ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ – ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ БАСТАУЫ
Қазақ даласындағы жер-су атаулары текке қойыла салмаған. Түгін тартсаң, түбінен халқымыздың даналығын көресің. Өз ұлтының тілін, ділін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын бес саусағындай білетін және өмірден өткенше сол бабалар жолынан бір қадым қиыс кетпеген кешегі қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы бір әңгімесінде қазақ даласындағы жер-су атауларын айта келіп, «мәселен, мына Жамбыл өңірінде «Мыңбұлақ» деген жер бар. Ол жерде сылдырап аққан мың бұлақ болмауы мүмкін, бірақ бірнеше бұлақ бар екені рас. Алайда біздің бабаларымыздың даналығы да сонда, «жиырма алты бұлақ» немесе «қырық жеті бұлақ» демей, ол жерге «мың бұлақ» деп атау бере салған. Егер бұлақтың нақты санымен атаса, ол халықтың есінде қалмас еді. Себебі тілге жеңіл емес, айтылуы да ауыр. Бұл жерде «мың» сөзі көп деген мағынада қолданылып тұр», – дейді. Расында, «Мыңбұлақ» әдемі, әуезді атау емес пе?! Айтуға да жеңіл, естір құлаққа да жағымды.
Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы» деген әні бар. Сөзін қазақтың Қадыры жазған. Той-думандарда жұрт қосыла шырқайды. Бұл әннің тарихын тыңдармандарға таныстырудың қажеті жоқ, жүрегі әсем әнге ұйып қалатын әрбір қазақ біледі. Сонымен сол әйгілі әннің бір шумағында:
«...Бұрымың «Мыңбұлақта» туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай», – деген жол бар. Көрдіңіз бе, жер атауының дәл берілгені сонша, әнге арқау, өлеңнен өрнек болып өріліп түскен. Мәтіннің мазмұнын ашып, әннің әуеніне ерекше реңк беріп тұр. Одан бөлек, қазақтың қара өлеңінің барлығы да жер-су атауларымен байланысты. Мәселен, «Сусамыр – елдің жайлауы», «Тобылғы сай», «Аршалы», «Шәлкөде», «Қос Меркі», «Кегейлі», «Бозбеткей», «Қоғалы», «Тоғыз бұлақ», «Үш қоңыр», «Қаратал», «Қызылсай», «Бесқарағай», «Ирекжал», «Бозқараған», «Шатқараған» деп кете береді. Барлығы да қазақтың қара өлеңіндегі бейнелі образдар.
Қызылқұмда «Ағашты бұлақ», «Қарашаш», «Мінекей», «Айдар», «Қыр қарақ», «Ой қарақ», «Қос шымылдық», «Шәкім оқпан», «Ағашты бұлақ», «Бұланды», «Көктас», «Сандық», «Жолаушы», «Балапан», «Қызыл ой», «Қос шың», «Қарақорда», «Мыңтай», «Лоқылдақ», «Ұялы», «Келте», «Көкшүңгіл», «Қаракөл», «Молалы түгіскен», «Қалалы түгіскен», «Ақшығанақ» деген жайлау, қыстаулар бар және бұл жер-су атауларының барлығының да қызықты тарихы бар. Жастау кезімде бұл жерлердің көбін аралап көрдім. Шопандар жайлап, қыстайтын. «Қос шымылдықтың» аталуы да қызық. Мен ол жерді көрмей тұрып, атауына қарай қиялымнан ғажайып табиғат жасап алып, көз алдыма басқаша елестетіп жүретінмін. Шымылдық – шілтер. Аталған жайлаудың айналасы көк шалғын, қалың саялы ағаштар және сол ағаштардың шілтер секілді қалың жапырағынан күннің сәулесі себезгілеп мүлгіп тұрған сабатты жер екен деп ойлайтынмын. Кейін көзіммен көргенде қиялымдағы суреттің әдемі бояуы өңіп кетті. Ыстығы табаныңды күлдіретіп жіберетін, саялы ағаш, көкорай шалғын түгіл, торғай қонақтайтын қу бұтасы да жоқ, құлазыған жалаңаш құмның іші болып шықты. Жер атауының ол маңайдың табиғатына мүлде қатысы жоқ екен. Бұл жер қазір тоқсанға жақындаған Әлменбай әкеміздің жайлауы болыпты. Қызылқұмда