отырмыз. Егер екінші толқын немесе карантиндік шаралар жалғасатын болса, онда бұл динамикаға теріс әсер етеді", - деді еңбек вице-министрі.
Ол Қазақстанның барлық өңірлерінде іске асырылып жатқан "Жұмыспен қамтудың жол картасының" нәтижелерін оң факторларға жатқызды.
Серік Шапкенов теріс болжам, яғни жұмыссыздық деңгейі 6,1% болған жағдайда еңбекке қабілетті азаматтар қатарынан 700 мың адам жұмыссыз қалатынын айтты.
Бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті ай ішінде тіркелген жұмыссыздар саны сегіз есеге артқаны хабарланды. Осыған орай премьер-министр Асқар Мамин әкімдіктерге жұмыссыз әрбір қазақстандықтың профилін қалыптастыруды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында олармен мақсатты жұмыс жүргізуді тапсырды.