қырық жыл қой баққан Әлменбайдың ағасы қайтыс болып, әмеңгерлік жолмен жеңгесін алады. Бұл да ұлтының ғұрпын ескілікке баламай, ұғынған жанға жесірін қаңғыртпаған, жетімін жатқа жәутеңдетіп жылатпаған бабалардың жөнді жолы. Жеңгесі Торғыннан 3-4 бала көрген соң, Әлменбай әкеміз Ұлжан анамызды жастай жар етеді. Бір қызығы, алдыңғы алған жеңгесін бөлек отауға шығармай, екі әйел де бір үйде тұрады. Алты қанат киіз үйдің екі босағасына екі шымылдық құрылады. Осыдан соң бұл жер «Қос шымылдық» аталады. Ал «Шәкім оқпан» деген жердің тарихи атауы тіпті қызық. Шәкім деген ағамыз бірнеше жыл Аққыр ауылында зоотехник болып жұмыс істеген. Ол кезде Аққыр – қаракөл-қой совхозы. Бірде ағамыз Қызылқұмды аралап, малшылардан есеп-қисап алуға шығады. Қас қарая жаңадан қазылған бұлақ-скважинаның басына қоныстанған шопанның үйіне түседі. Кешкі асты сол үйден ішіп, қасындағы серігімен бірге тысқа шыққанда көз байланып, қараңғы түсіп кетсе керек. Көлігіне беттеп келе жатқанда сол маңайдағы скважина қазғанда артық суды құйған терең оқпанға түсіп кетеді. Іші су мен балшыққа толы терең оқпанда үйелеп жатқан алпамысадай ағамызды үйдегілер жабылып жүріп әрең шығарып алады. Сол оқиғадан соң көп өтпей Қызылқұмдағы бұлақ-скважиналардың есебін алып, картаға тіркеу үшін облыстан мамандар келеді. Қолдан қазылған бұлақтардың бәрінің атауы бар. Әлгі жаңадан қазылған скважинаны қандай атаумен картаға түсіруді білмей дағдарып тұрған мамандарға сол жердегі ауылдың бір азаматы: «Бұл жер бұрыннан «Шәкім оқпан» деп аталады», – дейді ғой. Қазақы ауылдағы адамдардың бір-бірімен туысқандық әзіл-қалжыңы болатынын орыстар қайдан білсін, жаңа бұлақтың басын «Шәкім оқпан» деп картаға түсіріп, заңды құажатпен тіркеген де жіберген.
Қарақұмда «Күрең», «Жырық», «Сарыапан», «Табақ қалған», «Бөрітескен», «Егізқара», «Пьянтөбе» деген жерлер бар. «Күрең» –топыраққа, «Жырық» – қақ суынан жарылған жерге, «Сарыапан» –қасқырлардың мекеніне, «Табақ қалған» ескі жұртта ұмытылған ыдысқа байланысты айтылғаны белгілі. Ал «Бөрітескен», «Егізқараға» анықтама берудің қажеті бола қоймас. Бірі тауда қасқырдың апаны болғанын есіңе түсірсе, екіншісінің аты аталса, алыстан мұнартып көрінетін биік қос шыңның суреті көз алдыңызға келе қалады.
Айтпақшы, біздің ауылдың картаға түскен атауы – Көкшоқы. Ауыл маңындағы тұтаса өскен қалың жыңғылды биік шоқының атымен аталған. Ал, Аққыр – ауылымыздан оңтүстік батысқа қарай сексен шақырым жердегі Қармақшы ауданының территориясындағы Аққыр деген тау. Қазір біздің ауыл сол қыратты төбенің атын иеленген. Ауылдың іргесімен өтетін Майлыөзектің бойында «Татаркеткен», «Тайлақкеткен», «Жорабеккеткен» деген терең тұстары бар. Қайғылы оқиғаға байланысты қойылғанымен, бұл да жергілікті халықтың құлағына сіңісті болып кеткен тарихи атаулар.
Қазақ даласындағы барлық жер-су атауларының өз тарихы бар. Елімізге қатысты тарихта біздің өткен өміріміз бен болжамды болшағымыз бар. Сондықтан өлке тарихының маңызына терең бойлап, аудан айналасындағы жер-су атауларын бұдан кейін де газет бетіне жариялап отырамыз және бұның келешек ұрпақ үшін маңызы зор болады деп сенеміз. Жас жеткіншектердің отанға, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту – өз өлкесінің тарихын таныстырудан басталады.
Қуат АДИС